Қымбатшылық халықты қысып барады

Дәл қазір індет пен қуаңшылықтан титықтаған халықты қымбатшылық тіпті шаршатып тұр.
Күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларынан бастап, жанар-жағармай, құрылыс заттары, ет, ұн, шай, жұмыртқа, күнбағыс майы, жемшөп – бәрінің бағасы күн өткен сайын шарықтап барады. Бірақ нарықтағы еселеп өскен бағаға сай халықтың да жалақысы өсіп, зейнетақысы мен жәрдемақысына үстеме қосылып жатқан жоқ. Нәтижесінде халықтың тапқан-таянғаны ішіп-жемнен артылмайтын, ертеңгі күнге артық жоспары жоқ, күнделікті тамақ табуы мұңға айналуы қалыпты жағдайға айналып барады.
Мәселен, бір жылдың ішінде күнбағыс майының бағасы 80 пайызға дейін қымбаттаған. Ал жалақы ең болмаса 20 пайызға да өспегенін ескерсек, халықтың тапқаны тамағынан не үшін артылмай жатқанын түсінуге болады. Таратып айта кетсек, жыл басынан бері елімізде 93,3 мың тонна тазартылмаған, 76,9 мың тоннадан астам тазартылған күнбағыс майы өндірілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға көп. Алайда қанша жерден көп өндірсек те, күнбағыс майының бағасы өспеуін қамтамасыз ете алмадық. Жалғыз күнбағыс майы ғана емес, еттің бағасы да себепсіз шарықтап барады. Қазірдің өзінде сиыр еті, жылқы еті мен қой етінің бағасы орташа есеппен 13 пайызға қымбаттағанын алға тартқан ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы уақытта еттің бағасы 4000 теңгеге дейін өседі деп мәлімдеді. «Ет өнімдерінің бағасы 20 пайыздан 40 пайызға дейін көтеріледі. Мұның басты себебі – жанармайдың қымбаттауы, жемшөптің тапшылығы» дейді ауыл шаруашылығы саласының мамандары. Демек, алдағы қысты талай қазақ соғымсыз қарсы алатыны айтпасақ та түсінікті.
Халқымыз ең көп тұтынатын шай бағасы да шарықтап кеткен. Оның бағасы бір жылда 12 пайызға көтерілген. Сүт өнімдері өткен бір жылда орташа 11,3 пайызға өсті. Жалпы, барлық азық-түлік өнімдері бір жылда 10 пайызға қымбаттаған. Бірақ бұл ресми статистика. Шын мәнінде базардағы баға одан әлденеше есе жоғары. Көкөністер мен жеміс-жидектердің де бағасы өсіп, сәбіз бен картоптың бағасы бұрын-соңды болмаған көрсеткішке дейін жетті. Біздің билік пен қара халықтың арасының «алыстығы» соншалық – шынайы баға мен ресми статистика қабыспайды. Алда-жалда базарларда жергілікті атқарушы билік өкілдері тексеру жүргізе қалса, олардың ресми статистикасы сөрелерде пайда болып, тексеру біте қалса шарықтаған баға орнына келе қалатынына қарап қоғамдағы көзбояушылықтың шарықтау шегіне жеткенін сезесің. Осынша көзбояушылыққа жол берген шенеуніктеріміз өзі осы елде тұра ма деп таңғалмасқа амалың жоқ. Әйтпесе шенеунік тамақ ішпей ме, әйелі базарға бармай ма? Туған-туысы азық алмай ма, әлде «алдағанға бала жақсының кері ме?!» Әйтеуір, базар бағасы барған сайын шошытып тұр.
Құрылыс заттары да бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен өсуде. Мәселен, маусым айының басында цементтің орташа бағасы 1400-1500 теңге болса, қазір 2000-2500 теңгеден сатылып жатыр. Арматураның тоннасы да жыл басынан бері бірнеше есе артқан. Бұрын тоннасы 230 мың теңге болса, қазір 450 мың теңгеге дейін жетіпті.
Обалы не керек, маусым айының басында мәжілістің жалпы отырысында спикер Нұрлан Нығматулин азық-түлік бағасының шарықтауына байланысты шенеуніктерге шүйліккен болатын. Мәжіліс депутаты Данияр Әлімбаев премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдап, қымбаттап жатқан азық-түлік бағаларын тізбелеп шығып, қымбатшылықтың алдын алуға шақырды. «Жол картасы аясында өңірлік тұрақтандыру қорларына азық-түлік сатып алу үшін мемлекеттік сатып алу рәсімдерін оңайлату қарастырылған. Қазіргі уақытта жергілікті тұрақтандыру қорларында 20 мың тонна азық-түлік бар және қосымша 36 мың тоннаға форвардтық шарттар жасалды», – деді Әлихан Смайылов. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген несие ретінде сауда жүйелеріне бағаны ұстау үшін 33 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеді. Тіпті бұл қаражатты 50 млрд теңгеге дейін көтеру тапсырылды. Бірақ екі ай өтсе де, халық әлі үкіметтің ол шарапатын сезіне алар емес. Жер-жердегі қымбатшылық өршіп барады. Мәселен, Қарағандыда жылыту маусымы басталмай жатып көмір бағасы қымбаттаған.Сатушылар көмір бағасының өсуін жанар-жағармай құнының көтерілуімен байланыстырады. Сондықтан көмір бағасы күзге қарай тағы қымбаттауы бек мүмкін.
Яғни қымбатшылық жалынан ұстатар емес. Өткен аптада маңғыстаулық мұнайшылар қымбатшылық салдарынан тұрмыстық жағдайларының төмендегенін айтып, жалақыларын көтеруді сұрап мемлекет басшысына үндеу жолдады.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, болат арматура 45 пайызға, темірбетон конструкциялар 25 пайызға, қалған материалдар орта есеппен 15 пайызға қымбаттапты. Ал статистика комитетінің дерегінде 2020 жылы маусымда арматуранның тоннасы 202 407 теңге болса, биыл маусым айында 376 422 теңгеге жеткені айтылған. Сондай-ақ қою езілген бояудың тоннасы былтыр 697 182 теңге болса, биыл үстіне 300 мың теңге қосылған. Ал жайма болаттардың бағасы 284 886 теңгеден 558 449 теңгеге жеткен. Монополияға қарсы орган өкілдері құрылыс нарығындағы субъектілерге бағаны төмендету жайлы 63 хабарлама жібергенімен, 29 компания ғана тапсырманы орындапты. Демек, бағаны тұрақтандыруға тиіс құзырлы орыннан да, үкіметтен де қайыр жоқ сыңайлы.
Салыстырмалы түрде өз бетімізше есептесек, жыл басынан бері құрылыс заттары орташа есеппен 70-80 пайызға, ауыл шаруашылығы саласының негізі өнімдері – сұйық май, картоп, сәбіз шамамен 110-120 пайызға, коммуналдық төлемдер 50-60 пайызға қымбаттаған. Өкінішке қарай, елімізде көтерілген бағаның түсуі сирек құбылыс. Осы орайда, экономист Жанұзақ Әкім: «Тәуелсіздік алғалы 30 жылдан бері қымбатшылықтың негізгі себебін әлемдік саудада мұнай бағасының төмендеуімен, оның салдарынан теңгеміздің әлсіреуімен түсіндіруші едік. Мұнай бағасы жыл басынан бері үздіксіз көтеріліп келеді. Дәл бүгінгі күні «бөшке» мұнайымыз 74 доллардан асты. Шамамен 500 теңгеге барады деген бір АҚШ долларының өзі айтарлықтай арзандап, мамыр айының басында 431 теңге болса, дәл қазір 426,8 теңгені құрап отыр. Демек, бұл қымбатшылық үкіметтен қадағалаудың жоқтығынан, қолдан туындап отырған қымбатшылық», – дейді.
Әзірге қымбатшылыққа түсініктеме беріп, қадағалауға алып, бағаны ауыздықтау бағытында жасалып жатқан жұмыстар байқалмайды. Күнде бір тауардың бағасы аспандап шыға келеді. Қолдан туындатып отырған қымбатшылықтың соңы не болар екен...