Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:44, 12 Сәуір 2023

«Қыпшақ қыстағында бензін бар»

None
None

Газетіміздің бүгінгі нөміріне балалар шығармашылығы мен балалар жазушыларын қолдау мақсатында жазушы, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлының «Қыпшақ қыстағында бензін бар» атты шығармасын кішкентай оқырмандарымыз үшін жариялап отырмыз.

 Амудариясын жағалап өрге салып келеміз. Бұл Хорезм уалаятының мақта егетін елдімекендері. Жол бірде қырға сіңіп, құм төбелердің арасымен, бірде жазық ойпаңдармен созылып жатыр. Соққан желмен сусыған қызыл құм асфальт бетінен бір қабат торғын перде жасап, жылжып барады. Екпіндеген көлік дөңгелегі әлгі майда қабықтың үстінде қалқып келе жатқандай...

Машинаның жанармайы таусылуға жақын. Алдын ала естіген мәлімет бойынша, осы маңнан қол көтеріп жол тосқан балалар кездесуге тиіс. Бұл жақтағы техникалардың бәрі дерлік газбен жүреді. Жол бойы ондай газ құю бекеттеріндегі километрге созылған очередті жиі-жиі көріп келеміз. Бензин болса мүлде жоқ. Әлдебір жасырын жолмен, аткезшілікпен келген жанармайды тек қолдан ғана табасың. Төменгі жақтан естіген сөзімізге сеніп, баланың сұлбасы байқалмас па екен деп, жан-жағымызға қарап келеміз.

Дайындаған Бифат Елтаева 

Алдымыздағы тағы бір қырдан асып түскенімізде, қараңдаған екі сұлбаны көрдік. Олар да орындарынан тұрып, жол жиегіне жақындады. Қол көтеруін күтіп жатпай-ақ жүрісімізді баяулатып, алдыларына келіп тоқтадық.

Бізге көз қадап, көліктің мемлекеттік нөміріне қарап алған екі бала, алыстан келе жатқан жолаушы екенімізге сенгендей:

– Қыпшақ қыстағында бензин бар! – деді.

Аман-сәлеміміз осылай басталды. Өзіміздің де іздеп келе жатқанымыз осы еді. Енді аз болмағанда жол үстінде ыдыс көтеріп, қолымызды шошайтып қалар едік. Ары қарай өтіп, өзге балаларды іздеуге де, баға таңдауға да мүмкіндік жоқ.

Баланың біреуі жол жағасында қалды да, екіншісі бізді оң жақтағы қырдан асырып алып кетіп барады. Қасымыздағы сөйлемесе басы ауырып кететін ағамыз сұрақтың астына алды.

– Атың кім? Қай туғансың? Оқисың ба?.. – деген көп сұраулардан соң білгеніміз: Соңғы кезде жанармай тапшылығы өршіп, ақшасы бар байлар ғана жүре алатын болған. Арзан газды құйғызуға бір күн уақыт кетеді. Біз кездескен балалар қазақ екен. Қазір жаз кезі. Каникул болған соң, жол бағып, көлік аңдып, бензині біткен жолаушыларды ауылға апарып, қожайынға «сатады» екен. Бес-алты шақырым жүріп барып, «Қыпшақ» қыстағына кірдік. Ол бізді бір қақпаның алдына әкеліп тоқтатып, өзі ішке кіріп, үлкендеу сақа жігітті ілестіріп шықты. Қасымызға келген азамат көзімен шолып, көңілімен сүзіп, сәл кідірістен кейін көлігімізге өзі отырып ауылдың екінші жағына ала жөнелді.

Тұрқы өзгеше үйдің биік қақпасын аштырып, ішке кіргізді. Қақпаны жауып, ішінен іліп қойды. Сонсоң барып сұраған бензинімізге қол жетті. Бакты толтырып, қолда бар қуыс ыдыстарға құйған соң ол жерден шығып, әлгі алғашқы үйге келдік. Баланы көлікке отырғызып, артымызға қайттық. Қолына ақша ұстап көңілденіп қалған жас бала әңгімеге араласа бастады.

Жол бойында отырып тоқтатқан шоферлерді ілестірген бұлар анау алғашқы көкелеріне жеткізеді. Ол «тексеруші» міндетін өтейді. Өйтпесе осы өңірдің полицейлері кәдімгі жолаушылар секілді балаларды алдап келеді екен де, қара базардағы бензинді тәркілеп, күн көріп отырған ағайынды шығынға батырып кетеді. Егер келген кісілер күдікті болса, «Кім айтты бензин бар деп, ондай әңгіме жоқ!», – деп балаларды дуалды асыра қуып, келген машинаны ізімен қайтарады екен де, бәледен құтылады. Ал біз секілді мүсәпір, кіріптар жүргіншіні жазбай танитын «тексеруші» сұранысты өтеп береді. Балалар сатылған заттың литріне қарап ақша алады. Жүргізуші неғұрлым көп алса, соғұрлым жақсы. Сонымен келісім бойынша баланы алған орнымызға жеткіздік. Әке-шешелері қожайындарға жалданып мақта жияды. Ал өздері тәулік бойы жол тосады. Қолдарына іліне қалған бірді-екілі көлік болса, көңілдері кәдімгідей көтеріліп қалады. Жасырын бензин сатқаны үшін «контрабанда» деген жаман аты тағы бар. Содан қорқады. Босқа қарап отырса, халдері қиындайды. Бұл өңірде жеткілікті етіп салып қойған жанармай құю бекеті жоқ. Енді келіп халық өзі сатайын десе, құлғанадай қуып тексереді, қорқытады, үркітеді, тартып алады.

Амудария жағасындағы шағын ғана «Қыпшақ» ауылы артта қалып барады. Жол бойында өзбек акаларға жалданған қазақтың қара сирақ екі баласы ыстық күнде қызыл құмның жиегінде қаздиып тұр. Аңызақ желмен қап-қара болып, жүздері қабарып күйіп кеткен. Тотыққан жүздерінен балалықтың бақытты нышаны байқалып тұрған жоқ. Аяқтарына қытайдың арзанқол тәпішкелерін іле салған. Күстенген тірсектері қайыстай қатып қалыпты. Көзіне қарап едім, шоқтанып жанып тұр екен, қайсарлықтың, төзімділіктің ұшқыны шашырайды.

– Ағалар, сіздерге көп рақмет, бірнеше күнге жететін азық алатын болдық, – деді бізбен бір сағатқа жолдас болған бала қоштасарда. Машинамыз алыстап барады. Жол бойында қолдарын бұлғаған «Қыпшақ» қыстағының екі баласы қимас сезіммен қол бұлғайды.

Қарнымыздың ашып, ішегіміздің шұрылдағанын сезіп келеміз. «Жиырма шақырым жерде «Нұр-Ислам» деген асхана бар. Мұндағы бір ауқатты кісі Нұрсұлтан көке мен Ислам аканың құрметіне екеуін қосып солай деп атаған. Қарындарыңыз ашса, сол арадан тамақтана аласыздар. Онан ары Бұқараға беттейсіздер», – деген жаңағы бала. Алдымыздан қарауытқан үйдің сұлбасы көрінді. Шамасы, «Нұр-Исламға» жақындап қалдық...

Тегтер: