Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 30 Тамыз 2023

Қырғыз президенті ат мінгізген ақын Түркістан әкімінен алғыс хат сұрап алды

None
None

Өткен аптада қырғыз президенті Садыр Жапаровты мақтап, ат мінген Біржан Қалдыбаев жұрт талқысына түсті.

 «Бұл жерге жиендерің жаяу келді» деп қырғыздардан ат сұраған Қалдыбаевты біреу жақтаса, біреу даттап жатты. 

Дауға көрші ел басшысы Жапаровтың өзі араласып, ақынға ара түскендей болған. Кейін көпшілік тіпті «айтыс керек пе» деген сұраққа жауап іздеді.

Жапаровтан ат сұрап мінген Қалдыбаевқа жұрт сөзі көп әсер етпеген сияқты. Біржан мырза Түркістанға оралған соң облыс әкімі Дархан Сатыбалдыдан алғыс хат сұрап алыпты.

 25 тамызда әкімнің Қазығұрт ауданы тұрғындарымен кездесуі өтті. Осы жиналысқа барған Қалдыбаев Сатыбалдыны жер-көкке сыйғызбай мақтап, Жапаровқа арнаған кей шумағын өңін өзгертпестен қайта жырлаған екен. 

Ал Дархан Сатыбалды «ақын мен елшіге өлім жоқ» деп Қалдыбаевқа алғыс айтыпты. Ең қызығы, бұл сөзді алдымен Садыр Жапаров айтқан еді. Демек Түркістан әкімі қырғыз президентін қайталап отыр. 

Біржан Қалдыбаев Қазығұртта Дархан Сатыбалдыға не айтты? Ақынның өз сөзін еш өзгеріссіз беріп отырмыз:

«Ассалаумағалайкум, Дархан Амангелдіұлы! Өзіңіз білесіз, осы өңірдің мәдениет қайраткері, ақын Өмірсерік Қалдыбаевтың немересі, алдында келгеніңізде де алдыңыздан шығып, құшақ жая қарсы алған болатынбыз, мынау сіздің жоспарларыңызды естіп, қанық болып отырмыз.

Кеше ғана мынау Қырғыз елінде көкпардан үлкен Қырғыстан президентінің кубогы өткен. Сонда өзім болып, Қырғызстан президенті арнайы арғымақ, 100 мың доллар, өз резиденциясында жеке қабылдап мені, шай беріп, сол жерде Қазығұрт ауданының және мынау Түркістан облысын, өзіңізді, Қасым-Жомарт Кемелұлын мақтап, еліміздің бірлігін, ынтымағын жоғарылатсақ деген деңгейде… Осы Қазығұрт ауданының қоғам белсендісімін. Осындай елім үшін, жерім үшін деп, мынау...

Қасиетті Түркістаным, ұранымсың,

Мақтанып айтып жүрер жыр-әнімсің.

Осы өлкеде туғаныман қуанамын,

Сылдырап өзен мөлдір бұлағымсың.

Дархандай алып тұлға келді еліме, 

Хал сұрап Қазығұрттай туған жерге.

Тыңдайық жоспарларын ағамыздың, 

Шығарып Қазығұрттың төрлеріне.

Ассалаумағалайкум ақтан келдім,

Күн шығып, айы туған жақтан келдім.

Мен айтсам өлең-жырды әдеп-ғұрып,

Қазақтың жолын қуған жақтан келдім. 

Айналайын Дархан, алтын ағам,

Алтыннан да қымбат маған парқың, ағам.

Халқың үшін еңбек етіп аянбастан,

Сіз жүрсіз бар еңбекті сарқып ағам.

Дархандай ағамды облыстың әкімі деп естідік,

Мен сізге бір ән шығарып берейін,

Бір алғыс хат бересіз бе, келістік,

Мынау сізге ән шығарған менде арман жоқ,

Тыңдап тұрған, ағатай, сізде арман жоқ.

Арманымыз орындалсын десеңіз,

Бір алғыс хатта тұрған ештеңе жоқ, — деп білдей бір президенттен ат алып жатсақ, сізден алғыс хат алу бізге мәртебе. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!».

Біржан Қалдыбаевқа хабарласып, даулы арнаулары жайлы сұрағымыз келген. Бірақ әлеуметтік желідегі жеке парақшасына жазған хатымызды оқығанымен, жауап қайтарған жоқ. Елемей қоюды жөн санаған сияқты. 

Дегенмен жеке парақшасын қарап отырып, өзі сұраған алғыс хатты ақыры алғанын білдік. Бірақ «қатырма қағаз» облыс әлімі емес, аудан әкімі Азизхан Исмайловтың атынан келіпті. 

Тегтер: