Қырғызстан Қытайға су экспорттағысы келеді
Қырғызстан Қытайға, Еуропа және Азия елдеріне ауыз су экспорттауға дайын екенін мәлімдеді.
Бұл туралы 24.kg жазды.
Министрлер кабинетінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қырғызстан Министрлер Кабинетінің басшысы Ақылбек Жапаров Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына жұмыс сапары аясында Laoshan Mineral Water Co.,Ltd. компания басқармасының төрағасымен кездескен.
Шенеунік елдегі су ресурстарының іске асырылмаған әлеуетін атап өтіп, екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша көмек көрсетуге дайын екенін жеткізген.
«Біз мұздықтардың бастауында тұрмыз және экологиялық таза ауыз суды Қытайға, Еуропа мен Азия елдеріне экспорттауға дайынбыз. Лаошань сияқты компаниялардың тәжірибесі қажет», — деді Ақылбек Жапаров.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, су және сусын өндірумен айналысатын «Циндао Лаошан минералдық суы» ЖШС ауыз суды экспорттауға қызығушылық танытқан.