«Қытай қаражат береді» деп, қазаққа арқаны кеңге салуға болмайды
Көршілес Қытай елінің Қазақстан аумағына жалпы құны 24,5 миллиард долларды құрайтын 56 кәсіпорын салатыны туралы жайт 2019 жылдан бері қозғалып келеді.
Сол уақыттан бері бұл мәселе қызу талқыға түсіп, қаншама күмәнді пікірлер айтылғанымен, біздің билік аталмыш жобаға шаң жуытпайды. Енді алдағы екі-үш жылда осы жобаның нәтижесін де көре бастайтын сияқтымыз.
Сауда және индустрия министрлігінің ресми сайтында жарияланған мәліметтерге сүйенсек, алдағы уақытта Қытай Қазақстанға құятын инвестиция көлемін бірнеше есеге арттырып, 2023 жылы Бейжің капиталына салынатын 56 кәсіпорынның құрылысы аяқталатыны жөнінде айтылған. Бұл ретте сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев: «2005-20 жылдар кезеңінде қытай инвестицияларының жалпы көлемі 19,2 млрд доллардан асты. Сонымен қатар Қытайға тікелей инвестициялардың жылыстауы 667,2 млн долларды құрады. Индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық бағдарламасы аясында 24,5 млрд долларға 56 заманауи кәсіпорын салу жоспарлануда, бұл нысандардың басым бөлігі 2023 жылға қарай аяқталады деп күтілуде», – дейді.
Атқарушы билік өкілдері мәлімдегендей, Қытайдың Қазақстанға инвестиция құюға деген ниеті күшті. Осыған орай, алдағы уақытта да аспанасты елімен ынтымақтастығымыз нығайып, инвестициялық ырысымыз арта түспек.
«Бір белдеу – бір жол» бізді ұшпаққа шығара ма?!
Жалпы, Қытай тарапы әлемдік қауымдастықты нығайтады деп, «Бір белдеу – бір жол» атты Жібек жолын дамыту идеясын ұсынғалы бері Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық қарым-қатынас тереңге бойлап барады. Қазірде Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 25 пайызын Қытай компаниялары өндіріп жатыр. Негізінен, Қытай инвестициясы бұған дейін мұнай-газ секторына, металл өндіруге, логистика, энергетика салаларына құйылып келді. Ал 2016 жылдан бері Қытай компаниялары еліміздің ауыл шаруашылығы саласына да инвестиция құя бастады. Алдағы уақытта жоғарыда аталған 56 кәсіпорыннан бөлек, ауыл шаруашылығы саласында мал бордақылау, мал өсіру, агроөнім алуға қатысты Қытаймен бірлесіп 19 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Дегенменэкономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай Алдабергеновтің айтуынша, «Қытай қаржы береді» деп, есікті айқара ашып қоюдың өзіндік қауіпті тұстары да баршылық. Сондықтан болашақта Қытаймен бірлескен елдегі компанияларға мемлекеттік бақылауды күшейткен абзал.
– Қазақтың кең-байтақ жері – Қытай көзінің құрты. Елімізге енген қытай кәсіпкерлері Қазақстанның алып жерін игеру үшін бар күшін салады. Міне, осыдан қорқу керек. Қазақ жеріндегі байлықтың арқасында талайлар көк қағазды айналымға салып, байлыққа кенеліп жатыр. Сондықтан Қытай компанияларымен бірлескенде бақылау пакетінің басым бөлігі Қазақстан тарапында болуы керек, – дейді экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов.
Бақылауға Қытай көнсін бе!?
Маманның пайымынша, мысалы, мұнай өндіруге қатысты компания құрылса, оның 80 пайыз бақылау пакеті Қазақстандыкі, ал қалған 20 пайызы Қытайдыкі болса да жеткілікті. Осылайша бақылау пакетінің басым бөлігін өзімізге алу арқылы таразы басын ұстап тұруға болады. Бірақ сала мамандарының айтуынша, әттеген-айы сол – біз бақылаудың бабын келістіре алмай отырмыз. Мысалы, қайсыбір компанияларда Қытайдан келген мамандар біздің отандық мамандардан жоғары жалақы алады. Мәселен, қазақстандық маман 200-300 мың теңге еңбекақы алса, тура сондай жұмысты атқаратын қытайлық менеджер 500-700 мың теңге алатын жағдайлар жиі кездеседі. «Міне, осының барлығына мемлекеттік бақылау болу керек. Олай етпесек, күні ертең Қытай инвестициясы бізге үлкен қауіп төндіруі мүмкін», – дейді Жаңабай Алдабергенов.
«Сырттан келетін инвестиция бірінші кезекте өз мүддесін көздейді»
Жалпы, қазір Қазақстанда «Қаражанбас» – CITIC мұнай компаниясы, Каспий аумағындағы мұнай компаниясы, «Ирколь» мен «Қазатомпром», Мойнақ ТЭЦ пен Атасу – Алашанькоу, «Қазтрансойл» мен СNODC, «Газпровод» және Бейнеу – CNPC – «Ақтөбемұнайгаз», «Қазтрансгаз» және Trans-Asia тәрізді ірі компаниялар Қытаймен бірлесіп жұмыс істеп жатыр.
Негізінен, осы уақытқа дейін Қытай Қазақстанның экономикасын жандандыру үшін 42,8 млрд доллар инвестиция құйып, 50 млрд доллар несие берген. Қазақстанда Қытаймен біріккен 2700-ден астам ірілі-ұсақты компания жұмыс істейді. Сырттан келетін инвестицияның көмегіне жүгіну әлемдік тәжірибеде бар дүние десек те, бізге болашақта шетелдік инвестицияның көлеңкелі тұстары бар екенін ұмытпаған жөн.
Бұған қатысты көшпелі инвестицияға жүгінген Ресей экономикасын мысал еткен мамандар сырттан келетін инвестицияға иек арта берсек, өмір бойы біреудің соңынан жүретінімізді алға тартты. Экономист-сарапшы Дәурен Арынның айтуынша, Ресей экономикасын алсақ, былтыр Ресейден 151,5 млрд доллар сыртқа қашқан. Ресейде қалыптасқан экономикалық қиындықтан кейін шетелдік инвесторлар Ресейден қаржыларын әкете бастады. Сол сияқты ертең Қазақстан экономикасы дағдара бастаса, бізді шетелдіктер сақтап қала алмайды. Экономикамызды сақтап қалатын отандық өндіріс, отандық өнім екенін ұмытпағанымыз жөн.
– Сырттан келетін инвестиция бірінші кезекте өз мүддесін көксеп келеді. Олар алғашқы орынға өзінің бас пайдасын қояды. Сондықтан Қазақстан үшін болашақта шеттен келетін инвестицияға иек арта бергеннен гөрі өз байлығын өзі игерген ұтымды болмақ, – дейді сарапшы.
Тақырыпқа тұздық
«АҚШ-тың өзі Қытай инвестициясынан құтыла алмай отыр»
Қалай десек те, біздің үкімет осы уақытқа дейін ұлттық экономиканы көтеру үшін ірілі-ұсақты жобаларды атқарды. Осы орайда, «экономикамызға жаңа реңк береді» деп, жастарды шетелде де оқыттық. Бірақ Қазақстанның «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген жастары кеңселерден шықпай қалды. Дамыған елдердің іс-тәжірибесін меңгеріп, оны өзімізде пайдаланамыз деп те бірқатар реформалар енгіздік. Кей кезде ақылға сыймайтын реформаларды қазақы ортаға тықпалау жағы да басым екені ақиқат. Ал енді қазір Қытай инвестициясына қызығып отырмыз. Күні ертең сол Қытайдың экспансиясына жұтылып кетпеу үшін не істеуіміз қажет? Қытай инвестициясынан қорқу керек пе? Қайтеміз? Бұл сауалды осы саланы зерттеп жүрген экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябековке қойдық.
– Алдағы үш жылда Қытай Қазақстан аумағына жалпы құны 24,5 миллиард доллар болатын 56 кәсіпорын салмақ. Шындап келгенде, бізді Қытай инвестициясы қиындықтан құтқара ма?
– Кез келген қиындықтан әркім өзін-өзі құтқарып алып шығады. Сол сияқты қазіргідей дағдарыста Қытай инвестициясы болмаса басқа елден алған қарыз біздің экономиканы өркендетіп жібереді деуге болмайды. Бұл экономикаға уақытша дем беретін құбылыс. Ешкімге тәуелді болмау үшін отандық өндірісті дамытуымыз қажет. Сонда ғана арқаны кеңге салып отыра аламыз.
–Қытаймен экономикалық қарым-қатынаста Қазақстанға қандай ұстанымда болған жөн?
– Ұлт мүддесі басты назарда тұруы керек. Біздің үкімет бұл арада бірінші кезекте ақша табуды, қаражатты ойлайды. Ұлт мүддесіне, қоғамдық талқылауға құлақ асу деген бізде жоқ. Егер осы жайттар басты назарда болғанда, ешқашан ұтылмайтын едік. Ұлттық экономиканы дамытқымыз келсе, халықтың күмәнді пікірлеріне құлақ асу қажет. Шындап келгенде, алпауыт АҚШ-тың өзі Қытай инвестициясынан құтыла алмай отыр. Олар дендеп кіріп алады да, білгенін істейді. Осы жағын ұмытпағанымыз жөн.
– Қытай экспансиясы, Қытайдың «жұмсақ күші» дегенді қалай түсіндіресіз?
– Ең қауіптісі – осы. Ертең Қытай бізге өз идеологиясын тықпаласа, онда егемендігімізге үлкен қауіп төнеді. Сондықтан Қытаймен ынтымақтастық орнатарда он ойланып, мың толғанып барып іске кіріскен абзал. Бұлар өте пысық халық. Қазіргідей алмағайып заманда елдің тыныштығын ойласақ, біз үшін маңыздысы – отандық өнім шығаруға, ең соңғы дайын өнім өндіруге, тоқетерін айтқанда, өзімізді өзіміз асырауға бел шешіп кіріскеніміз жөн.