Қытайдағы әдеби цензура

Әлемдегі өзге халықтар сияқты біздің де өзімізге тән әдеби мұрамыз баршылық, оның тарихына көз жіберген ғалымдар еңбегін тізе берсек, «Едігеден бастасам ертегіге кетермін, Алпамыстан бастасам ала таудан асармын» дегеннің кебі болмақ.
Қазақ әдебиеті әр өңірде, тіпті әр мемлекетте қалыптасты, түледі, ұшты. Бірақ қайда қалыптасса да, ол әдебиеттің демі кіндік жұрттан айырылмады, тынысы да, жүрісі де бірге болды, әрқашан бір бүйрегі кіндік жұрттағы әдебиетке бұрылып тұрды, тарих па, тағдыр ма, сол әр өңірде қалыптасқан әдебиетке түскен жүк пен қысым да бір-бірінен алшақ болмапты.
Бүгін біздің қозғағалы отырғанымыз Қытайдағы қазақ әдебиетіндегі қысым мен цензура туралы болмақ. Бұл арада сол цензураның өзін тарихи кезеңдерге бөліп жеке-жеке тоқталуға болар еді, бірақ біздің қарастырғалы отырғанымыз бүгінгі әдебиеттегі цензура туралы болмақ. Мекендеген жері жеті атасынан бері өзінікі болғанмен, тізгін шылбыры өзінде болмаған қазақтардың әдебиеті де өзінікі болғанымен, еркіндігі болмады, үнемі бақылаудағы идеологиялық шеңбер ішінде өмір сүрді, әлі өмір сүріп келеді, ұзын арқан, кең тұсау салып, өлместің күнін көрсетіп отырған жайы бар. Ол цензура тек жазғаныңды бақылау емес, шеттен келетін шетел әдебиетінің өзін сүзгіден өткізіп, шеңберге сыймайтынын іргеге қалдырып отырды. Қытай үшін Қазақстан шетел екенін ескерсек, біздің де көптеген авторларымыз ол жақтағы қазақ оқырмандарына жете алмай қағылып қалғаны белгілі, тіпті ішкі Қытайдағы қытай жазушыларының жазғаны кейбір аз ұлттар мекендеген өңірге жете берісте қалып қоятын, оның ішінде аты әлемге әйгілі, Нобель әдебиет сыйлығының иегері Мо Янның «Бақа» атты шығармасын айтуға болады, енді бірі Еуропадағы ең үлкен сыйлықтың бір саналатын Джойс сыйлығын алған (2002 жылы) Юи Хуаның «Шүй Сангуанның қан сатуы» атты романының дайын тұрған қазақша аудармасы жергілікті цензура кесірінен жарық көрмей, электронды нұсқасы бергі бетке өтіп, талайының таласа оқығанына куә болдық. Өзге әдебиетпен араласа отырып дамитын әдебиет үшін жоғарыда айтылған цензураның қаншалықты кері әсер еткені белгілі, бұл арада қысым тұсауы қазақ тіліне аударылатын шығармаларға салынып отырғанына қарап бір елде, бір заңның басқаруында отырып, екі түрлі кеңістікте өмір сүрген әдебиетті көреміз. Ішкі Қытай жағында қытай тілінде жазылған, аударылған шығармаларға цензура қатаң емес, кейде жоқ деуге болады. Қытай тарихында өздерінің айтуы бойынша, партияның уақытша басшылығының ең үлкен қателігі саналатын «мәдениет төңкерісі» атты онжылдық қанды-қасап уақыт бар, ол кезде адамды да, мәдениетті де тұншықтырып, көбін келмеске жіберді, қытайлық жазушылардың қозғайтын бір тақырыбы осы, себебі сол зобалаңның таяғын қатты жегендер кейін өнердің әр саласына барды, әдебиетке келгендері айрықша көп еді. Сонымен, бұл тақырыпта романдар мен әңгімелер жазыла бастады, қазақ ұлтының жазушылары да ол тақырыпты жазды, бірақ қорқыныш пен қысым астында ащы шындықты көрсетіп айта алмады, ол әңгімелер кітап бетіне түссе, әрине, тамырымен жұлынады, барлығы цензура сызығынан асырып жаза алмады. Бір жағынан, үлкен үрей де бар еді, өйткені сол он жылда бір шумақ өлеңі үшін ақылсыздар мен ұраншылдар кесірінен 20 жылдық сүргінге айдалған авторлар болды. Қытай ұлтының жазушылары осы тақырыпты жазды, олардың жазуы қазақ қаламгерлеріне қарағанда еркіндеу. Ал екібастан ақиқат цензура – ол сенің жазған-сызғаныңды бақылап, шығармаңды балғамен ұрып, орақпен орып отыру. Тіпті кейде бұл құралдар автордың басына да тиіп кетіп жатады.
Ол цензурадан аман қалу үшін, бірінші, жазған шығармаң коммунистік партияның «жақсылығының» арқасында бейбіт күн көріп жатқан адам өмірі немесе партияның саясатына қайшы келмейтін тағдырлар мен тарихты жазу.
Екінші, өз ұлтыңды қытай ұлтынан алшақтатпай, тарихын жақындатып, жау санамай, дос көрсетіп шығарма жазу. Үшінші, көсемді күнге теңеп, күннің бетін бұлтқа бүркетпей, көзді жұмып алып жаз беру. Кейде цензураға байқалмай, аман-есен жарыққа шыққан шығармалар да болды, ол шығармалар үкімет тарапының ұстанымына қатты «қатер» төндірмесе де, цензураның міндетті келесі «қатерлі» шығармалардың алдын алып, ол басып шығатын баспалдақтарды қирату, сол себепті таралып кеткен шығарма авторларына идеологиялық шығарма жазуды міндеттеу, жазғанын жинап алу, түрмеге қамау секілді жазалар қолданылады. Ең сорақы цензура қатарында руға, жерге бөлініп, бірінің шығармасынан бірі саяси қателер теріп, баспаға жібермей, жолын кесу бар, осындай да ызадан күлетін жағдайлар кездеседі.
Тағы бір көзге көрінбейтін цензура бар, ол – әдебиеттегі жаңалыққа қарсы топтардың бар екені, оларға өкпе де, кінә да арта алмаймыз, себебі ондай көзқарассыз, талассыз әдебиет жасалмайтыны шындық. Десе де, ол жақта жарық көрген әдеби шығарманың барлығы жалаң ұран мен жағымсыз шығарма деуден аулақпыз, сол бір қиын-қыстаулар арасынан жол тауып, құйрық-жалы күзелсе де, көркемдігі мен мазмұнынан айырылмаған шығармалар да бар. Кейде көркем әдебиеттің бойлаған тереңдігіне саяси цензура бойлай алмайтыны белгілі. Қанша қысым болғанымен, ол жақта кейбір авторлар қазақ әдебиетінің бір парасын, жаңа парақтарын қалыптастыруда, оның басты себебі – қытай тілін еркін білуі, қазақ тіліне аударуға болмайтын шетелдік болсын, қытай тіліндегі шығармаларды болсын қытай тілінде оқып, түсінуінде. Екінші жағынан, Қазақстан ол жақтағы қазақ әдебиеті үшін үлкен терезе болды, осы жақта басылған көркем әдеби шығарма, ғылыми-танымдық мақала – барлығы да арғы бетке заңсыз, бірақ еркін, әртүрлі жолмен өтіп тұрды. Интернеттен электронды нұсқасын жасап алып өткені, ақ қағазға көшірмесін жасап алып өткені бар, әдеби ықпалдастық тоқтаған емес. Сол арқылы ол жақтағы көзіқарақты оқырман Қазақстандағы әдебиетпен де, осындағы шетел әдебиетімен де жете таныс болды әрі өзінде жоғын толықтырып жатты.
Айтпағымыз, ол жақтағы қазақ әдебиетінің күйі еді, енді бір жиырма жылдан кейін қазақ әдебиеті емес, қазақ тілін білетін адам қалмайтындай мекенде әдебиет үшін еңбек етіп жатқан туысқандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Осы күнгі цензураға күзелген шетелдегі қазақ әдебиетіне зар болармыз.