Қытайды «мақтамен бауыздаған» кімдер?
Көктемнің алғашқы айы қытайлықтардың отаншылдық рухы тасқындаған ай болып тарих бетіне енді.
Наурыздың 18-інде өткен Аляска кездесуінде Қытай сыртқы істер ведомство басшысы Америка өкілдерінің алдында дипломатиялық этикадан аттап, тоқтамай 17 минут сөйледі. Оның бұл әрекеті ел ішінде Қытайдың құдіреттенгенінің көрінісі ретінде бағаланды. «Демократия АҚШ-тың өлшемімен таразыланбайды», «Қытайлықтар ендігәрі сенің малтаңды малданбайды» деген мағынада айтқан сөздерін патриот жастар киіміне оюлап жапсырып алды. Ел сыртында АҚШ пен Еуроодақтың санкциясымен, қатқыл жауабымен аяқталды.
Бас кеңсесі Женевада орналасқан Швецияның «Сап мақтаны дамыту халықаралық ұйымы» (BCI) 2020 жылы 21 қазан күні Трамп билігінің кісілік құқыққа қолсұғушылық пен мәжбүрлі еңбек фактісі анықталғанын алға тартып, СУАР мақтасынан өндірілген өнімдерді Америка нарығына енгізуге тыйым салуына байланысты СУАР мақтасына сертификат беруден бас тартатынын жариялайды. Ол ұйыммен серіктес көптеген әлемдік брендтер Швейцарияның H&M-ы, Американың Nike-ы, Германияның Adidas-ы, Жапонияның Uniqlo-сы бұл шешімге қосылатынын жеткізеді. СУАР шенеуніктері мен ұйымдарына салынған жаңа санкцияға байланысты жоғарыдағы ұйым (BCI) биылғы 21 наурыз күні былтырғы шешімін тағы да қайталайды.
Англия, Пәкістан, Индия мен Қытайда өкілдіктері орналасқан, құрамына әлемнің 400-ге тарта мақта өндіру, өңдеу, сату саласындағы заңдық тұлғалары кіретін ұйымның шешімі Қытай тарапын қатты әбігерге салғаны айтпаса да түсінікті. Қытай мақта көлемінің 85 пайызын, дүниежүзі мақта көлемінің бестен бірін ұстайтын СУАР мақтасының әлем нарығынан ығыстырылуы Қытай билігі мен бұқарасының шамына тиді. Бұлар «асымызды ішіп, аяғымызға түкірді» деп жұлқынды. Әлемдік брендтерді өртеген, кескілеген видеоларын желіге салып, жаппай наразылықты бастады. Олардың қатарына жұлдыздар да қосылып, атақты компаниялармен жасасқан келісімшарттарын күшінен қалдырды. Көздерінің тұманданғаны соншалық – қымбатқа бағалап сатып алған Lining қатарлы өз брендтерінің артында шетелдіктер тұрғанын білген соң, «сатқын» деп сыбады. Қолына 200 жылдың алдындағы қолмен мақта теріп жүрген америкалық негр мен техникаға отырып мақта орып жүрген қытайлықтың фотосын салыстырып, СУАР-да мәжбүрлі еңбек жоқ екенін дәлелдеуге тырысқан СІМ баспасөз хатшысы Хуа Чуньинге де соқтықты. Оның теннис ойнап түскен суреті желіде талқыға түсіп, басынан аяғына дейін шетел маркасын кигенін айыптап, «Сенген өгізім сен болсаң...» дегенге дейін барды.
Көп өтпей мемлекеттік ақпарат құралдары жініккен жұртты сабырға шақырып, көзсіз әрекеттерін тоқтатуға үндеді. Оның себебін отаншылдардың арасына жат ниетті адамдардың кіріп алғанымен түсіндірді. Қытайдың мақта қауымдастығы шетелдік әріптестерін дақпыртқа сенбей, СУАР-ға келіп, жағдайды өз көздерімен көріп қайтуға шақырды. Іс жүзінде оның экономикалық мүддеден туындағаны белгілі. Қытайдың тоқымашылық өнеркәсібі елдің жұмыс күші тығыз шоғырланған, екінші экспорт саласы екенін ескерсек, мақта дауының ел экономикасына әкелетін зардабының ауыр болатынын болжай беруге болады.
Жалпы, Қытайдың халықаралық позициясының өзгеруін сарапшылар мәдени жақта 2008 жылғы олимпиада ойындарын сәтті ұйымдастыруымен, экономикалық жақта 2010 жылы ішкі жалпы өнім көлемі 5,75 триллион АҚШ долларына жетіп, Жапонияны (5,39 триллион) басып озуымен байланыстырады. Бұл жетістіктер қытайлықтардың мерейін асырған. 2019 жылы Kанада үкіметінің «Хуавей» компаниясы басшысының қызын тұтқындауына жауап ретінде «ел аумағында заңсыз жұмыс істеді» деген желеумен Kанаданың екі азаматын саяси барымтаға алғаны белгілі. Қатал деген Путиннің өзі тілші сұрағына жауап бергенде, Қытайдың бұл қадамын құптамайтынын айтқан еді. Демократияшыл сарапшылар Қытай сыртқы саясатының ескі жолдан ауытқып, қасқырлық сипат алуын 2017 жылы Қытайдың іші-сыртында ерекше қарсы алуға ие болған «Соғыс арланы 2» киносының ықпалымен түйістіреді. Отаншылдықты дәріптейтін аталмыш кинода запастағы Қытай солдатының саяси төңкеріс орын алған Африка еліндегі қандастарын құтқару әрекеті баяндалады.
Мақта дауы аз болғандай, күні кеше ғана батыстың 180-ге жуық адам құқын қорғайтын ұйымдары әлем елдерін 2022 жылы Қытайда өтетін қысқы олимпиада ойындарына бойкот жариялауға үндеуде. BCI ұйымы сияқты екі оттың ортасында қалған Халықаралық олимпиада комитеті спортты саясиландырмауға шақыруда. Канада мен Еуропа елдері бұл мәселені қарап жатқанын айтса, Байден билігі де одақтастарымен ақылдасып шешетін емеурін білдіруде.