«Қыз шашын жинаса, еркек есін жияды»

Сәуір айының басында Алматы қалалық студенттер арасында «Бұрымды қыз» байқауы өткен болатын.
Байқауға әр университеттен шашы белден түсетін бірінен-бірі өткен бойжеткендер қатысты. Осындай үлкен шараны Раиса (Рабиға) Үмбетбаева жалғыз өзі ұйымдастырды десек, бірі сенсе бірі сенбес. Жалғыз жүріп, байқауды қалай өткізгені жөнінде ұлт жанашыры, зейнеткер Рабиға апамызбен байқау жайында сыр шерттік.
— Рабиға апа, негізі елімізде ару қыздарға арналған байқаулар өте көп. Бірақ ол байқаулардың барлығында қыздардың бұрымы маңызды рөл атқармайтын. Ал сіздің ұйымдастырған «Бұрымды қыз» байқауы ерекше өткен екен. Яғни сайысқа тек ұзын бұрымды қыздар ғана түскен. Бұлай өткізуіңіздің себебі неде еді?
— Бұл байқауды өткізудегі басты мақсатым – өткен дәуірдің аманаты болған қолаң шаш үлгісін бүгінге дейін жалғап, ұрпаққа мұра етіп қалдырған асыл аналарымыздың қадір-қасиетін өзгелерге үлгі етіп, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау еді. Сондай-ақ жыл «Қаңтар қырғынымен» басталып, қымбатшылық қысып, көбі қайыршы болып, тентіреп кетті. Жұрттың ауырған жанын ауырта бермей, көңілдерін аулау мақсатында осы байқауды ұйымдастырамын деп шештім. Тағы бір себебі, қыздарды байқауға қатыстырып, ақша беріп қуанту ғана мақсатым емес. Осы байқау арқылы басқа қыздарға үлгі көрсету. Яғни шашын жайып жүрген қыздар шашын жинаса. Қазір көшеде шашын жалбыратып, жайып жүрген қыздар өте көп. Асханаға барсаң да шашын жайып отырған қыздарды көреміз, автобустан түссек, үстіміздің бәрі шаш-шаш болып түсеміз. Осыған мешітте «жаулықсыз кіруге болмайды» деген белгілер секілді «шаш жаюға болмайды» деп тыйым белгісін асханалар мен оқу орындарында қойса, жаймендеп қыздарымыз шаш жаюдан тыйылар еді. Тек жоғарыдағы заңға қадалып қалмай, халықтың арасында тыйымды өзімізден бастасақ. Бұл менің бірінші арманым. Өйткені қыз шашын жинаса, еркек есін жияды. Шашы жиналған қыз жинақы, сымбатты көрінеді. Оған ешкім тиіспейді. Ал шашы жайылған қызды кім болса сол пайдаланып кеткісі келіп тұрады. Киім киісі, шашы жинақы қызға ешкімнің батылы жетіп, тиісе бермейді. Керісінше, бағасы өседі. Тағы бір айтарым, қыз-келіншектен бастап кемпірлерге дейін шалбар киетін болды. Осылайша, әйел «Әйел» болмай қалды. Қазір оразаның уақыты ғой, ауыз ашар уақытында кафелерге барсақ, ине шаншар орын болмайды. Бірақ өңкей шашын жайған, шалбар киген қыз-келіншектер отырады. Шаш жайғаны былай тұрсын, бастарында орамалдары жоқ. Ораза ұстап, ниет еткен соң, ауыз ашарда орамал тағу керек қой. Орамал тақпаса, несіне ораза ұстайды. Әлде жай көзбояушылық па, түсінбедім. Бұған тек қыздарды кінәлай беруіміздің де қажеті жоқ. Оған жігіті де ақыл айтып, жанында шалбар киіп жүргенінің оғаш екенін айтса, қыз да жөнге келеді. Жігіт те кездесуге тізесі шыққан трико киіп барса, қыз да оған айтып, ескертуі тиіс. Осылайша, қыз жігітке, жігіт қызға ой салса, бәрі дұрысталады. Бір-бірінің алдында бағалары өседі. Сөйтіп, өзіміздің қалыптасқан имиджімізге келер едік. Жалпы айтқанда, осы мәселені көптен бері ойланып, көп қызға үлгі болсын деп байқауды қалайда өткіземін деп шештім.
— Жалғыз өзіңізге байқауды ұйымдастыру қиын болмады ма? Қандайда бір кедергілер болған шығар.
— Ең бірінші байқауды өткізетін залды іздедім. Сөйтіп, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің проректорына қыздарға таным-тағылымы бар, үлгі ретінде «Бұрымды қыз» байқауын өткізгім келеді деп акт залын сұрап алдым. Байқауға «Ақ-Ана» рухани-сауықтыру орталығынң басшысы Зайникамал Байжанова бас демеуші болды. Зайникамал Байжановаға «әйел адамсың, қыз жанын түсінесің ғой» деп едім. Ол кісі келісімін берді. Демеуші тапқаныма риза болып, ерекше бір қанат бітіп, шабыттанып кеттім. Осындай қуаныштың арқасында сонау авиациалық академиядан бастап, барлық жоғары оқу орнының барлығын автобуспен, таксимен аралап жүріп, хабарландыру таратып шықтым. Жай ғана таратып қоймай, жауапты адамдарға нықтап тапсырып, байланыс нөмірлері мен қолын қойдырып алдым. Ол уақыт ақпанның қар аралас жаңбыр кезі болатын. Бұл қиындықтар ештеңе емес, басты қиындық жоғары оқу орындарына кіру еді. «Мен байқау ұйымдастырып жатырмын» десем, қандай мекеме? Белгілі бір мекемеден болмасаңыз, кірмейсіз» деп кіргізбей қойған сәттер де болған. Түрім бомба тастайтын адамдарға ұқсамайды. Жасым келген адам екенім көрініп тұр. Неге сонша күдіктенеді? деп те ашуландым. Сонда да ештеңеге қарамай, жауапты мамандарға жолықтым.КИМЭП оқу орнына барсам, «біз Қазақстанның мұндай шараларына қатыспаймыз» деп бас тартты. Сонда «сендер шетелдің емес, Қазақстанның дипломын аласыңдар. Қалай қатыспайсыңдар?» деп батырыңқырап айтып кеттім. Бұның барлығы әрине, артта қалды. Бірақ ең қиын болғаны, байқауға 3 күн қалғанда 2 ай бұрын сұрап алған залды «бере алмаймыз, Наурыз мерекесін өткіземіз. Жиынға Алатау ауданының әкімі қатысады. Байқауды кейінге қалдырыңыз» деді. Онда да алған бетімнен қайтпай, «Жеке туған күнімді өткізгелі жатқаным жоқ» деп әрең алып қалдым. Бір ренжігенім, ҚызПУ-дан ректор не проректор келіп, «Қазақтың бұрымды қыздарының үлкен байқауы өткелі жатыр. Әкім де келіп көрсін» демеуі шымбайыма батты. Әкім жай тамақ ішті де кетті. Мына жақта дүрілдеп музыка ойнап жатыр, бұрымды қыздар кіріп, шығып жатыр. Әкімнің де қызығушылық танытып, «қандай шара өтіп жатыр?» деп сұрамағаны ма, тек сценарий бойынша келіп, тамағын ішіп, сән-салтанатымен кеткені не қызық. Оның бізден несі артық?
— Сонымен байқау ойдағыдай өтті ме?
— Әрине, тіпті ойлағанымнан артық өтті. Бастапқыда қыздар байқауға қатысуға өтініштерін жібере бастады. Байқау үш кезең бойынша өткізілді. Бірінші кезең «Қыздың сәні – қос бұрым» онлайн іріктеу кезеңі. Шарт бойынша өрілген бұрымның ұзындығы белден төмен болуы міндетті. Және өзі туралы слайд пен фотосуретте шаш ұзындығы толық түсірілуі міндетті болды. Ал екінші кезең оффлайн түрде болды. Онда «Мен қазақтың қызымын салтын сүйген» сұрақ-жауап кезеңі бойынша халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары жайлы берілген арнайы тақырыптар бойынша 2-3 минуттық толғау айтады. Сондай-ақ мақал-мәтелдерді білуі ескерілді. Үшінші кезең ақтық мәреде жүлдегелерді әділқазылар алқасы анықтайды. Іріктеу кезеңі 10 ақпан мен 25 наурыз аралығында өтті. Сөйтіп, 35 қыз таңдалып, сайыс кезінде зал 55 адамға лық толды. Осындай көп адамға үлкен қуаныш сыйлағаныма ризамын. Байқауға Талдықорғаннан Қазақстандағы шашы ең ұзын, жасы тоқсанға келген Нұршауан Түстікбаева деген апаны алдырттым. Ол кісі қыздарға шаштың киелі, тазалықтың, денсаулықтың құралы екенін, және оны қалай күту керек екендігі жөнінде ақыл-кеңесін айтты. Кеш барысында «Ақ-ана» рухани-сауықтыру орталығының басшысы Зейникамал Байжанова Нұршауан апаға қажылыққа баратын жолдаманы сыйға тартты. Сондай-ақ ақтық сында орын алған, алмаған қыздардың барлығына ақшалай сый жасады. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені (жүз елу мың теңге) шашының ұзындығы 117 см болатын С.Ж.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінің студенті Диләра Есләмбек иеленді. Бірінші орын екі аруға (жетпіс бес мың теңгеден) – бұрымы 114 см болатын әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің студенті Лаура Сандыбаева мен 113 см ұзындықтағы бұрымды қыз Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Малика Молдажановаға бұйырды. Ал қалған екінші, үшінші орын алған қыздарға елу мың, он мың теңгеден ақшалай сыйлық табысталды. Осылайша, қыздардың мерейін көтеріп, мәз болып қалған жайымыз бар. Сол қыздармен қазір туысқандай етене жақын араласып кеттім. Әрқайсысы «Апа, жақындарымыздың алдында абыройымызды көтердіңіз» деп алғыстарын айтып, хабарласып тұрады.
— Жастарға айтар ақылыңыз бар ма?
— Қазақы тәрбие, ұлттық салт-дәстүрімізді, ырым-тыйымызды жастар дұрыс пайдалана білсе деймін. Кезінде үлкен кісілер «Қызым, аяғыңды жинап отыр, талтайып отырма» деп тыйып отыратын. Қазір қыздардың барлығы шалбарды киіп алады да, талтаңдап жүре береді. Ал көйлек жинақылықтың белгісі. Шаш тараудың өзінде де мән бар. «Шашыңды жерге тастама, құс ұясын салады» деп әжелеріміз айтып отыратын. Сонда түскен шашымызды орап-орап, жинап, өртеп көміп жіберетінбіз. Тағы бір айтарым, қазір тырнаққа жағатын лактың керегі жоғын бәрі білсе деймін. Өйткені адамның жаны тырнақтың ұшында тұрады екен. Осыған қатысты «жаным тырнағымның ұшында тұр» деген сөз бекер айтылмаған. Адам наркозға түсіп, ота жасалғанда, адамның тырнағына қарап, бақылайтын көрінеді. Яғни ес-түссіз жатқан адамның өлі-тірі екенін тырнағынан айырады. Құдай сақтасын, алдымызда қандай жағдай күтіп тұрғанын кім білсін. Сол үшін қыз-келіншектерге «тырнағыңды өшір» деп айтып жүремін. Сосын қонақ шақырсам, тек ақ дастархан жаямын. Қызыл дастарханға бата бергенше, ақ дастарханға бата берілгені дұрыс емес пе? Бұның бәрі өмірден түйгендерім. Осыны жастар ескеріп жүрсе екен деймін.
— Алдағы уақытта «Бұрымды қыз» секілді ұлтымызды дәріптейтін байқаулар ұйымдастыру ойыңызда бар ма?
— Ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізге қатысты жоспарларым өте көп. Жуырда Алматы қаласы бойынша әжелер арасында «Бесік жыры» байқауын өткізуге қатысты жұмыстарымды бастап та кеттім. Оны алдағы уақытта толығырақ талқылайтын боламыз.
— Мағыналы, мәнді сұхбатыңыз үшін рақмет!