Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:19, 30 Сәуір 2021

Қызметіне сәйкес емес әкім қалай ел басқарады?

None
None

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес биыл ауыл әкімдерін сайлау өтеді.

Әкімді тікелей халық сайлайтын тәжірбие алғаш рет қолданысқа енгізілгелі жатыр. Бәлкім, осыдан кейін билікке елдің қамын ойлайтын нағыз жанашыр азаматтар келетін шығар. Қалай десек те бір өзгерістің болары айдан анық. Ең бастысы, әкімдіктер кездейсоқ келген кадрлардан тазарады деген үміт басым. Ал әзірге…

Осы аптада Түркістан облыстық Әдеп кеңесінде жұмысында заңсыздыққа барған ауыл әкімдерінің, басқа да мемлекеттік қызметкерлердің тәртіптік істері қаралды. Соның ішінде Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылдық округінің әкімі Бауыржан Жорабековтың ісі көпшілікті қайран қалдырды.

     Ауыл әкімі бұл қызметке 2018 жылы келген. Оған дейін Кентау қаласы әкімі аппаратында қызмет еткен. Бөлім басшысы, қала әкімінің кеңесшісі қызметтерін атқарған. Бір сөзбен айтқанда мемлекеттік қызмет саласында әжептәуір тәжірибесі бар. Бірақ тірлігіне қарасаңыз, оның көпті көрген кадр екендігіне сену қиын.

Мәселенің мән-жайына қарағанда, аталған ауылдық округтің бас маманы С.Атаханова Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаментіне арызданған. Хантағы ауылы әкімі аппаратында жоспардан тыс тексеру жүргізіледі. Жорабековтың жөнсіз тірліктері осыдан кейін әшкере болған. Ауыл әкімінің бақандай 10 өкімі заңсыз шығарылғандықтан күші жойылған.

Мәселен, Б.Жорабековтің өкімімен ауыл әкімі аппаратында еңбек өтілін анықтайтын комиссия құрылады. Комиссияның биыл қаңтардағы хаттамасымен аппаратта ауыл әкімінің өзінен бастап  6 қызметкердің мемлекеттік қызметтегі өтілі бекітілген. Алайда тексеру барысында қызметкерлердің шынайы еңбек өтілдері көрсетілген мерзімдерге толмайтындығы анықталған.

Әкімнің тағы бір өкімімен биыл ақпанда Хантағы ауылы әкімі аппаратының штаттық құрлымына өзгерістер енгізіледі. Оның ішінде бас      маман – есепші лауазымы бас маман болып қайта өзгертіліп, оған жер маманының лауазымдық міндеттері бекітілген. Әкім осыдан кейін өзгерістерге сәйкес бас маман болып істейтін арызданушы С.Атахановаға  жер жөніндегі міндеттердің жүктелетінін хабарлаған. Сонда әкім мұны арызданушыға әдейі ерегісіп істеп отыр ма, түсініксіз. Арыз иесінің жұмыс барысындағы іс–әрекеттеріне қатысты 2020 жылы 6 акт, 2021 жылы 8 акт түзілгені де біраз жайтты аңғартады. Әкім «қоныштан басуға» келгенде өкілеттігінің шегінен шығып кеткен сияқты. Себебі  ауыл округі әкімі аппаратының құрылымын бекіту аудан, қала  әкімдіктерінің құзырына жатады.

Әкім қарамағында қызметкерлеріне топырлатып тәртіптік жазалар берген. Бірақ кейін өз өкімімен тәртіптік жазаларды мерзімінен бұрын алып тастайды. Тіпті әкім ол үшін тиісті орындардың келісімін алуды ұмыт қалдырған (әлде осындай тәртіптің барын білмеген).  Есесіне Жорабеков тәртіптік жазасы әлі алынбаған қызметкерлерге сыйақы бергізген. Өзі жазалайды, өзі кешіреді, ұнаса сыйақы береді, ұнамаса қызметін ауыстыра салады…   

-Жалпы, тексеру барысында ауыл әкімнің 10 өкімінің күші жойылып, арызданушының құқығы қалпына келтірілді. Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен Хантағы ауылының әкіміне «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі жаза қолдану ұсынылды, -деп хабарлады осы жөнінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті.

Қызметіне толық сәйкес емес әкім қалай ел басқарады?

Кеңес барысында сондай-ақ, тәртіптік жазаның шешімдерін дайындау мен қабылдау кезінде заңды тұлғаға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсеткені үшін Созақ ауданының Жартытөбе ауылдық округінің әкімі де «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту», мердігерге қаражатты заңсыз аудартқызған Жетісай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы «қатаң сөгіс», азаматтармен қарым-қатынаста іскерлік әдепті және ресми мінез-құлық қағидаларын сақтамағаны үшін Мақтаарал ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы «қатаң сөгіс» жазаларына ұсынылды.

Тегтер: