Қызметтестер хикаясы

Театр дегенде сіздің көз алдыңызға не келеді? Өз қалаңыздағы театр ғимаратын елестетерсіз.
Мүмкін өзіңізге керемет әсер сыйлаған қойылымның бір үзігі көз алдыңызға келер. Ал мен бүкіл театрға ортақ эмблеманы елестетемін. Екі адамның бейнесі, екі түрлі маска. Бірі – қамыққан, қайғы жұтқан, теперіш көрген, зардап шеккен, дүниеден түңілген кейіп. Екіншісі – мәз болған, қуанған, мейманасы тасыған бейне.
Маған кейде біздің қоғамдағы адамдар осы екі бейнеде елестейді. Бірі –тіршілікке мәз, екіншісі – қажыған. Кімнің қандай маска тағып жүргеніне әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының, атқаратын қызметінің де әсері бар, әрине. Бірақ толық емес. Көбінше оның ой-санасына байланысты. Атам қазақ айтпақшы, «қарнының ашқанына емес, қадірінің қашқанына жылайтындар» да бар. Билік басындағылардың, дәулеттілердің ортасында да қамыққан бейнедегі адамдар жоқ емес. Сол секілді, сығарға биті жоқтардың арасында да күлегеш бейнедегі кісілер, тоғышарлар баршылық.
Жалпы, әр мемлекет жеке-жеке амфитеатр. Кәдімгі ашық аспан астындағы театр. Олардың әрқайсысының өзінің режиссері мен актерлері болады. Ол театрларда түрлі-түрлі спектакльдер қойылып жатады. Драма, трагедия, комедия жанрларында. Сол секілді әр мекеме де кішігірім бір-бір театр.
Міне, мынау жергілікті тұрғындармен тікелей жұмыс істейтін әйдік мекемелердің бірі. Бір қызығы мұнда істейтіндердің бәрі аттарына сай. Адам баласының азан шақырып қойған атына байланысты болмысы қалыптасады ма, әлде, туа бітті қасиеттеріне қарай аттары дәл тауып қойылған ба, ол жағын анық білмеймін. Бір анығы сол, бәрінің аты затына сай.
Бірінші басшының аты – Абай. Есіміне лайық болғанда бұл кісі Құнанбайұлындай дана адам емес. Өте сақ адам. Абайлап жүреді, абайлап сөйлейді. Асығыстыққа салып, арандап қалған кезі жоқ. «Ақырын жүріп, анық басудың арқасында еңбегін де далаға кетірмейді». Үлкен мекемеде отырғасын алыс-беріссіз бола ма, алатынын да абайлап алады...
Кадр бөлімінің меңгерушісі – Парасат апай. Алпысқа таяп қалған кісі. Өмір бойы осы мекемеде қызмет етіп келеді. Талай басшыны қарсы алып, шығарып салған. Қызметкерлердің бәрі осы бір мейірбан жанды анасындай көреді.
Мына бір Барби қуыршағындай сүйкімді қыз – Ақкербез. Бастықтың алдындағы қабылдау бөлімінде отырады. Алып бара жатқан білімі де жоқ, соншалық сауатсыз да емес. Кіріс-шығыс хаттарды тіркеу, телефон қоңырауына жауап беру, бастығына тәтті шайын беру сында өз ісін мінсіз атқара алатын ақылы бар. Бос уақыты көп болғандықтан, компьютер ойындарының түр-түрін меңгеріп алған. Алдына келген газеттерді парақтап көрген кезі жоқ. Әртүрлі газеттер бірде-бір рет қызығушылығын оятпаған. Ең құрымаса ірі-ірі майлы әріптермен айқайлап, аттандап тұрған тақырыптарының өзіне де назар аударып көрмеген. Оның бәрі де басқа мемлекетте, алыс бір жақта болып жатқан нәрсе сияқты.
Мына жігіт – Ақжол. Бастықтың жүргізушісі. Өте елгезек. Қолы қалт еткенде ұялы телефонына шұқшияды. Интернеттің бар игілі ютюб пен уатсап деп біледі. Жұмыс бабында 2 гис қосымшасын қолданады.
Мекеменің бас есепшісі – Төлеубек. Бұл да Парасат апай сынды біраз басшыны көрген. «Кім қанша жеді?» деген тақырыпта кітап жазатын ойы болса, дерек қоры мол адам.
Абай мырзаны өте-мөте сақ адам екенін айттық. Ол өзінің артынан әңгіме ергенін қаламайды. Репутациясына шаң жұқтырмауға тырысады. Халыққа көрсететін қызметтен бөлек, әр мекеменің ішкі интригалары да баршылық. Бәрін тәртіп аясында, ың-шыңсыз ұстау да үлкен жұмыс. Қарамағыңдағы қызметкерлердің арасында дұшпаным жоқ деп айта алмайсың. Абай басқарған мекемелерінің бәрінде бұрыннан істеп келе жатқан кадрларға тиіспейді. Жұрттар құсап, өз командасын шұбыртып жүрмейді. Бірақ қайда барса да өзімен бірге алып жүретін екі адамы бар. Соның бірі – Балзина. Қандай қызмет болса да бір жұмыс тауып береді. Бұл мекемеде кадр бөлімі меңгерушісінің орынбасары етіп қойған. Парасат апайдан артылып жатқан жұмыс жоқ, әйтеуір келіп-кетіп жүреді. Қағаздарды реттестіру деген сынды жеңіл-желпі жұмыстары бар. Көп уақытын өзін күтуге жұмсайды. Әдемілігінен бөлек, қылықты келіншек. Басшының өз адам болғандықтан да өзін еркін ұстайды. Абай кей-кездері жұмысының көптігін сылтауратып, хатшы қызды қайтарып жіберіп, өзі қалып кететіні бар. Ондай кездерде Балзина да қайтуға асықпайды...
Сондай күндердің бірінде күтпеген жағдай орын алды. Абай әдеттегідей «үлкен шаруаларын» бітірмек болып жұмыс уақыты аяқталғанда бөлмесінде қалып кеткен. «Түнгі ондарда кел» деп, шопырына да еркіндік берген. Үлкен мекемеде Қаһарман деген күзетші ғана қалған. Оның өзі кіреберістегі ұяшығынан шықпайды.
Бірер уақыт өткенде Абайдың кабинетіне Балзина кіріп келді. Әдеттегідей өзін еркін ұстап, бастыққа жақын қойылған орындыққа отырды. Бастық әлдебір қағаздарды сапырылыстырып отыр. Қауырт жұмыс істеп отырған кейіп танытуда. Балзинаға немқұрайды қарағандай жәй ғана:
— Шаруаларың қалай? – деді.
— Бір қалыпты. Өзіңіз шаршамадыңыз ба? – деді, керім келіншек керілгендей, есінегендей еркелеп.
— Шаршадым. Иығым тырысып тұр.
Балзина орнынан тұрып, Абайдың арқасына массаж жасаған болды. Содан кейін тоңазытқышта тұрған вискиден екі стақанға меймілдете құйып, мұз салды. Екеуі енді ұзынша диванға келіп жайғасты. Қатар отырып, әрдеңені әңгіме қылған болды. Абайдың бір қолы Балзинаның иығында. Әдемі келіншек басшысының бауырына ене түсті. Осылай әңгімелесіп, сырласып отырып шаршау басатындары бар. Бұндай кезде біраз мәселелер де шешіліп жатады.
Екеуі бір-біріне тығыла түсіп отырғанда есік ашылып, ішке Тазагүл кіріп келді. Кірген бетте ерлі-зайыптыларша бір-бірін еркелетіп отырған екеуді көріп, қалт тұрып қалды. Ұрлықтың үстінен түскендей емес, өзі ұрлық жасап қойғандай ыңғайсызданды. Ана екеуі де шарасыздық танытты. Екі тарапқа да оңай тимейтін жағдай.
Бастықтың кабинетіне, тіпті осындағы барлық бөлмеге еркін кіретін Тазагүл ғана. Өйткені бұл оның жұмысы. Тазагүл осы мекеменің еден жуушысы. Барлық кабинеттің күзетке өткізетін екінші кілтімен барлық есікті еркін ашып, еркін жауып жүреді. Күнделікті таңда ерте келіп, жұмыс уақыты басталғанша кабинеттерді жуып, тазалап, шаңдарын сүртіп шығады. Бүгін кешкі уақытта келген себебі ертең таңда жол жүрмек болған. Қай уақытта жусам да таза тұрса болды емес пе деп кешкілік келе салған беті. Бірінші рет. Ал Абай оны күтпеген. Соның кесірінен ыңғайсыз жағдай туындап тұр.
— Мен… ертең.., жол жүретін едім. Сол үшін… – деп үзіп-жұлқып бірдеңе айтпақ болды да, кері айналып шығып кетті.
Абай:
— Есікті кілттемеп пе едің? – деп Балзинаға кінәлағандай қарады.
Өйткені Балзина осындай уақыттардағы арнайы кірістерінде есікті тырс еткізіп, есікті іле қоятын.
— Бекіткенмін. Өзіндегі екінші кілтпен ашты.
— Кілтті құлыпта қалдыру керек еді. Жарайды, мен шыға берейін. Әйел адамсың ғой, өзің сөйлес, – деді.
Нақты не деп сөйлесу керек екенін айтпады. Және оған бас қатырғысы да келмеді. Ойланғанда не демек, не айт дейді? Балзинаның өзі шешер деді де, пиджагын қолына ұстап, сыртқа беттеді. Шопырына ондардың шамасында кел деген. Оған дейін әлі екі сағат бар. Жапсарлас тұрған кофеханаға кіріп, бір шыныаяқ кофе алды. Ішуге тәбеті тартпады. Саусақтарында болмашы діріл бар. Бойын өкініш пе, ұят па, белгісіз бір жайсыз сезім билеп алған. Дүниеде ұрлығыңның ашылғанынан асқан қорлық жоқ шығар деп ойлады. Абайлап жүретін-ақ адам еді, аяқасты қара басқанын қарасаңшы. Шопыры да жақын маңда жүр екен, қоңыраулатқан мезетте жетті. Көлікте қосылып тұрған музыканы өшіртіп тастады.
Үйіне барғанда да мазасы болмады. Несібелі атты әйелі күйеуінің бұндай жағдайына әбден үйреніп алған. Абай үнсіз отырып, кешкі асын ішкен болды. Сосын бөлмесіне кіріп, жарықты жақпастан жатып қалды. Іші алай-дүлей. Енді не болмақ? Анау еден жуушы өзі қандай адам екен? Аузы-аузына жұқпайтын адамға ұқсамайды. Біртоға момын адам сияқты еді. Әй, дегенмен адам аласы ішінде ғой. Абай ұйықтай алмай біраз жатты. Балзинаға хабарласып, білудің де реті болмай тұр.
Балзина бәрін реттеген. Абай шығып кеткен бетте Тазагүлдің артынан барып:
— Бастықтың кабинетін жуа беріңіз, ол кісі шығып кетті, – деген.
Тазагүл басшының бөлмесін тазалап жатқанда Балзина жанына келіп қарап тұрды.
— Сіз жаңа не көрдіңіз?
— Ештеңе көрмедім.
— Шынымен ештеңе көрмедіңіз бе?
— Жоқ.
— Дұрыс, сіз ештеңе көрмедіңіз. Өйткені ештеңе болған жоқ. Осылай деп келісейік. Ал шынын айтқанда аға екеуміздің арамызда ештеңе жоқ. Бар болғаны сырлас адамбыз. Ол кісі үлкен істің адамы. Шаршайды. Сондайда осылай әңгімелесіп, кішкене виски ішіп, шаршауын басамыз. Болды.
Тазагүл бұның бәрін маған не үшін айтып тұрсың дегендей бетіне бір қарады да қойды. Балзина әңгімені басқа жаққа бұрып, еден жуушы әйелдің отбасылық жағдайын сұрастырды. Анау байғұс жұмысын істеп жүріп бұның сұрақтарына жауап берді. Тұрмысы ортақолдау, адал еңбегімен балаларын өсіріп отырған әйел екен. Балзина әңгімесін жалғады.
— Бастықтың орынбасары қызметі жоғарылап, басқа жаққа ауысып жатыр. Сол орынға шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Саятты лайық көріп отырмыз. Сол Саяттың орнына істеуге қалай қарайсыз? Қашанғы еден жуып жүре бермексіз, – деді.
Тазагүл сығып тұрған трәпкісін шелекке тастап жіберді. Содан кейін басын көтерді де Балзинаға қарады. Шын айтып тұрмысың дегендей. Әрине, шын айтып тұр. Бұндай қалжың болмайды. Балзина кадр бөлімі меңгерушісінің орынбасары болғанымен, меңгеруші араласа алмайтын мәселелерді шеше алады. Саят деген жігіттің орынбасарлыққа ұсынылып жатқанын онша қаламайтын. Саят деген өзі бір пысықай жігіт. Демалыс күндері «охотаға», «рыбалкаға» деп қала сыртына әкетеді де жүреді. Ненің балығы, ненің аңы екенін кім білсін? Мына бір ойын-сауыққа құмар Думан деген орынбасардан құтылып, орнына жұмыс істейтін адам аламыз ба деп ойлайтын. Енді амал жоқ, өз ойына қарсы шешім қабылдағалы тұр. Тазагүл «ойланайын» деді. Балзина «ойланыңыз, әлі уақыт бар» деп шығып кетті. Ең бастысы – әйелдің аузын жабу.
Адам дегеннің табиғаты қызық қой. Пендемісің деген. Тазагүл өмірінде басқа жұмыс істеймін деп армандап көрмеген. Үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Осы өміріне шүкір дейтін. Енді мына қызықты қараңыз. Бастықтың есігін беймезгіл уақытта ашамын деп, өз тағдырында жаңа есік ашып алып отыр. Бөлмелерді тазалағысы келмей қалды. Бұрынғыдай ыждаһатпен істемей, асығыс-үсігіс тазалаған болды. Істеп жүріп те ойланды. Расымен, анау айтқандай болып кетсе жақсы емес пе? Қашанғы «алдыңнан артың таза болсын» деп, еден жуып жүре бермекпін?.. Бұрын неге миыма кірмеген, неге талпынбағанмын деп ойлады. Шаруашылық меңгерушісінің айлығы қанша екен деген сұрақ та бір жанап өткендей болды. Еден жуушыдан көп екені анық. Оның сыртында да біраз жақсы жақтары бары анық. Істеп кете алар ма екенмін деген күдік те жоқ емес. Ол да оңай шаруа емес-ау. Білдей бір ер азаматтар атқарған қызмет қой. Баяғыда ілдәлдалап бітірген педколледжінің дипломы жарар ма екен? Балзина жаратамын десе жолын табатын шығар деген үміт те бар. Күйеуіме айтсам ба, айтпасам ба деп те толғанды. Қазірше айтпай тұра тұрғаны дұрыс. Ертең болмай қалып жатса, ыңғайсыз болар. Болып жатса, әрине, жақсы, тосын сый болмақ.
Есіктің күтпеген жерден ашылып кеткенінің кесірінен екі бірдей адамның ұйқысы бұзылған түн болды. Бірі уайымнан тозып, енді бірі қуаныштан толқыды. Балзинаға бәрібір. Ол тек басшысының беделіне нұқсан келмесе екен деп қана ойлайды.
Ертесі күні Абай жұмысқа келе салысымен хатшы қызға Балзинаны шақыртты. Өзі шақырмай, қызметші қызға шақыртқанында мән бар. Жұмыс шаруасымен кездескендей болады. Бұрын да сөйтетін. Балзина келген бетте бәрін баяндады. «Қорқатын түгі жоқ» деді. Бірақ қызметкерлерді жылжыту жағы қалай болар екен? Жұрт не дейді деген ой да жоқ емес.
Тазагүлдің қуанышы ұзаққа бармады. Істей алмайтын шығармын деген күдігі жеңді. Әртүрлі мекемелермен байланыс жасау керек. Сатып алынған заттардың есебін шығару да оңай шаруа емес. Және қайбір жылы дәл осы шаруашылық бөлімінің басшысының істі болып кете жаздап барып әрең қалғанын да біледі. Ол қызметті істегесін жасырып қалатын, жауып қалатын, тығып қалатын жақтарын да меңгеруге тиіссің. Өзі де байқап жүр, ай сайын бәленбай мыңға алынды деп есеп берілетін шаруашылық заттарына қанша тиын жұмсалатынын. Соның бәрін ойлағанда санасын қорқыныш билейді. Ақыры істемеймін, істей алмаймын деген шешімге келді.
Түс әлетінде жұмысқа келіп, Балзинаға жолықты. Рақметін айтты, істеп кете алмаспын, қиындау сияқты деді. Балзина да түсінді. Не өтінішің бар? – деді.
Тазагүл үйі мен жұмыстың арасының алшақ екенін айтып, «мүмкін болса үйлеріне жақын жердегі аудандық әкімдікке орналастырып берсеңіздер» деді. Әкімдікке болғанда бұл бейшараның сұрап отырғаны да сол баяғы еден жуушылық. Басқа қызметке иегі қышып тұрған жоқ. Балзиналарға да керегі сол.
— Оның да дұрыс екен. Міндетті түрде орналастырамыз. Және болашақта үй берілетіндей жолдарын қарастырамыз, – деді.
Бұны естігенде Абайдың да қуанышында шек болмады. Қалай бет көрісемін деп қорқып жүрген. Бұрын ерте келіп алатын Абай мырза кештетіп келермін деген ойға бекінген. Тазагүл еденін жуып бітіп, үйіне қайтқан уақытта барармын дейтін. Бір мекемеде істегесін бірде болмаса бірде кезігіп қалатындары да анық еді. Міне, енді сол азаптың бәрінен оңай құтылмақ. Бар беделін салып, Тазагүлді өзінің сұрауымен аудандық әкімдікке орналастырды. Еден жуушылыққа. Оған ненің беделі керек дерсіз. Керек қой, әрине, біздің елде… Беделсіз болатын болса, осыған дейін өзі-ақ орналасып алмап па? Ол жердің бір жақсысы мемлекет тарапынан жасалатын игіліктерге бір табан жақын жүреді. Абайдың да, Балзинаның да, Тазагүлдің де жандары тынды, көңілдері орнына түсті.
Балзина мына бір күрмеуі қиын мәселені шешіп тастап, енді өз іштеріндегі кадрлық мәселелерге кірісіп кетті. Шаруашылық бөлімінің меңгерушісі сол орнында қала беретін болды. Орынбасарлыққа Жақау деген танысын тартпақ. Жақау деген де ат болады екен. Жалпы, балаға ат қойғанда абай болу керек қой.