Қызы суайт, әйелі алаяқ
Жеңіл жолмен ақша табу. Бірден байып кету. Еңбек етпей миллионер атану. Бұл – қазіргі адамдардың психологиясы.
Мұны біз емес, психологтардың өзі айтып отыр. Соңғы жылдары жас болсын, жасамыс болсын, мейлі ер, мейлі әйел болсын оңай жолмен ақша табуға ет үйреніп кетті. Әсіресе әлеуметтік желі дамығалы Instagram парақшасы арқылы жұртқа ақыл айтып, тегін тренинг өткізіп, халық алдында абырой жинап, «данышпан» болып жүрген қыз-келіншектер көп. Оның қайсыбірін айта береміз?
Әнеубір жылдары екі-үш күйеуден ажырасқан әлдебір келіншек өзінің баянсыз некесі, тұрлаусыз тағдыры туралы жылап-сықтаған «ғұмырнамалық» кітап жазыпты. Ғұмырнамалық деп жүрген тағы өзі. Онысын 3-5 мың теңгеден сатты. Іле-шала тегін тренинг өткізді. Пышақтың қырындай кітапсымағын тренингке келген қыз-қырқын қырылып алды...
Бұл бұдан бірнеше жыл бұрынғы жағдай болатын. Уақыт өте келе әлгі жұртқа ақыл айтқыш әйелдердің қатары көбейді. Өйткені олар қазақтың қыз-келіншектерінің психологиясын әбден меңгеріп алды. Бала тауып, оттың басы, ошақтың қасында отырған әйелге не айтсаң да сенеді, не айтсаң да көнеді. Әсіресе оңай жолмен ақша табуға болады деңізші, оған ойланып-толғанып жатпайды. Міне, әуелде жұртқа белгілі, жалпы қазаққа сөзімен, ісімен танылған әлгі бірлі-жарым қыз-келіншектер өздерінің бизнесін солай бастап еді. Кейін олардың көшін басқа әйелдер іліп әкетсін. Сөйтіп, тегін тренинг өткізетін, қазақ әйелдерін бір сәтте байытып жібереміз, жарылқаймыз дейтін қыз-қырқындар әр қаладан гүлдей бүршік жара бастады… Соңы не болды дейсіздер ғой?
Өткен аптада «Түркияға барып бизнес жасаудың жол-жосынын оқимыз, сауданың қыр-сырын үйренеміз» деп, Анадолы асқан 150 әйелдің далада қалғаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы бірінші болып әлеуметтік желіде белгілі блогер-заңгер Айгүл Орынбек хабарлаған болатын. Ол өзінің парақшасына Түркияға барып байып кеткісі келген әйелдердің көшеде қалғанын, сол жақтың жергілікті прокуратурасына арыз жазуға барғаны туралы видео салды. «Алданып қалдық» деп дабыл қаққан келіншектердің әрқайсысы 700 мың теңгеден беріпті.
Бұл арада екі-үш әйелдің аты-жөні аталып жүр. Aikyn.kz сайты Динара Қосжан есімді келіншек туралы жазды. Динара Ақтаудың тумасы екен. Алты баланың анасы көрінеді. Өзі кәсіпкер. Бірнеше жылдан бері кондитерлік өнім шығаратын цех ашып, бизнесін кәдімгідей дөңгелеткен. «700 мың теңгемізді беріп, бизнес бастаймыз деп алдандық» деген әйелдердің мотиваторы осы келіншек сияқты.
Айгүл Орынбек өзінің фейсбук парақшасына Ақгүл Асанова есімді әдемі жас келіншектің видеосын жариялады. Видеода өзін «Ұлдана Ескермесқызына алданып қалдым» деген әйел офлайн бизнес-тренингке 700 мың теңге салғанын айтады. Оның сөзіне сенсеңіз, Ұлдананың «Стамбұлмен бизнес» деп аталатын инстаграм парақшасына кіріп, соған сеніп барған қазақтың 150 қаракөзі 1 ай бойы ешнәрсе оқымаған, ешнәрсе үйренбеген. Уәде етілген қонақ үй де болмапты. Сөйтіп, бәрі далада қалыпты.
Qamshy.kz сайты белгілі журналист, тележүргізуші Мақпал Қаратайқызы туралы жариялады. Бұл жерде де алданған арулардың жанайқайы. Сайт Мақпалға 350 мың теңге беріп тақырға отырып қалған 310 әйелдің бар екенін айтыпты.
Инстаграмда «Қайша Керей» есіммен тіркелген тағы бір қызға хабарластық. Әлеуметтік желідегі әңгімеміз көпке созылған жоқ. Қайша қыздың айтуынша, әлгі 700 мың теңге беріп алданған 150 әйелдің бар кінәсі – өздерінде көрінеді. «Халықтың өзі сауатсыз. Кімге ақша беретінін алдын ала ойлануы керек», – дейді. Айтпақшы, Қайша сұлудың бизнес курсы шуға айналған 700 мың теңге емес, небәрі 350 мың теңге екен.
Біз сот та, от та емеспіз. Әлгі бизнес тренерлердің қандай жолмен ақша тауып жүргенін, кімді алдағанын, қанша ақша жымқырғанын да білмейміз. Бірақ қолда бар ресми ақпарат көздерінде осы әйелдердің аты аталып жатыр. Айыпты кім, алданған кім – ақ-қарасын уақыт көрсетер...
Тегін дүние жоқ қазір. Қазақ «судың да сұрауы бар» дейді. «Бұл не қылған батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?!» – деген де тұрақты тіркес бар. 700 мың теңге емес, 7 мың теңгені біреуге берерде, мың ойланып, жүз толғанасың. Қазір көзің жетіп тұрмаса, біреуге тегіннен тегін ақша беретін уақыт емес. Соны түсінетін кез жетті ғой.
Қазіргі қыз-келіншектердің көбінің көзі ашық, көкірегі ояу. Бірақ тегін ақша, оңай олжа десе, қанша білімді болса да, өмірден көргені мен түйгені көп болса да, жел сөзге ергіш, бос уәдеге сенгіш. Қазақ: «Қыздың көзі қызылда», – деп бекер айтпаған шығар?