Қызыл алмадан» басталған жол

Несіпбек аға да бақилық болды. Биылғы баспасөз күніне арналған облыстық салтанатта кездесіп, екі аптадай бұрын ғана телефон арқылы сөйлесіп хал жағдай біліскен ағамыз енді жоқ дегенге сене алар емеспін.
Некеңді мен 1976 жылдан білемін. Аудандық газеттің табалдырығын имене аттаған менің журналист болып қалыптасуыма бірден бір ықпал еткен ұстазым. Оның өзі де үлкен әдебиетке журналистика арқылы өтті. «Қордай шамшырағының» жауапты хатшысы еді. Бойшаң, шашы желкесіне түскен тұрпатымен сол кездің өзінде-ақ ерекше көрінетін. Ешкімді бет қаратпайтын мінезді еді. Бойға біткен талант пен өр мінездің арқасында талай биіктерді еңсерді. Алдымен құйқылжытып домбыра шертіп, табанда суырып салып өлең шығаратын қабілетіне тәнті болдық. Ол алдымен ақын ретінде танылды, «Лениншіл жас» газеті «Сәт сапар» рубрикасымен өлеңдер топтамасын жариялады. Кейіннен біртіндеп прозаға ауысты. Некеңнің «Алмалы» совхозының бағбаны жайлы жазған «Қызыл алма» деген очеркі «Лениншіл жас» газеті жариялаған конкурста жүлде алып, әдебиет әлемінің есігін ашып бергендей болды. Осыдан кейін-ақ Несіпбек Дәутайұлының «Алма ағашының бұтағы», «Әнім сен едің», «Ақ көгершін» повестері Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитеті, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеті мен Қазақстан Жазушылар одағының «Жалын» баспасымен бірлесіп өткізген жабық әдеби конкурстарының қатарынан үш дүркін жүлдесін иеленді. Ал осының барлығын ол аудандық газетте жүргенде жазды.
Кейіннен Жамбыл облыстық «Еңбек туы» (бүгінгі «Ақ жол») газетінің Қордай ауданындағы меншікті тілшісі болып істеді. Үйінің бір бөлмесі кабинеті еді, бұрынғыша алдына барып ақыл-кеңес алып тұрдық. Некеңнің қаламынан туған мақалалардың қай-қайсысы да мазмұны және салмағы жағынан құнды болды. Ал оның өткір сындары аудан, облыс басшылығы деңгейінде дуылдатып мәселе көтеріп, артынша шешімін тауып жататын. Көсемсөздерінің, очерктерінің тіл байлығы өз алдына бөлек әңгіме. Оның жұмыс істеу үрдісі журналистік қызметтің үлгі мектебі болды.
Некең бүгінгі қазақ қоғамына бітімі бөлек көрнекті жазушы ретінде танылды. Оның «Ақкүшік», «Айғыркісі», «Көгілдір көйлекті келіншек», «Батыр», «Жол», «Аты жоқ әңгіме» тәрізді повест-хикаяттары, «Құдірет пен қасірет» романы қазақ әдебиетіне олжа салған дүниелер деп бағалануда. Ол жазу-сызуға бейім, көкірегінде талант ұшқыны бар жастарды қаламынан тани білетін, қамқорлық жасауға әзір тұратын. Ал жерлестерімен кездескен сайын ауыл аймақтың амандығын, таныс білістердің хал жағдайын індете сұрап: «Барлығына сәлем айт, аман болайық» деуші еді.
Бақұл болыңыз жаны жайсаң, жақсы аға.