11:02, 22 Ақпан 2021
Қызылорда әуежайына айыппұл салынды
Қызылорданың «Қорқыт ата» әуежайы табиғи монополиялардың субъектісі бола тұра, «FlyArystan» әуе компаниясының «Алматы-Қызылорда-Алматы» бағыты бойынша авиарейстерін себепсіз қабылдаудан бас тартқан.
Бұл жайтқа орай уәкілетті органдар тексеру жүргізіп, әуежай тарапынан бұл сұрау негізсіз бас тартылғаны анықталған.
«Аталған мәселе сотта қаралып, әуежай ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 164-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылды. Оған 622 272 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасында аталған қаулыға шағым қаралып, өзгеріссіз қалдырылды», – делінген Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының таратқан хабарламасында.