Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:15, 09 Желтоқсан 2022

Қызылорда облысы коммуналдық мәселелерге айрықша көңіл бөлуде

None
None

Дәл қазір еліміздің кейбір өңірлерінде коммуналдық жүйе мәселелері ушығып тұрғандықтан, Сыр елінің кәріз жүйесі, газдандыру деңгейі, ауыз су тартылуы мен жалпы коммуналдық мәселелеріне көз жүгіртуді жөн көрдік.

Атап өтер жайт, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында да облыстың кәріз жүйе мәселесі қамтылған. Яғни осы ұлттық жоба аясында облыс аумағындағы ескірген жүйелерді жаңартып, кәрізбен қамту көрсеткішін одан әрі жоғарылату міндеті қойылған.

Нақты мысал келтірер болсақ, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының негізінде облыс көлемінде 14,9 шақырым кәріз желілері ауыстырылып, 2 дана кәріз насостық стансалары жаңартылып отыр. Сондай-ақ халық үшін сапалы ауыз сумен қамтудың маңыздылығын ескере отырып, 100 шақырымнан аса ауыз су және 3 су кешенін жаңарту жұмыстары атқарылған. Халық игілігі үшін атқарылған бұл жұмыстар 74 мыңнан аса адамның сапалы ауыз сумен қамтылуына ықпал етіп отыр. Жалпы биыл өңірдің ауыз су және кәріз жүйелерін жаңғырту және құрылысын жүргізуге «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша республикалық және облыстық бюджеттен 5,1 миллиард теңге қаржы қарастырылған көрінеді. Елдің әлеуметтік экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан бұл шаралардың халық үшін маңызы зор. 20 жобаны іске асыруға бөлінген бұл қаржылар қазір толығымен игерілгені белгілі болып отыр.

Атап өтер бір жайт, жергілікті атқамінерлер соңғы жылдары облыстың газдандырылу деңгейіне де баса назар аударып отыр. Соның ішінде 2015 жылдан бастап, елдi мекендерді газдандыру жұмысы жандана бастаған. Осы жылы 24,7 миллиард теңгенi құрайтын инвестициялық бағдарламасы аясында 4 аудан орталығына – Арал қаласы және Әйтеке би, Шиелі, Жаңақоpған кенттерiне, сондай-ақ Байқоңыр қаласына табиғи газ жеткiзiлді. Кейін қарқын алған шаруа әрі қарай жалғасып, жыл сайын өңірде газбен қамтылған ауылдардың көрсеткіші артып келеді. Мәселен, 2021 жылдың қорытындысы бойынша облыстың 67 пайызы көгілдер отынмен қамтылған екен. Таратып айтар болсақ, олардың қатарында Қызылорда, Арал, Байқоңыр және 17 ауылдық елдімекен бар. Биыл бұл көрсеткішті одан әрі арттыру мақсатында 5,8 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде республикалық бюджеттен 4,3 миллиард теңге, облыстық бюджеттен 542 миллион теңге бөлініп бағытталған. Облыс тұрғындарын газбен қамту жоспары бойынша Жаңақорған ауданындағы Бірлік және Қыраш ауылдарына, Шиелі ауданындағы Алғабас және Ақмая ауылдарына және Тереңөзек кентіне газ құбыры тартылуда. Сонымен қоса, Қазалы ауданындағы Қазалы қаласын, Пірімов, Жалаңтөс батыр, Басықара елдімекендерін де көгілдір отынмен қамту жоспарлануда. 2022 жылдың 2 жарты жылдығынан бастап, Қармақшы ауданындағы Төретам кенті мен Ақай ауылын, Арал ауданындағы Сексеуіл кентін газдандыру және Шиелі ауданындағы Тартоғай елдімекенінде АГТС орнату жобалары жүзеге асырылуда. Жалпы биылғы жылдың аяғына дейін облыстың газдандыру деңгейін 68%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Осы орайда қызылордалықтар бұл үдеден шығамыз деген ойда.

Қызылорда облысында электр энергиясымен қамту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Бүгінде облысқа қарасты Жаңақорған кентіндегі электржелілік жүйені жаңғырту бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталса, өңірдің электр желісіне қатысты мәселелер де біршама шешімін таппақ.  Жалпы облыстың коммуналдық шаруашылық мәселелері жыл өткен сайын тиімді шешілу үстінде. Солардың бірі – жылу қазандықтары мәселесі. Мәселен, биыл жалпы 24 әлеуметтік нысанның жылу қазандықтарын газ отынына ауыстыру бойынша республикалық бюджеттен 15 жобаға қаржы бөлінген. Бүгінде барлық нысанда құрылыс жұмыстары сәтті аяқталып, қабылдау жұмыстары атқарылуда. Және екі жалпы білім беретін 2 мектептің қазандықтарын сыртқа шығару жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, жүзеге асуда. Осындай нәтижелі жұмыстың арқасында облыс тұрғындарының әлеуметтік жағдайы жақсарып, тұрмысы түзелуде.

Тегтер: