Қызылорда облысы қарқынды дамып келеді
Дамудың даңғыл жолына түскен еліміздің барлық облыстары өз көрсеткіштерімен қуантуда.
Соның ішінде әлеуметтік-экономикалық дамуы жыл сайын жақсарып келе жатқан Қызылорда облысын ерекше атап өтуге болады. Бүгінгі күні Сыр елі нағыз индустриалды-аграрлық өлкеге айналып, халықтың да әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді. Бұрын күріш егумен ғана көзге түскен Қызылорда өңірі қазір, егілетін өнім көлемін көбейте түсу үстінде. Ең бастысы халықтың тұрмыстық деңгейінің артуына қарай қазір өңірден қоныс аударып көшіп кетушілер саны әлдеқайда азайған. Осы орайда облыс тұрғындарының 97%-ның орталықтанған ауыз сумен қамтылуы ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіш болып отыр. Таза ауыз сумен қамтылған халықтың денсаулық көрсеткіші де жақсарып келеді.
Аграрлық облыстың биылғы көрсеткіші де жаман емес. Мәселен, қызылордалық шаруаларбиыл әр гектарынан орташа есеппен 54 центнерден өнім алған. Негізі су тапшылығына байланысты күріштік көлемі едәуір қысқарғанымен 78 мың гектар жерге егілген егін бітік шығып, мамандарды қуантып отыр. Осы орайда айта кетсек, алдағы уақытта су тапшылығы мәселесін шешу мақсатында облыста 775 миллион текше метр Қараөзек су қоймасын салу жұмыстары басталған. Демек алдағы уақытта су қоймасы пайдалануға берілсе, өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы су тапшылығы мәселесі шешіледі деп күтіліп отыр. Бұл өңірдегі үлкен бір мәселенің оңтайлы шешімі деп айта аламыз.
Жалпы биылғы ауыл шаруашылығындағы өнім өндірісі 2,3%-ке артқан. Өңірдегі өнім көлемінің артуы тұрғындардың да әлеуметтік жағдайына елеулі әсер ететіні сөзсіз. Осы орайда облыста құрылыс жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр, бір жылда өсім 2,4%-ке артып, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі де 3,5%-ке көбеюі осының айғағы. Облыс әкімдігінің ақпаратына сәйкес өткен жылы 110 тұрғын үйдің құрылысы басталып, кейін 2 408 пәтер баспанасын күткен азаматтарға пайдалануға берілген. Биыл да бұл қарқын көбеймесе, азаймасы анық. Өйткені дамуды мақсат еткен өңір мұндай көрсеткіштерді үнемі жаңғыртып, жақсартуға көңіл бөлуде.
Осы орайда еске салып өтсек, еліміздің барлық өңірінде жүзеге асып жатқан «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы Қызылорда облысында да қарқынды іске асуда. Жергілікті халықтың жұмыспен, тұрғын үймен қамтылуын жүзеге асырып, олардың білім беру, денсаулық сақтау, жол инфрақұрылымы секілді мәселелерінің тиімді шешілуін көздейтін ұлттық жобаның сәтті жүзеге асуының арқасында өңірде көптеген келелі мәселелер шешімін тапқан. Бүгінгі күні 2020-2025 жылдарға жоспарланған облыстың индустрияландыру бағдарламасы аясында 46 инвестициялық жоба іске асуда. Жалпы құны 543 миллиард теңгеден асатын инвестициялық жоба жүзеге асса – халықты жұмыспен қамту көздері ашылып, елге үлкен серпін береді деп күтілуде. Нақты сандарды сөйлетсек, жоба аясында Сыр өңірінде жеті мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылуы бек мүмкін. Бұл өңірдегі жұмыссыздық мәселесіне оң ықпал ете алады.
Жұмыссыздық демекші былтыр өңірде жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ті көрсеткен. Биыл осы мәселені шешу үшін жыл басынан бері 27 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылып, 14 114-і тұрақты жұмыс орны ретінде қалыптасқан. Демек биылғы жылдың аяғында жұмыссыздық көрсеткіші жақсара тсүпек. Аймақтағы мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту мәселесі де назардан тыс қалмай 849 мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік туындаған. Яғни қала тұрғындарын бөлместен, мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолайлы орта қалыптастыру ниеті орындалуда. Жыл өткен сайын аймақтағы туындап отырған мәселелерді оң шешіп, қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың біріне айналып отырған Қызылорда өңірі даму көрсеткішімен халықты қуантып отыр.