Қызылорда облысында 10 жыл бұрын шетінеп кеткен сәбиге лагерьге жолдама берілген
Қызылорда облысында осыдан он жыл бұрын шетінеп кеткен сәбиге жаңылысып мектеп жанындағы лагерьге жолдама беру жағдайы тіркелген.
Қателікке жол берген директор мен тиісті маман қатаң сөгіс алды. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.
Бұл жөнінде әлеуметтік желі беттерінде жарияланды.
Онда Арал қаласындағы №220 мектепте он жыл бұрын шетінеп кеткен нәрестеге мектеп жанындағы лагерьге жолдама бергені айтылған.
Аталған жағдайға Арал аудандық білім бөлімі төмендегіше түсінік берді.
Оған қатысты №220 орта мектепте зерделеу жұмыстары жүргізіліп, арнайы жиын өткізілген.
Оған жергілікті үкіметтік емес ұйым өкілдері, аудандық мәслихат, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағадарламалар бөлімінен және мектеп қызметкерлері, аудандық білім бөлімінің басшысы қатысқан.
«Оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында жалпыға міндетті оқу қорынан мектеп жанындағы жазғы тынығу лагеріне №220 орта мектебінен 90 баланың тізімі жасақталған. Жолдама алу үшін E-gov порталына тіркеу барысында мектептің әлеуметтік педагогы Ақтоты Құлмырзаева жауапты ата-ананың өтінішіне сәйкес электронды кілті арқылы жеке кабинетіне кірген. Содан кейін №220 орта мектебінің 1 «в» сыныбының оқушысы Заңғар Дәуренұлын тіркеу үшін өтініш жіберудің орнына, қателесіп отбасы тізімінде тұрған 2013 жылы қайтыс болған бауыры Бейбарыс Дәуренұлының атынан қате сұраныс жүргізген. Негізі E-gov порталында бала дүниеден өтсе де аты-жөні жанұя құрамының тізімінде тұрады. Дегенмен, сол мезетте қате жібергенін көріп, тынығу лагеріне баруға тиіс Заңғар Дәуренұлын қайта тіркейді. Қажетті құжаттама дайындалып, оқушы лагерьге жіберілді. Алайда, қайтыс болған баланың өтініші кейін қайтарылмай, порталда қалып қойған», — деп мәлім етті Арал аудандық білім бөлімінен.
Зерделеу барысында Бейбарыс Дәуренұлының E-gov порталындағы өтініші мақұлданбағаны, демалушы балалардың тізімінде жоқ екені анықталды.
«Оған тынығу лагеріне қатысты ешқандай қаражат қаралмағаны анықталды. Құжаттардың барлығы заңға сәйкес рәсімделген. Жиын қорытындысы бойынша тіркеу барысында жауапты маманның баланың аты-жөнін шатастырып алғаны расталды. Нәтижесінде №220 орта мектебінің директоры Әліби Әбілбаев және әлеуметтік педагог Ақтоты Құлмырзаева, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айым Сейіловаға «қатаң сөгіс» жарияланды», — деп толықтырды білім бөлімінен.