Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:05, 25 Қараша 2022

Қызылорда өңірі қарыштап дамуда

None
None

Соңғы жылдары елімізде қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі – Қызылорда облысы.

Әсіресе бала туу көрсеткіші жоғары өңірде адам саны жылдам көбейіп, облыстың аграрлық саласы ел экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқаны анық байқалады. Сәйкесінше, адам санының өсуі мен аграрлық салада өзіндік орны бар облысқа айналып, әлеуметтік жағынан дамуға ықпал етіп, уақыт сұранысынан қалмай өркендеп келе жатыр.

Осы орайда облыс тұрғындарының әлеуметтік дамуына мысал боларлық бір көрсеткіш Сыр елі 2025 жылға дейін 42 ауылға көгілдір отын қосуды жоспарлап отыр. Демек, облыстың ауа көрсеткіші де жақсарып, көмірден бас тартып, газдандыруға көңіл бөлген тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі де жақсара түспек. Елдің әлеуметтік жағдайының көрінісіне бұдан артық мысал керек емес десе де болғандай. Өйткені елімізде ірі қалалар газдандырылғанмен, ауылдарға газ жетуі қиын болып отыр. Осы орайда Сыр елінің ауыл халқының тұрмыс-тіршілігін жақсартуға көңіл бөлуі қуантпай қоймайды. Мысал келтіре кетсек, бүгінгі күні аталмыш өңірде Қызылорда қаласының өзінен бөлек, Арал, Байқоңыр қалалары және 17 ауылдық елдімекен газдандыру желісіне қосылған көрінеді. Алдағы уақытта ауылдарды да газдандыруға көңіл бөлініп жатқаны ауыл халқын қуантып отыр. Бұл тек сөз жүзінде берілген уәде ғана емес, биылғы жылдың өзінде газбен жабдықтаудың 14 жобасын жүзеге асыру мақсатында 5,8 млрд теңге бөлініп отыр. Яғни қаржы бар, нақты елдімекендер жоспарланған. Тек уақыт ағымымен жүзеге асып жатқан жұмыстарға ауыл халқы үміт артып күтіп отыр. Бөлінген 5,8 млрд теңгенің 4,3 млрд теңгесі республикалық бюджеттен бөлінсе, 542 млн теңгесі облыстық бюджеттен бөлінген. Және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 795,0 млн теңге, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 257,0 млн теңге қарастырылған.

Шыны керек жылда көмір болғанымен, оның қыс жақындағаннан бағасының шарықтауы, одан қалды тасымал құнының өсіп, кейде көмір тапшылығы туындауы халықты уайымға салып қоятындықтан, газдың тартылуы үлкен қуаныш болып отыр. Жыл басынан бері нақты газ барған Қазалы қаласы, Шиелі ауданының Алғабас, Ақмая елдімекендері және Тереңөзек кентіндегі қалған көшелердің тұрғындары күн суығаннан көгілдір отынның рахатын көруде. Енді алдағы уақытта Қармақшы ауданындағы Төретам кенті мен Ақай ауылы, Арал ауданындағы Сексеуіл кенті және Шиелі ауданындағы Тартоғай елдімекенінде газдандыру бағытында көптеген жұмыстар жасалып, жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ Қызылорда қаласына қарасты Наурыз және Махамбет елдімекендерінде 2021 жылы басталған газдандыру жобасының құрылыс жұмыстары келер жылы толығымен аяқталады деп күтілуде. Биылғы жылдан бастап санағанда үш жыл ішінде тағы 42 ауылдың газдандырылуы өңірдегі көрсеткіш мөлшерін еселей түспек.

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдегі газдандыру деңгейін биылғы жылы 68%-ға дейін жеткізу жоспарланғанын нық айтуда. Демек қолға алынған шаруа алдағы уақытта сәтімен шешілері анық. Қызылорда облысына қарасты ауылдардың газдандырылуы халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартып қана қоймай, облыс экономикасына да серпін берері түсінікті. Сондықтан газдандыру жұмыстарын алдағы уақытта күшейте түсу жоспарланып отыр.

Жақында ғана Республика күні қарсаңында 80 балаға арналған спорт-ойын алаңы мен оқушылар сарайы, өнер мектебі, балабақша және дәрігерлік амбулаториялардың ашылуы өңірдегі атқарушы билік өкілдерінің халықтың тұрмыс-тіршілігіне, болашақ ұрпақтың игілігіне де айрықша көңіл бөліп отырғанын аңғартады.

Тегтер: