«Қызылорда су жүйесінің» берешегі бастан асады
Қызылорда қаласын түгелдей ауыз сумен қамтамасыз етіп жатқан «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік мекемесі кәсіпкерлерге 600 миллион теңге көлемінде қарыз.
Бизнес өкілдері бірнеше айдан бері ақшасын сарылып күткенімен, аталған мекеме есептесуге асығар емес.
Түркістандық жеке кәсіпкер Бақдәулет Аязбай осыдан бірнеше ай бұрын су жүйесі мекемесімен келісімшартқа отырып, 4 миллион теңгенің тауарын өткізген. Алайда, әлі күнге дейін ешқандай төлем жоқ. Қазір шағын бизнесі тұралап, қарызға батқан кәсіпкер не істерін білмей дал.
– Ақша төлемегеннің кесірінен біз басқа мекемелерге тауар жеткізе алмай отырмыз. Біз негізінен тауар алатын фирмадан жартысын төлеп, жартысын қарызға аламыз. Енді мына тауардың ақшасын толық төлемей, келесі тауарды ала алмаймыз. Осыларға қарап, біз қарыз болып отырмыз, – дейді кәсіпкер.
Бұл шағым айтқан көп кәсіпкердің бірі ғана. Ал облыстық кәсіпкерлер палатасы мекемеге қатысты арызданған бизнес өкілдері көбейгенін айтады.
– Қызылордалық «Илияс строй» ЖШС осы кәсіпорынмен екі келісім-шартқа отырған. Тиісті жұмыстарын жүргізген. Актілер бекітілген. Төленетін соманың көлемі 50 миллионға жуық. Бірақ мекеме тарапынан төлемдер уақытылы жүргізілмегендіктен осындай қиындықтарға тап болып отыр, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Гүлнұр Құрмантаева.
Қарызға белшеден батқан «Қызылорда су жүйесінің» берешегі бүгінде 1 миллиард 200 миллион теңгеден асып кетіпті. Оның ішінде, 400-дің үстінде кәсіпкер келісімшартпен көзделген ақшасын ала алмай тағы отыр. Банкрот алдында тұрған мекемені сот оңалту рәсімі арқылы қарызын кезең-кезеңімен өтеуге шешім қабылдаған. Алайда, мемлекеттік сатып алу арқылы қызмет көрсетіп келген кәсіпкерлер бұл жағдай бізге ескертілмегенін алға тартады. Ал кәсіпорын қарызын өтей алмайтыны жөнінде сәуір айында сотқа жүгініп, ол бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған. Сондықтан барлығы заң аясында жүріп жатыр дейді мекеме өкілі.
- Бес жылдық кезеңге жоспарлар жасалынды. Соттың ұйғарымымен бекітіліп тұр. Осыған сәйкес, бірінші кезекте еңбек жалақысы, сосын салық басқармасының алдындағы қарыздарымызды өтейміз. Одан кейін кредиторлар алдындағы берешекті өтеу жөнінде жоспарлар енгізілді, – деді «Қызылорда су жүйесі» МКМ заңгері Фараби Ұзақов.
Биыл су жүйесі мекемесі жұмысшылар алдындағы жалақы берешегін өтемек. Келер жылы салық төлемі күтіп тұр. Осылайша оңалту рәсімі алты кезеңнен тұрады. Ал кәсіпкерлердің қарызы қашан өтелетіні белгісіз.
Басы даудан арылмаған мекеме жыл сайын осындай қауіпті тәуекелмен күн көріп келеді. Кәсіпкерлердің «Қызылорда су жүйесі» мекемесінен тиесілі ақшасын ала-алмау жағдайы бірінші рет болып тұрған жоқ. Мәселен, былтыр да, алдыңғы жылы да кәсіпкерлер «Қызылорда су жүйесі» мекемесінен көрсеткен қызметі үшін тиісті қаржысын ала алмай қаншама есікті тоздырып, сандалған болатын.
Олардың 80 пайызы өздеріне тиісті қаржыны сот арқылы ғана өндіре алған. Дегенмен сотқа жүгіну кәсіпкерлердің онсыз да жетпей жатқан уақытын алады. Ал бизнес өкілдері кәсіптері тұралап қалмауы үшін тапсырыс берушілерден қаржысын тездетіп аударып беруін сұрап отыр.