Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:05, 25 Наурыз 2022

Қызылордаға жасыл белдеу керек экология жақсарса жабайы қамыста жайылып өседі

None
None

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біріккен Ұлттар Ұйымы алдағы он жылдың ішінде жаһандық деңгейде су ресурсының тапшылығы болады деп болжам жасап отыр.

2030 жылға қарай  су тапшылығының көлемі 40%-ке жетуі мүмкін. Сондықтан біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл – аса маңызды міндет. Үкімет су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу жұмысын ынталандыру үшін нақты шешімдер әзірлеуге тиіс. Су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды 120 каналды қайта жаңғыртуға кірісеміз. Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қоймасы салынады» деп атаған еді. Осыған орай Қызылорда облысында «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасына 237 су шаруашылығы жобасын енгізу бойынша ұсыныстар берілді.

«Республика аумағында салынатын 9 су қоймасының қатарына Қызылорда облысы бойынша 775 млн текше метр су жинайтын «Қараөзек» арнасындағы су қоймасы енгізілген. Мақсаты – «Қараөзек» көлдер жүйесін және малазықтық база құру бойынша шабындық-жайылымдық алқаптарды, Қазалы ауданының егістік жерлерін суландыру. Жобаның жалпы құны – 1,9 млрд теңге. Өткен жылы республикалық бюджет есебінен жоба-сметалық құжаттамасы әзірленді. Биыл құрылыс жұмыстары басталады деп күтілуде, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.

Тарқатып айтсақ, «Әйтек» су торабынан төмен қарай  Сырдария өзенінің су өткізу қабілеті  секундына 700 текше метр болса, қыста мұз ұстасу себебінен су өткізу қабілеті секундына 425 текше метрден аспайды. Су торабынан жоғары орналасқан аумақтарда тасқынның алдын алудың, реттеудің бірден-бір амалы – өзен суын «Қараөзек» арнасы арқылы өткізу.

Жобаланатын су қоймасы «Қараөзек» арнасы бойында үш каскадтан тұрады. Бұл арна «Әйтек» каналының бас құрылысы учаскесінен басталып,  Жосалы кентінің теміржол көпірінде аяқталады. Жүзеге асқанда 5,4 мың гектар суармалы жерді, 3,3 мың гектар көлдерді, 120,8 мың гектар шабындықтар мен жайылымдарды сумен қамтамасыз етеді.

Жалпы Үлкен Арал теңізіне жыл сайын қайтарымсыз кететін және Сырдария өзені арқылы қыс мезгілінде 70%  келетін суды облыс аумағында тиімді пайдалану жолдары қарастырылады. Сондай-ақ, 2025 жылға дейін облыс аумағындағы 30 магистральды және шаруашылықаралық каналды цифрландыру жоспарлануда. 2025 жылға қарай облыста 17,2 мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары енгізілмек. Мысалы, биыл «РЗА» АҚ Қазалы ауданында 87 гектар жерге жаңбырлатып суару әдісімен жүгері егуді қолға алса, алдағы уақытта Шиелі ауданында жаңбырлатып суару арқылы 10 мың гектар жоңышқа, тамшылатып суару әдісімен Жаңақорған ауданында 3 мың гектар қызанақ егу жобаларын іске асыру бағытында жұмыстар қолға алынуда. Бұл арқылы су ресурстары неғұрлым ұтымды пайдаланылып, вегетациялық кезеңде тапшылықтың алдын алуға септігін тигізеді.

Бүгінгі ұрпақ пролетариат көсемі Лениннің «Кеңес өкіметі дегеніміз – коммунизм және бүкіл елді электрлендіру» деп ұран тастағанын біле бермейді. Қазіргі түсінікпен айтқанда, біріншісі утопия болды, екіншісі ғасыр өтсе де әлем экономикасының қозғаушы күшіне айналды.

Қазір әлемде өнеркәсіп пен экономиканы көміртегіден ада қылудың орнықты үрдісі байқалады. Осыған орай, Президент тапсырмасы бойынша Қазақстанда 2050 жылға дейін көміртегін аз пайдаланып, энергия көздерін дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Қазақстан жаңартылатын және баламалы қуат көздерін дамытуға нақты бағыт алды. Еліміз жалпы энергия теңгерімі құрылымындағы жаңартылатын қуат көздерінің сапалы өсімін 3%-ке жеткізе алды. Бұған дейін біз бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 10%-ке дейін жеткізуді мақсат еттік. Жаңа жағдайларды және қазіргі оң қарқынды ескере отырып, электр қуатын беретін станциялардағы жаңартылатын қуат көздерінің үлесін 2030 жылға қарай 15 процентке дейін жеткізу міндеттелді.

Аталған мәселе бойынша Қызылорда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына сұрау салып төмендегідей деректерге қанықтық.

Бүгінде облыстағы электрмен қамту жүйелерінің жалпы ұзындығы 10 мың шақырымнан астам электржелілерді және әртүрлі кернеуліктегі 1837 дана қосалқы станцияларды құрайды. Олардың тозу деңгейі 69 процент. Жалпы кейінгі бес жыл аралығында Арал және Қазалы аудандарында кернеулігі 110/35/10 кВ «Арал», «Жаңақазалы» қосалқы станциялары және Қызылорда қаласындағы «Тасбөгет», «Арай», «Орталық», «Шымбай», «Жаңаарық», «Қазандық» 35/10 киловольттық қосалқы станциялары, Сырдария ауданындағы «Тереңөзек» 35/10 киловольттық қосалқы станциясындағы оперативтік басқару пункті және трансформаторлық қондырғылары, сонымен қатар Қармақшы ауданы Жосалы кентіндегі 220/35/10 кВ қосалқы станциясы және Төретам елді мекеніндегі 35/10 кВ қосалқы станциясы қайта жаңғыртылды.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында (2019 жылы) «Қызылорда қаласының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту және орналастыру шеңберінде, «Саяхат» шағын ауданындағы 1060 жер учаскесінің  электрмен қамту жүйелерін дамыту мақсатында, заманауи оқшауланған сымдарын пайдалана отырып, 36 шақырым кернеулігі 10/04 кВ электр желілерінің құрылысы салынып, 16 дана қуаттылығы 400 кВА блокты модульді-трансформаторлық қондырғылар орнатылды.

«Қызылордажылуэлектрорталығы» бойынша 2020 жылы 1,4 млрд теңгеге инвестициялық бағдарлама жоспарланып, 1,3 млрд теңгеге орындалды. Оның ішінде жылу энергиясын  өндіру бойынша – 69 782 мың теңгеге АБМК №4-тің №1 қазандығына күрделі жөндеу, желілік сорғыға, су жылытқышқа, буландырғыш қондырғының қыздырғышына, аккумулятор багына және басқа да қосалқы бөлшектерге жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Жылу энергиясын тарату бойынша 1 333 685,2 мың теңгеге жылу желілеріне, оның ішінде кәсіпорынның өз қаражаты есебінен 57 400 мың теңгеге 7 920 м әртүрлі диаметрдегі кварталаралық желіге жөндеу жасалған. Бюджет есебінен «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 1,2 млрд теңгеге – 1 453,5 м желіге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген. «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» бойынша 2021-2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаға сәйкес, Қызылорда қаласында 150 шақырымнан аса кернеуі 10/0,4 кВ электр тарату желілері мен 1 дана 10 кВ орталық тарату пунктін қайта жаңғырту және 7 дана қосалқы станцияны қосу жоспарланған.

Осылайша негізгі қорлар жаңартылып жатыр. 90-жылдарға қарағанда үздік-создық берілген энергиядан  арылдық. Бірақ Сыр өңірі энергияға қажеттіліктен толық арылған жоқ. Егер сол 1990 жылы Қызылорда қаласы сағатына 45-50 МгВт тұтынса, қазір ол еселеп артты. 2000 жылдардың орта шенінде жылу орталығында пайдалануға берілген газтурбиналық станса қуат көзін еселеуді көздейді. Себебі қажеттілік өсуде, халық саны артып келеді. Жуырда ғана көптен күткен үміт оты жанып, Қызылордада шыны зауыты техникалық тұрғыда іске қосылды. Сарапшылардың пікірінше, бұл өндіріс энергияны молынан талап етеді. Демек, өнімнің өзіндік құны қымбаттайды.  Бұл, әлбетте, жаңа, тосын шешімдер қабылдауды талап етеді.

Мемлекет басшысының Жолдауында «Еліміздегі экология мәселесі басты назарда болуға тиіс» деп атап көрсетті. Қоршаған ортаның қазіргі хәлі – көпшіліктің көкейіндегі мәселе. Адам санасы барлық іс-әрекетін экологиялық тұрғыдан қарастырмаса, тіршілігімізге қауіп төніп тұрғаны сөзсіз. Осынау мағынасы кең, өмірдің барлық саласын қамтитын экология ұғымы туралы ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосанов былай дейді.

«Табиғаттағы тепе-теңдікті сақтап тұру үшін бізге эколог мамандар қажет. Халық шаруашылығының барлық саласындағы жұмыстардың дұрыс жүргізілуін солар қадағалауы керек. Бұған дейін өңірімізде биологтар, математиктер, журналистер арасынан экологиямен айналысатын мамандар көптеп шықты. Дегенмен, қазір өңірде осы экологиямен кәсіби түрде айналысатын ғалым мамандардың жоқтығы байқалып отыр. Айталық, Арал теңізі тартылған тұста аймағымызда экология термині «модаға» айналған еді. Қоршаған ортаны қорғау саласына айрықша мән берілді. Бүгінде осы үрдіс ұмытыла бастады. Қазір біз Арал апатынан да үлкен мәселелермен бетпе-бет келіп отырмыз. Оның ең біріншісі – әлемдік климаттың өзгеруі. Оны алысқа бармай-ақ, облыс климатынан күнделікті көріп отырмыз. Мысалы, былтырғы мен биылғы көктемнің арасындағы, өткен жыл мен биылғы жауын-шашын мөлшерінің айырмашылығы қандай? Болмаса, келер жылы орын алуы мүмкін деген жағдайларды дөп басып айта алмаймыз. Себебі климаттағы аномалия жылдан жылға жиілеп жатыр. Қолымыздағы дүниелердің барлығынан айрылып жатырмыз. Оның көптеген себептері бар», — дейді ғалым.

Көктем келсе елдегі ең үлкен проблема – науқаншылдық. Жыл сайын белгілі бір уақытта тал, сексеуіл егу акциясы өтіп жатады. Бірақ ол көшеттің ағаш боп өсіп кетуі үшін күтімі болатынын естен шығарып жіберетіндері бар. Егуін еккенмен астарында шынайы жанашырлық жоқ. Айналып келгенде, экологиямен айналысу – табиғаттағы тепе-теңдікті сақтай отырып, келер ұрпаққа аман-есен аманаттап қалдыру емес пе?! Экологияға шындап көңіл бөлетін уақыт баяғыда келді. Экология ғылымын жандандыру, осы саладағы ғылыми ортаны қайта жаңғырту қажеттігін алға тартады ғалым.

«Облыста тәуелсіз экологтар легін қайтадан қалыптастыру керек шығар? Қазір әлеуметтік желіде, түрлі ақпарат алаңдарында осы мәселені көтеріп жүрген адамдар көбейіп келе жатыр. Енді сол ақпараттар үшін ғылыми негіз керек. Аймағымызда аға буын эколог мамандар жеткілікті болған. Біз солардың артынан ізбасарларды, жан-жақты білімі бар, ғылыммен қаруланған азаматтарды дайындауымыз керек.

Бүгінде бұрын жайқалып тұрған жерге барсаң, көшкен елдің жұрты сияқты әсер қалдырады. Қала ішімен жүріп бара жатқанда да баяғы дария жағасында жайқалып тұрған Қызылорданы көргің келеді. Экология саласында қордаланып қалған мәселе облыс орталығында да жеткілікті. Мысалы, Қызылордада өсіп тұрған жасыл желектің саны қанша? Түрлік құрамы қандай? Қай көшеде қанша тал бар? Олардың нешеуін он жылдан кейін, нешеуін бес жылдан кейін алмастыру керек? Немесе, оларды суару мәселесі қалай? Негізгі зиянкестері қандай? Қандай ауруларға ұшырайды? Бұл мәселе бойынша бірде-бір зерттеу жоқ. Қызылорда қаласындағы жасыл желектерді инвентаризациядан өткізу, паспортын жасау үлкен мәселе болып тұр. Әлі күнге шешімін таппай келе жатыр», — деп қынжылады С.Қосанов.

Нұр-Сұлтан қаласын мысалға келтірген ғалым, климатты өзгертетін жасыл белдеу орнату жұмыстарын бізде де қолға алынса екен, дейді.

«Өзіміздің жергілікті, өңірге әбден жерсінген тораңғылды көптеп егуіміз керек. Оның екі түрі бар, соның ішінде еркек тораңғылды көптеп еккен жөн. Оған қоса, үпелек шығармайтын терек түрлерін, нағыз қызылордалық саналатын қарағашты көптеп отырғызу қажет. Қазір қарағаштардың барлығы құрт түсіп, аурушаң болып қалды. Солардың бәрін жойып, орнын толтырсақ, керемет болар еді. Сәндік екпе ағаштарының ішінен катальпа, үйеңкі дегендер жақсы жерсініп қалды бізге. Солардың барлығын арнайы питомник жасап, көбейту жұмыстарына кірісу керек. Мұның бәрі – бір ғана көгалдандыру мәселесі. Жалпы экологиялық мәселелерден ауаның ластануы, сырттан әкелініп жатқан азық-түлік өнімдерінің сапасына деген бақылаудың жоқтығын айтсақ болады. Мысалы, жазда сатылатын базарлардағы қауын-қарбыз құрамындағы нитраттың мөлшерін ешкім анықтап жатқан жоқ. Мұнымен бірде-бір мекеме айналыспайды. Дастархандағы ас мәзіріміздегінің 80 процентке жуығы – сырттан келген өнімдер», — дейді жанашыр ғалым.

Аймақтың экологиясы сын көтермейтіні рас. Сондықтан, экологияны шындап қолға алу үшін, алдымен мамандар дайындап, қала аумағына жасыл белдеу орнату қажеттігі туындап отыр.

Тегтер: