Қызыр ата мұнарасы

Тарихи нысанға туристердің қызығушылығы артып келеді
Шымкент қаласына қарасты Сайрам елді мекенінде орналасқан Қызыр мұнарасының аумағына абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Үш жүз жылдық тарихы бар кешенге деген туристердің, зерттеушілердің қызығушылығы жыл санап артып келеді. Қалалық туризм басқармасының бастамасымен меценат Бауыржан Мырзатаевтың демеушілігімен мұнараның аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Басқарма Қызыр мұнарасын зерделеп, реставрациялық жұмыстар жүргізу үшін алдағы уақытта тарихшы-археологтармен арнайы экскурсиялар ұйымдастыруды жоспарлауда.
Шымкент қалалық әкімдігінің хабарлауынша, «Қазақстанның киелі жерлерінің» картасына сәйкес, республикалық маңызы бар ескерткіштердің тізіміне Шымкент қаласынан жеті нысан енген. Соның бірі – осы Қызыр мұнарасы. Мұнараның биіктігі жер сілкінісі салдарынан 10,5 метрден 5,7 метрге дейін төмендеген.
Тарихи деректерге қарағанда, Сайрам өңірі ислам дінін қабылдаған соң, халық қала ортасынан үлкен мұнара мен мешіт тұрғызып, оны «Қызыр мұнарасы» деп атаған. Дін иелері Қызырды (Қыдырды) көзі тірі пайғамбарлардың бірі деп есептеген. Қызыр аталу себебі – ол отырған жердің түсі әп-сәтте жасылға айналады екен. Жасыл түс пен жер дүниенің көктеп, гүлдеуін араб тілінде «хезра» деген.
Қазақтың түсінігінде Ұлыстың ұлы күнінде ел ішін Қызыр аралайды. Осы себепті Наурыздың қарсаңында жұрт үй ішін тазалап, Қызыр атаны күткен. Қызыр атаның батасын алған адамның бойына қасиет дарып, басына құт қонады. Қазақта «Қызыр қонған», «Қыдыр дарыған» деген сөздің астарында осы түсінік жатыр.
Адамға Қызыр ата өмірінде кем дегенде үш рет көрінеді екен. Ол алғашқыда жиырма жеті жастағы жігіт, екіншісінде қырық жеті жастағы жігіт ағасы, ал үшіншісінде алпыс жеті жастағы қария кейпінде жолығады-мыс.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, әулиенің басына алғашқы мұнара Х ғасырда тұрғызылған. Сайрамның көне шежірелеріндегі жазбаларға қарағанда, оны Сұлтан Мансұр салдыртқан. Бұл жерге Қызыр атаның әкесі Қожа Салық баба жерленген деген аңыз бар. Ал Қызыр атаның қабірі жоқ. Қызыр ата Мұса пайғамбардың заманында өмір сүрген деседі. Аңыз әңгімелерге қарағанда, ол – жол мен жердің иесі, ел кезіп жүріп, өзі ұнатқан адамды дәулетке кенелтеді. Қызыр ата тек Наурызда ғана емес, жыл он екі ай ел аралап, жұртқа батасын беріп жүреді. Қызыр ата ниеті таза кез келген адамға кез келген жерде көріне береді. Ең бастысы, оған сену қажет.
Бүгінде тарихи әрі киелі мұнараға зиярат етушілердің қарасы аз емес. Саяхатшылардың арасында сонау Арабиядан келушілер де бар.
Ел арасында тағы бір мынадай қызықты дерек бар: Қызырдың оң қолының бас бармағында сүйек болмайды және оның реңi қызғылт болып келедi. Осындай бармағы бар адамға жолыққан кiсiнi Қызыр ата қолдайды екен. Құран Кәрімнің «Кәһф» сүресінің 60-82 аяттарында Мұса пайғамбар мен Хыдырдың (Қыдыр ата) қиссасы баяндалған. Қызыр ата мұсылман қауымға ортақ тұлға болғанымен, оны көп ұлттар тек мифтік бейне ретінде санайды. Әзірбайжандағы әйгілі Бешбармақ тауының етегінде Қызыр Зинда деп аталатын кесене бар. Бұл тау халық арасында «Қызырдың тауы» деп те аталады. Қызырға қатысты нысандарды әлемнің әр түкпірінен жолықтыруға болады. Құдыс қаласында Қыдыр күмбезі, ал Самарқанда Хазіреті Қызыр мешіті бар. «Қыдырдың сүйегі Кувейттегі бір аралда жерленген» деген мәлімет те кездеседі.
Сайрам елді мекені 2013 жылы Сайрам ауданының құрамынан Шымкент қаласының аумағына өтті. Зерттеушілердің пікірінше, Сайрам туралы ең ескі дерек біздің жыл санауымыздан бұрынғы ІV ғасырда жазылған парсылардың кітабы – «Авестада» ұшырасады. Аталған кітапта ол «Сайрим елі» деп жазылған. Қаланың атауы туралы түрлі болжамдар бар. Кейбір тарихшылар «Сайрам» деген сөз көне түркі тілінен аударғанда «Тастақ сай» дегенді білдіреді дейді. Қаланың Сайрамсу өзенінің бойында орналасуы, жерінің тастақты болып келуі бұл болжамды қуаттай түседі. Ал қаланың орта ғасырлардағы атауы – Исфиджаб. Қала өз тарихында Аққала, Орынкент деген атаулармен де белгілі болған.
«Көне парсы деректерінде Сайрам «Сайрим» деп жазылған. Мұндағы «Сайр» деген сөз парсы тілінде «бас» дегенді білдіреді. Бұған қарағанда Сайрам «бас қала» деген мағынаны беруі де мүмкін», – деп жазған өзінің ғылыми еңбектерінде сайрамдық ғалым, ұзақ жылдар бойы осындағы өлкетану мұражайының директоры қызметін атқарған Мирахмад Мирхалдарұлы.
Жергілікті халықтың қолында сақталып қалған шежірелерде Сайрамның негізін Ыдырыс пайғамбардың қалағаны жазылған. Көне Сайрамның орны осы уақытқа дейін ғылымда нақтыланбаған. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, ол Сайрамсу өзенінің сол жағалауында Қазығұрт тауына жақын жатыр. Белгілі түркітанушы Бартольдтың еңбектері де осыны меңзейді. Ал қала қазіргі орнына кем дегенде осыдан 2000 жыл бұрын қоныстанған.