Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:29, 04 Ақпан 2021

Рахымжан ЕЛЕШЕВ, академик: Ағаларды сағынғанда

None
None

   Сөздің маржанын, ойдың жақұтын терген Қадыр Мырза Әлі: «Ең мықты адам – өзгені жеңген адам емес, өзін-өзі жеңген адам», – дейді.

Өзін-өзі жеңетін кісі – жақсы-жаманды жіліктеп, сөзі мен ісіне есеп бере білетін адам. Ондай жандар алтын уақыттың бағасын біледі. Уақыттың қадіріне жеткен жанның тындырары мол болады. Мені ұстаздарым осыған баулыды. «Сөз қума, бастаған ісіңнің соңына түс» деді. Докторлық жұмысты жазуға кіріскенде, үстелімнің үстіндегі шыны астында данышпан Абайдың:

«Сенбе досқа тұрса да, қанша мақтап,

Әуре етеді көзіңше өтірік мақтап.

Өзіңе сен, өзіңді жеткізетін –

Еңбегің мен ақылың екі жақтап», –

деген өлең жолдары жазулы тұрды. Күнде жұмысқа отырар алдында көзімді бір жүгіртіп, қайталап шығамын. Содан Алла жар болды, дуалы ауыз Абай сөзі қамшылады. Жұмысым жүріп берді.

     Расында, адамды биіктен биікке көтеретін – еңбегі мен ақылы екен. Осы сөзімді мен үйде ұл-қызыма қалай   айтсам,   туған   балаларымдай   көретін шәкірттеріме солай айттым. Ауыл шаруашылығы институты – аты айтып тұрғандай, негізінен, мамандарды ауылға даярлайды. Оқу бітіргеннен кейін, көп болса 2-3 пайызы ғана Алматыда қалады, ал қалғандары жыл құсындай боп туған жерлеріне кетеді. Сол себепті институт табалдырығында жүрген бес жылды мағыналы өткізсе екен де­дім. Студенттерім театршыл болса, уақыттың жаңалығынан қал­май, ілесіп отырса екен деп, декандық қызметте жүргенде үне­мі қол астымдағылардың бәрін қамшылаумен болдым. Оған өзімнің студент кезімде институт комсомол комитетінің хатшысы боп, мол тәжірибе жинағаным, одан кейін еңбек жолымды бастаған институтта қоғамдық істерге белсене араласқаным, деканның орынбасары кезінде көрген-білгендерім көп әсер етті.

– Айналайындар, Алматы – мәдениет пен әдебиеттің ордасы ғой. Басқа қалалардағыдай емес, Алматыда мәдени шараларды ұйымдастыру өте жеңіл. Күллі өнеріміз бен мәдениетіміздің сүт бетіне қалқыған қаймақтары секілді тұлғалар, құдайға шүкір, жетеді. Аттары аңызға айналған ағаларың мен апаларың да көп. Солардың әрқайсысымен кездесулер өткізіңдер. Бұл да бір мектеп, – деген ойларымды үнемі айтушы едім. Сол себепті де мен жетекшілік еткен факультетте мақтанарлық қаншама мәдени-көпшілік шаралар жүзеге асырылды.

– Сендер Рақымжаннан өнеге алсаңдаршы, – дейтін еді институт ректоры Хайдар  Арыстанбеков. Себебі өзіміз ұйымдастырған кездесу кештеріне ол кісінің өзін де арнайы шақыратын едік. Сонда біздің студенттер кімдермен кездеспеді?! Есімдері дүйім елге танылған тұлғалардың бізге келіп, әңгіме айтпағаны аз-ау, аз! Оны мен ғана емес, студенттік қызықты жылдары сол уақытқа сәйкес келген студенттерімнің бәрі-бәрі сағынышпен естеріне алатын шығар.

   Біз қазақ киносының таңғажайып тұлғасы, ұлы киноактер Шәкен Аймановпен, әлемдік сахналардың гүлі боп ән шырқап жүрген бұлбұл үнді әншіміз Бибігүл Төлегенова, Ұлы Отан соғысының тарихында есімі алтын әріппен жазылған Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Талғат Бигелдинов, партизан-жазушы Қасым Қайсенов, Әуезов театрының әйгілі режиссері Әзербайжан Мәмбетов, актерлері – Ыдырыс Ноғайбаев, Фарида Шәріпова, Асанәлі Әшімов, Сәбира Майқанова, кинода Қыз Жібегіміз бен Төлегеніміз боп ойнап, отбасын құрған Құман Тастанбеков пен Меруерт  Өтекешова, Роза Бағланова, Роза Рымбаева дейсің бе, кімдер еді тағы да… Айтпақшы, қазақ өнерінің жұлдыздары Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, Шолпан Жандарбекова, Серке Қожамқұлов, сазгерлерден Латиф Хамиди, Нұрғиса Тілендиев, сондай-ақ Ахмет Жұбанов, оның қызы Ғазиза Жұбанова, одан кейін өзімнің бала досым Ескендір Хасанғалиев – міне, осылардың барлығы біздің институтта ұйымдастырылған қызықты кездесулердің құрметті қонағы болған. Жазушылардан Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Сафуан Шаймерденов, Хамит Ерғалиев, Тұманбай Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков, Сырбай Мәуленов, Қадыр Мырза Әлі… Бұл тізімді осылай жалғастыра берсем, ол жазуым біраз бетті алары күмәнсіз. Әрқайсысы бір-бір әлем ғой осы тұлғалардың. Қай кездесуге де жақсылап дайындалатын едік, сондықтан қаладағы басқа жоғары оқу орындарының жастары да естіп алып, бізге келетін. Бас корпустағы үлкен залымыз лық толады. Бір-екі сағатқа деп келісетін кездесуімізден кеткісі келмейтін жастардың сұрап, білуге деген құштарлығы бүгін де бар. Аты-жөндерін жұрт өте жақсы білетін ғажайып кісілер Алматыда аз ба?! Солармен жиі-жиі кездессе, өзіміз кінәлай беретін қыз-жігіттеріміздің жүріс-тұрыстары мен мінездері де өзгеріп, жан сұлулықтары жарқырай түсер еді-ау деймін.

   Енді бір кезек есімде қалған әңгімелерге кезек берейін. Бір жылы майдангер-ақын, ғалым Сағынғали Сейітовтің мерейтойы болды. Ұмытпасам, 60 жылдығы болу керек. Содан біз де қалыс қалмайық деп, қонаққа шақырдық. Сағынғали ағамыз жанына қарулас досы, арқалы ақын Хамит Ерғалиев пен өлеңге де, сөзге де дес бермейтін ақын інісі Ғафу Қайырбековті ерте келіпті. Ректорымыз жолсапарда жүрген, оның орнына мен келдім. Горбачевтің арақпен алысып, жеңе алмай жатқан жылдары еді бұл. Кездесу керемет өтті. Ағаларымыз студенттердің алдында кезектесіп өлеңдерін оқыды, қайта-қайта ду күлдіріп, өз өмірлерінен, жазушылар тағдырынан қызықты әңгімелер айтты. Институттағы «Алтын дән» ансамблінің даңқы дүркіреп тұрған кез. Өз әншілеріміз де әдемі әндерді бірінен кейін бірін тамылжыта шырқады. Несін айта берейін, қысқасы, кездесу ұзаққа созылды және сондай әсерлі өтті.

– Ойпырмай, мына болашақ агрономдарың мен инженер, орманшыларың осыншалықты жырқұмар деп кім ойлаған?! Сөз жоқ, бұл жағын қатырдыңдар! Кездесуді қыздырайық деп, біз де біраз жерден қайттық-ау деймін. Өзі шөлдеп те қалдық, – деді Хамит аға гүрілдеп. Қай жерде де өзін еркін ұстап, еркелеп сөйлейтін әдеті бұрыннан таныс. «Шөлдеу» сырын да ішім сезіп, қылп ете түстім. Енді қалай болар екен деп, кабинетіме ертіп келдім. Қыз-келіншектер дастарханды жақсылап дайындап қойыпты. Ет те желінді, шай да ішілді. Бәрінің үстеріне бір-бір шапан кигізілді. Бәрі келісіп тұрғанымен, байқаймын, әсіресе Хамит аға тықырлап отыр. Ішуге, ішкізуге болмайды. Заң жаман.

– Әй, Рақымжан, есіктерің өте жақсы екен, – деді Ғафу ағамыз күліп.

– Есікте мін жоқ қой, Ғафеке, – дедім мен.

– Ендеше мына ашық тұрған терезелеріңді жауып, отыра бермей, бірдеңесін жасасаң қайтеді? – деді Хамит аға іліп әкетіп. Отырғандардың бәрі күлді. Ішінде өзім де бармын. Ду күлкіміз басыла бергенде:

– Хамит аға, бәрін біліп отырмын, айтқандарыңызды жасағым-ақ келеді. Бірақ бүгінгі жағдай басқа боп тұр ғой. Оның үстіне жоғары оқу орны деген аты бар. Айналада аңдығандар және көп. Солардың сөздеріне ілік болмайық деп, өз-өзімді әрең тежеп отырған жайым бар, аға. Әйтпесе кездесуден кейін және бір кездесу ұйымдастырып, отырысты қыздыратын-ақ күн еді, қайтейін… – дедім.

– Әй, мен сені батыр ма десем… – деп қалды ештеңеден жасып, жасқанбайтын Хамаң. Арғы жағында «жасық екенсің ғой» деген сөзі қалды.

 Заман-ай десеңші! Енді қайда сол жылдар? Елді билеп-төстеп, көбік сөзімен КСРО-ны ғана емес, күллі әлемнің басын шатып, шырмаған Горбачев қайда? Қазақтың қарғысына тап болған «қан маңдайдан» қорықпай-ақ іш қыздырар нәрсені алға тартсам, Хамит аға әлгі сөздің орнына өле-өлгенше айта жүрерлік сөз айтар ма еді, кім білсін?! Дегенмен осының өзі де әдемі жүздесу болды біз үшін.

   Бибігүл апамызбен ұйымдастырылған кешіміздің әсері ғажап болды. Әні қандай, айтқан әңгімелері қандай, шіркін! Өзін ұстауы, әдемілігі, сөз саптауы – айта берсе бір-бір әңгіме.

Ал енді Ыдырыс Ноғайбаев, Фарида Шәріпова, Асанәлі Әшімов – бәрі бір толқын ғой. Әрқайсысының өнерде қайталанбайтын өз орны бар. Оларды сахна мен экраннан көру бір бөлек те, арнайы шақырып сырласудың әсері тіпті басқа екенін көпке дейін студенттер ғана емес, ұстаздардың өздері де ауыздарының суы құрып айтып жүрді.

Сол жылдардағы институттың жетістіктері, ондағы жүйелі жүргізілген мәдени-көпшілік жұмыстар кім-кімнің де көңілін көншітетін. Сондықтан да біздің оқу орнымыздың деңгей-дәрежесін көтеруге ерекше үлес қосқан Хайдар Арыстанбеков ағамыз:

– Сендер білесіңдер ме, біздің СХИ анау-мынау оқу орны емес. Бұл – «Самый хороший институт» деген сөз. Біз жай ғана мамандық беріп қоймаймыз, оларды жан-жақты жетілдіреміз. Ертең ауылға барғанда елді көркейтетін осылар, – деп отыратын.

Хайдекең ағамыздың әлгі айтқаны кейін қанатты сөзге айналды. Біздің бүгінгі ректорымыз Тілектес те осы сөздерді естіп, рухтанып өсті. Институттың комсомол, кәсіподақ жұмысында ысылды. Кандидаттық жұмысын Мәскеуде қорғады. Басшылық жұмыстың тағылымды мектебінен өтіп, қазір Алматыдағы тарихы арыдан басталатын іргелі университетті басқару үстінде.

– Аға ұрпақтың әрлі әңгімелері жастардың өресін өсіретінін әрдайым есте ұстайық, – дейді Тілектес. – Айтары мол ақын-жазушы­лар­мен жиі-жиі кездесу өткізіңдер, спорттық жарыстарды ұмытпаңдар. Ұлттық тәрбиені жетілдірмей, ілгері баса алмаймыз. Елімізге керегі – отаншыл ұрпақ.

  Біздің университетте әлемдік ауқымда танылған ақын Олжас Сүлейменовке арналған лаборатория жұмыс істейді. Мәдени-көпшілік жұмыстар жүйелі жолға қойылған. Баяғы дәстүр бойынша кездесулер көп өтеді. «Бұл жерде біз бұрын да болғанбыз. Сол жүздесулеріміз есімізден шықпайды», – деп, Қадыр Мырза Әлі де, Тұманбай Молдағалиев те шабыттанып жырларын оқыды.

Жастық шақтың ең шырайлы кезі студенттік жылдарың деймін мен. Сондықтан бұл уақытты кім-кім де мағыналы істерге арнауы керек. Өмірлік нәр жинауы қажет. Біз соған негіз ғана саламыз, жол көрсетеміз. Ал қалғаны өздеріңнің еншілеріңде дейміз.

«Ақылды адамға да кемеңгердің кеңесі керек», – дейді Қадыр Мырза Әлі. Кеңестің үлкені – келісті әңгіме. Бастан өткерген оқиғаларды өрбітіп айтып та, тәрбиелеуге әбден болатынына әлгіндей етіп өткізген кездесу кештері арқылы көзіміз жеткен. Соның бірі де бірегейі – Баукеңмен, батыр Бауыржан Момышұлымен болған кездесу.

Бұл «Ақиқат пен аңыз» атты роман-диалогтың енді ғана жарық көріп, күллі ел жарыса оқып жатқан кезі еді. Сондықтан кездесуге оның авторы, өздерінің студенттік шақтары туралы да ғажап роман жазған Әзілхан Нұршайықовты қоса шақырдық. Оған үлкендер де қатысты. Баукеңмен кездесу болады екен дегенді естіген жұрт басқа жақтардан да ағылды. Не керек, залда ине шаншыр орын қалмады. Бәрінің құлақтары құрметті қонақтарда. «Баукеңмен кездессін балалар» деп, осы кешті ұйымдастыруға бастамашы болған ректорымыз Хайдар Арыстанбекұлы да отырды жандарында.

Жан-жақтан сұрақтар қарша борады. Бәрі де қызықты сұрақтар. Әрине, қызықты сауалдарға қызықты жауаптар беріледі.

– Бауыржан аға, соғысқа бастан-аяқ қатыстыңыз. Айты­ңызшы, қанша фашист солдатын өлтірдіңіз, солардың санын айта аласыз ба? – деді бір студент.

– Менің қолымнан ажал құшқан жау солдатында қисап жоқ, – деді Баукең кідірместен. – Себебі біз жау солдаттарын қырып қана жеңдік. Ол – жасанған жауды қырып-жоюға қатысқан күллі кеңес әскерлері мен жеңісті қамтамасыз ету үшін еңбек еткен адамдардың еңбегі. Сондықтан өлтірілген фашист жендетін мен өлтірдім деп айта алмаймын. Бірақ олардың жер жастануына мен секілділердің бәрінің үлесі көп.

– Менің сұрағым, Әзілхан аға, сізге арналады. Аға, сіз «Бауыржан Момышұлының үйіне барғанда соғыстағыдай қарсы алып, тікемнен тік тұрғызып қойды. Командирдің аты – командир, өте қатал кісі, бір жолы қуып шықты» деп жазып едіңіз. Сіз ол кісіден қазір де қорқасыз ба? – деді екінші студент.

– Шырағым, бұл кісіден қорықпаймын деу бекершілік. Мен осы отырған сәтте де, не деп қояр екен деп қорқып отырмын. Бірақ мені билейтіні – жүректің үрейі. Өйткені мен батыр Бауыржанның бейнесін әлі де толық зерттеп, жазып бере алмадым-ау деп отырамын. Біз білмейтін әңгімелері өте көп. Кейде қасынан қалмай жүргенде ренжітіп аламын ба, әңгімелерін айтпай қоя ма қорқамын, – деп жауап берді Әзекең.

Құрметті оқырман, міне, осындай кездесулерді, кездесу үстінде айтылған әңгімелерді ұмытуға бола ма? «Екі адамның ортасында отырып та, үйренетін нәрсені табуға болады. Олардың жетістіктеріне еліктеп, кемшіліктерінен сабақ аламын», – деген екен кемеңгер Конфуций. Ал атақ-даңқы жер жүзіне жайылған кісілермен өткізілген кездесулер ше? Оған әлденеше жүз кісі қатысады, ой бөліседі. Демек, одан алатын тәлім мен тәрбие сабағы шексіз болуға тиіс. Баукеңнің әрбір сөзі, әрбір әңгімесі елдің есінде.

Сондай аңыз адаммен студенттер кездесуін ұйымдастыруға белсене араласқанымды  бүгінде сағынышпен еске аламын. Бұл – менің өмірім.

Тегтер: