Рахымжан Отарбаев драматургиясындағы жалпы адамзаттық рухани құндылықтар
«Ақиқаттың алдаспаны» республикалық эссе байқауының «Қазақ драматургиясының дара шыңы» номинациясына
Рахымжан Отарбаев драматургиясындағы іргелі тақырып – адам мәселесі, оның әлемдегі орны мен рухани құндылығы. Суреткер драматургиялық шығармалары арқылы адамды сүюге, «адам» ұғымын құрметтеуге үндейді. Драматургтың барлық пьесаларынан адамзат назарын жақсылыққа, мейірімділікке, қамқорлыққа, арлылық пен әділдік мәселелеріне аударуды мұрат еткендігі айқын аңғарылады.
Рахымжан Отарбаев «Бейбарыс сұлтан» пьесасында адамға қастық ойлап, қиянат жасаудан ұялмайтын Хуан пірәдардың бейнесін кескіндейді. Пьесадағы Хуан пірәдар – Бейбарыс сұлтанға өлім тілеуші, рухани дертке ұшыраған жан. Хуан пірәдар оны өзі де жасырмайды: «Айтайын, әмiршiм. Мен сенiң кiсенмен құл боп келiп көсем болған атағыңды қызғандым. Қызғаныш кеудемдi қыздырып, тыншу бермедi» деп ақтарылады.
Пьеса оқиғасы басталғаннан Хуан пірәдардың қызғаныштан көзі қызарған жан екендігін драматург оқырманға бірден сездіреді. Аталмыш кейіпкер мінезіне, болмысына, танымына сай түнекті сөздерін де аямайды. Хуан пірәдар Иса Тұран Шаһқа Бейбарыс туралы айтқанда, «нәсілі бөлек, қаны бұзық» деп көңіліне күдік ұялатуға тырысады, азғырарлық әрекеттерден аянбайды. Бұны біз Хуан пірәдар мен Иса Тұран Шаһтың арасында өрбіген әңгімеден де анық байқаймыз:
«ХУАН (еңкейiп сыбырлап): Ұлы әмiршiм, Бейбарыс сенiмiңiзге кiрiп, iштей iрiткелi жүр. Жұлдызшы солай дейдi. Тездетiп көзiн құртпаса, тақтан дәмелi дейдi.
ИСА ТҰРАН ШАҺ (қарқылдап кеп күледi): Тақтан? Қолаяғын кiсен қиған мәмлүк ендi бағын тақта сынағысы келедi де. Мен тiрiде ойлағаны iске аспас, Хуан пiрәдәр».
Мысыр мемлекетінде әскербасы болып тағайындалғаннан бері Бейбарыстың ізін аңдып, дұшпандық істерден іркілмей келе жатқан Ібіліспиғылды Хуан пірәдардың пьеса финалына жақын бетпердесі сыпырылады. Хуан пірәдардың Бейбарыс сұлтанға уланған қарбыз беріп тақтан тайдырмақшы болған астыртын әрекеті әшкереленеді. Бұл оқиғадан хабардар болған Бейбарыс сұлтанның кемеңгерлігіне куә боламыз:
«БЕЙБАРЫС: Ең ғажабы мынада! Құлпытастарға өлген адамдардың есімі, ата тегі, руы жазылып, әрқайсысына бәлiзшi «бiр күн өмiр сүрдi, үш күн, бес күн, жүз күн өмiр сүрдi» деп өрнектейдi.
ХУАН: Сонда қыпшақтар одан артық өмiр сүрмеген бе?
БЕЙБАРЫС: Жо-жоқ! Жайдақ атқа секiрiп мiнетiн жүз жастағы қариялары бар қуатты жұрт. Бiрақ олар жақсылық жасаса ғана өмiр сүрдiм деп есептеген… Дос-жаранына, руластарына, ел-жұртына, күллi Отанына… (Пауза). Мәселен, (саусағын көрсетiп) үш жақсылық – үш күндiк өмiр. Құлпытастағы есеп осылай. Жүзге келсең де қалған ас iшiп, аяқ босатқан күндерiң ғұмырыңды құрамайды. (Хуан таңғалып, бас шайқай бередi. Бейбарыс қатайып) Айналасын қызғаныш боп шарпыған, қолтығына ғұмыр бойы у тыққан, күллi әлемге қара тырнақтай жақсылық сыйлауға әлi келмеген, Хуан пiрәдәр, сiздiң құлпытасыңызға «Туды да өлдi», – деп өшпестей ғып жаздырамын. (Жұдырығын түйiп) Өшпейтiн ғып! Кейiнгi ұрпаққа ащы сабақ болсын! (Алақан ұрады) Сөз тәмам!».
«Күллі әлемге қара тырнақтай жақсылық жасауға әлі келмеу» адамзатты аздырарлық қылық екендігін драматург Бейбарыс сұлтан монологы арқылы ескертеді. Бейбарыстың бұл соңғы монологы – жақсылықты жоқтаған жанайқай! Бұл – ақиқатты таныған адамның адал сөзі. Бұл – сәулелі тұлғаның сөзі. Хуан пірәдар – түнектің нышаны, Бейбарыс сұлтан – жарықтың нышаны.
Пьеса мазмұны: «Қызғаныштан аулақ болайық! Ол күнәға жетелейді. Адамның бағын қызғану – бейшаралық, байғұстық. Адамгершілікті ұмытпайық!» деп насихаттайтындай. Тақырып жағынан Рахымжан Отарбаевтың бұл пьесасы Александр Пушкиннің «Моцарт және Сальери» атты драмасының тақырыбымен егіз. Александр Пушкин пьесасында Сальери Моцарттың композитор ретіндегі дарын-қабілетін, абырой-атағын, бағы мен барын қызғанады. Сол қызғаныштың өртіне шарпылып, Моцартқа қасақана улы шарап ұсынады.
Мықты көсем болу да, мықты композитор болу да – Құдірет қалауымен берілетін бақ. Бейбарыс та, Моцарт та – жазықсыз, нақақтан күйіп, қараниеттілердің қастығына, қиянатына ұшырап, бағы күнделіп, жапа шегушілер. Пушкин мен Отарбаев үндестігі – жазықсыз жапа шегушілікті жырлауларында. Фридрих Вильгельм Ницще: «Қызғаншақтық – шексіз ақымақтық» десе, Галилео Галилей: «Қызғаншақтық пен зұлымдық – надандықтан» деп тұжырымдайды. Р.Отарбаевтың да, А.Пушкиннің де ойлары атақты философтардың дүниетанымдарымен үйлесімділік тауып тұр. Қос драматургтың адамзатты ақымақтықтан, арсыздықтан, алдамшылықтан, жауыздықтан, зұлымдықтан арашаламақ ниеттері шығармаларында «шырылдап» тұр. Қызғаншақтық адамға біткен бақты кешіре алмаудан басталады.
Ұлы драматург ең алдымен ұлы психолог, ұлы парасаттың иесі болатындығының жарқын дәлелі – Рахымжан Отарбаевтың тартысқа толы пьесалары. Рахымжан Отарбаев драматургиялық шығармаларында көтерілген тақырыптар әлемдік деңгейде жазылғандығына таңырқамасқа шара жоқ. Ол қазақ драматургиясында құбылыс бола білді.
Рахымжан Отарбаевтың «Абай: сот» трагедиялық драмасы – ұлы кемеңгердің ғазиз рухын қастерлеуді насихаттаған, тағылымына тағзым етуді аманаттаған философиялық туынды. Шығарманың идеялық концепциясын ашып айтар болсақ, суреткер бұл пьесасында адамдардың ақшадан басқаны сүймейтін дүниеқоңызға айналғандығын, пұлға пұтқа табынғандай табынатын құдайсыздықтарын, атақ пен ақшаның иесі болу үшін, билік пен мансаптың иесі болу үшін ардан аттайтын зұлымдықтарын қатты сынайды. Пьесада елдің азғындап кеткенін көріп, Абайдың етжүрегі езіледі. Ел мінезінің мүлде өзгермегенін, өресі жетілмегенін, «жүрек көзінің» ашылмағанын, сөзінен өнеге алмағанын көріп, Абайдың тірі рухы бұрынғыдан бетер күңіренгендей болады. Бұл пьеса «сиқырлы реализм», басқаша айтсақ, «фантастикалық реализм», «магиялық реализм» тәсілімен жазылған. Себебі Абай ескерткішіне жан бітіп, ол осы біз өмір сүріп жатқан дәуірде рух саяхатын жалғастырады. Абай өз дәуірінде Дүтбай болыспен кездессе, біз өмір сүріп жатқан жаңа дәуірде Күтбай әкіммен жолығысады:
«АБАЙ: Даланы аштық, қаланы рэкет жайлапты, Күтбай шырақ. Бұған не айтасың?
КҮТБАЙ (терезеге қарап): Дала. Даланың еркiндiгiн өз қолына бердiк. Бiрақ еңбек етпейдi. Шетiнен жалқау, жатып iшер. Алма пiс, аузыма түс дейдi. Рэкет деген өзiмiздiң қазақ балалар ғой, өздерi бiр өңшең айналайындар. Сiз түсiнбейсiз, ақсақал, ол деген жаңа кәсiп. Ым, солай.
АБАЙ: Құлға бостандық берсең, құдыққа құлап өледi деген. Бiр-бiрiн алдаған, арбаған, тонаған халық. Сонда мұның аты қазақ болғаны ма?
КҮТБАЙ: Ал, ақсақал, келген шаруаңа көш. Уақыт тығыз (сағатына қарайды). Алдын-ала кесiп айтайын, ауылдан қаланы сығалап келiп жүрген бiреу шығарсыз, прописка жасай алмаймын, пәтер бере алмаймын. Кезекте кiсi көп. Материалдық көмек және таусылды. Кассада тиын-тебен қалды. Зейнетақыңды көтере алмаймын. Бюджетте ақша жоқ. Бала жетелеп келсең, оқуға түсiре алмаймын. Оған тамыр-таныстық, ең бастысы (бас бармағы мен балаң үйрегiн уқалап), ақша керек...».
Осы тұста Күтбай әкімнің Абайға айтқан: «Бала жетелеп келсең, оқуға түсіре алмаймын. Оған тамыр-таныстық, ең бастысы, ақша керек...» деген сөздері қоғамды жегі құрттай жалмаған жемқорлықтың емеуріні емес пе?.. Абай бұған қатты қынжылады: «Баяғы құлқын бiр құлқын! Баяғы, баяғы, баяғы бәрi! Заман қанша құбылса да пәндесiнiң ниетiн тазалай алмаған екен… Әттеген-ай!».
Абай заманында «жеңімпаз» болған жемқорлық пен парақорлықтың, біздің де заманымызда «жеңімпаз» болып қалуына не себеп?
«Жалын мен оттан жаралған,
Сөзді ұғатын қайсың бар?
Партия жиып, пара алған
Пейілі кедей байсыңдар?!», — деп жырлаған Абайдың жанын ұғынар билікте біреулер бар ма екен бұл заманда? Кім бар?
Абайдың жанын мазалаған әлеуметтік, жалпы адамзаттық мәселелер драматург Рахымжан Отарбаевтың да жүрек-санасын алаңдатқаны рас. Сондықтан Абай болып сөйлеу драматург тарапынан сәтті сомдалған.
«Азарсың, жұртым азарсың,
Азарыңның белгісі:
Қылмысы жаққан қылықты,
Алып шығар деп еді.
Қылмысы жақпас қырсықты
Тағдырына ренжіп,
Налып шығар деп еді...», — деп тебіренген Мөңке би Тілеуұлының «қылмысы жаққан қылықтылық» дегені осы Абай айыптаған жемқорлық емес пе? «Алып шығу» дегені «жеңімпаз болып шығу» дегені ғой? Демек, «қылмысы жаққан қылықты» жан, яғни, жемқор қашанда «жеңімпаз» болып шықпақ па? Бұл қалай болғаны сонда? Әлеумет ішіндегі әділетсіздіктің әумесерлігі қашан тоқтамақ? Алланың сәулелі музыкасы көкірегіне құйылып, жүрегінен туған «Абай: сот» пьесасы арқылы пайғамбардай ақынның пайым-парасатын жеткізе білген талантты драматург өнердің ұлылығын дәлелдеп кетті.
Рахымжан Отарбаевтың кезекті бір шедевр драматургиялық шығармасы «Нашақор жайлы новелла» деп аталады. Бұл пьеса да кемелдік биігінен көрініп, жаныңызды ғарыштық музыкадай керемет күйге бөлейді. Шығарманы оқу барысында кейіпкерлердің тағдырларына жанашырлығыңыз оянады. Бұны Аристотель өзінің «Поэтика» атты кітабында әдебиетке қатысты теориялық мәселелерді талдай отырып, «катарсис» деп атаған. Катарсис – қорқыныш пен қайғы арқылы рухтың жаңғыруы, тазаланып, жаңалануы. Катарсис ұғымы психотерапияның бір тәсілі ретінде атақты австриялық психоаналитик, психиатр-невролог Зигмунд Фрейдтің психологиялық талдауларында қолданылған. Рахымжан Отарбаев драматург ретіндегі талдауларының да ілімділік тұрғысынан Аристотель мен Зигмунд Фрейдтің талдауларымен дәрежелес екендігін ескермеуге болмайды. Себебі драматург өз пьесасындағы басты кейіпкер Жалқытайдың нашақорлық өмірі басталғаннан байқалатын мінез-құлқындағы өзгерістерді психологиялық талдаулар арқылы шебер суреттеген. Оқырман үрейленіп қана қоймай, сонымен қатар жас өмірінің көктей солғанына қайғыратындай етіп басты кейіпкердің сөздерін, әрекеттерін құрастыруда драматург көп ізденген.
Бұл пьеса: «Өмірдің мәні – ұрпақ жалғастығында, адамзат амандығында» деп тербейді ғибрат-әуенімен. Суреткер бұл тағылымды туындысында мейірім, иман, ар, отбасы, адамның денсаулығы, адамның өмірі, адамның бостандығы, адамның арманы, адамның үміті секілді жалпы адамзаттық рухани құндылықтардың күйрегеніне күйінеді. Нашақорлық – әлемдегі қаншама адамның өмірлерін күл етіп, трагедиялық тағдырларға себеп болатын үрейлі ұғым. Нашақорлықтан қорлық көрген адамзат қайғысын жисаңыз, тау болып үйілетін шығар, төгілген көз жасы мұхит болатын шығар?.. Рахымжан Отарбаев «Нашақор жайлы новелла» атты драмасында Жалқытай мен оның жақындарының басына түскен ауыртпалықты сезінуді, олардың трагедиясының тереңдігін көруді, бір отбасының мысалында адамзаттық мәселенің өткірлігін түсінуді ұсынған.
Пьесаның алғашқы көріністері зиялы отбасында Әке мен Шеше «Жалқытай» есімді жалғыз ұлды тәрбиелеп отқандығынан хабар береді. Кейінгі көріністерде сау адамдарды нашақорға айналдырумен айналысатын кәсіпкерлерден құралған күдікті ортаға Жалқытайдың тап болғандығы баяндалады. Мұқтаж болғанда, ақша төлеп, доза сатып алуға Жалқытайдың қауқары жетеді деп ойлаған жауыздар оны есірткіге қасақана тәуелді етеді. Есірткіге тәуелді болғаннан кейін, кешегі мейірімді перзент қатыгез құбыжықтың кейпіне ене бастайды. Адамдықтан алыстайды. Ол енді «ана», «әке» деген қасиетті ұғымдарға бұрынғыдай құрметпен қарамайды. Сүйген қызы Тоғжанға деген сезімі суып кетеді, арадағы сыйластық пен қимастық жоғалады. Кеше ғана Бәйтеректей жайқалған отбасы өртке оранады.
Жалқытай – бұдан былай тірі өлік… Пьесадағы төртінші көрініс, ақырғы көрініс драматургтың символистік драма техникасын шебер пайдалануымен өрнектеледі: «… Бір-бірін жетектеген соқырлар шығады. Шамасы, он-он бес адам. Бір-бірін жетектеп жүріп адасады. Кейбірі қолына таяқ ұстап алған. Жол таба алмай жүр. Тоқтай қалып дауласады.
СОҚЫРЛАР (бастаушысы): Алдан бір жарық көріп едім.
– Қашан?
– Қай тұстан?
– Жарықтың түсі қандай?
– Ақ та. Аппақ.
– Адасатынымызды білгенмін.
– Қаңғып өлеміз.
– Қай тұста жүрміз?
– Орман іші ме?
– Тау секілді ғой.
– Оттама, мен балшық басып келем.
– (Айқайлап) Ей, көзі бар бір жан жоқ па маңайда?
– Көзі бар, көзі, жөн сілтейтін.
– Әлгі көрінген жарыққа жеткізетін».
Осынау соқырлардың арасынан Жалқытай дараланып бөлініп шығады. Бұл көріністе драматург Рахымжан Отарбаев символистік драманы зерттеуші Морис Метерлинк тұжырымдаған «мәндес диалогтардың бірнеше мәрте қайталануы, дертті сандырақ» секілді ерекшеліктерді де дәл қиыстырған. Диалогтардың астарында мистикалық мән жасырылған. Драматург Жалқытайдың өмірде адасқандығын айтқысы келеді. Кейіпкерінің Алланың ақ жолынан тайғанын, бірақ дертін емдеу үшін бір жарықты аңсайтынын сездірмекші. Бірақ Жалқытай бұл жолды өзі таңдап тайды ма, әлде, тайдырған қандай қара күш? Мүмкін, оның аты Әзәзіл болар! Иә! Әзәзіл!
Нашақорлықтан Жалқытайдың психикалық және физикалық денсаулығы бұзылады. Басты кейіпкер «биопсихоәлеуметтік-рухани» ауруға шалдығады. Ол бірте-бірте өзін-өзі құрметтеуді доғарады. Психиканың қалыпты болмауына байланысты ол ата-анасымен және ғашығымен сөйлесе алмайтын жағдайға жетеді. Бұрын әп-әдемі жеткіншек болған Жалқытай ендігіде әзәзіл иектеген әлемнің құрбаны болып, қылмыстық ортаға араласып, айналасындағы бейкүнә адамдардың барлығын бақытсыздыққа бастайды. Жалқытайдың бақытсыздығы жалпы адамзатқа жұққандай...
Пьеса шарықтау шегіне дейін үзілмей дамитын қақтығыстан басталған. Пьесаны оқып отырып, көмейіңізге өкініштен өксік тығылады. Жалқытайдың ата-анасы баласы ұшыраған қасіреттің ауыр салмағын көтере алмай, жүректері шыдамай, бақилық болады. Драматург Рахымжан Отарбаев психоаналитик, әлеуметтанушы Карл Густав Юнг зерделеген «өлім» адамзаттық архетипін осы пьесасында көркем поэтикалық тілмен аша білген. Пьеса сюжетінен естілетін мұңлы музыкадан жаныңыз құлазиды. Бұл пьеса ажал құшқан армандар жайлы.
Адам және оның тағдыры – Рахымжан Отарбаевтай драматург үшін ұлы құндылық. «Өмірді қадірлеп, жамандықтан аулақ болып, жақсылық жасауға асығуымыз керек!» деп мұң шағады ол бәрімізге. Оның драматургиясы терең философиялық тебіреністерге толы, ол өмірдің мәні өнер бейнелейтін мәңгілік жалпы адамзаттық рухани құндылықтарда деп тұжырымдайды.
Рахымжан Отарбаев – әлем әдебиетінде аты аңызға айналған тұлға. Талғампаз суреткер драматургиялық шығармаларында күллі адамзатты ойлануға жетелейтін рухани құндылықтар туралы толғанады. «Айна-ғұмыр» пьесалар жинағын оқысаңыз, кітаптың атына заты сай екендігіне көз жеткізесіз. Драматург ұсынған сырлы «айнадан» күллі адамзаттың келбетін көргендей күйде боласыз. Адам мен қоғам, тұлға мен тобыр тартыстарын, жақсылық пен жамандықтың, надандық пен парасаттың қақтығыстарын көресіз. Маңдайыңыздан суық тер ыршып, жанарыңыздан жас парлап, бірде күліп, бірде жылап, бірде жазушы ойының қуатынан тұла бойыңыздан тылсым ток жүріп өткендей немесе ар найзағайының алдында тұрғандай рухани амандығыңыз үшін уайымға батасыз.
Ең бастысы, драматург оқырманын қараңғылықтың құрсауында қалдырмайды. Жарық пен түнектің күресінде сіз алыстан сығалаған үміт сәулесімен қауышасыз. Драматург адамзатқа ізгіліктен үміт үзбеуді үйрету үшін ұлы мұрат арқалап дүниеге келген-ау деген ой кернейді санаңызды.
Рахымжан Отарбаев адам жанын түнектен құтқаруға қауқарлы қуатты қаламның иесі болып қалды тарихта. Драматург шығармалары бізге, адамзатқа рухани құндылықтарымызды жоғалтпау жолымызда дұрыс бағыт-бағдар беретін, санамызды түзеп, тура жолдан адастырмайтын темірқазықтай.
Рахымжан Отарбаев пьесалары – эмоциялар мен сезімдердің симфониясы. Ол өз туындыларын оқырмандарға түсінікті етіп беру қажеттілігін сезді, олар көптеген адамдарға әсер етті, жақын болды. Әлі де талай ғасырлар бойы жақын болып қала бермек.
Символдарды шеберлікпен қолдана отырып, драматург пьесаларында жалпы адамзатқа түсінікті тақырыптарды қозғады. Әлемге поэтикалық көркемдік деңгейі жоғары шығармаларын сыйлады. Оның драматургиясы сюжеттердің тылсымдылығымен, жарқын символдық формалармен ерекшеленеді.
Сезімтал суреткердің әр пьесасын сана сүзгісінен өткізіп, сарапқа салу әдебиеттанушылардың, мәдениеттанушылардың, өнертанушылардың, зерделі де зейінді зиялы қауымның еншісінде. Жұмбағына жан-жақты терең бойлаған сайын, драматург мұрасы ұлтымыздың ғана емес, дүйім адамзаттың рухани несібесі екенін ішкі түйсікпен анық түйсіне түсеміз. «Лишь тот, кто имеет силу, может давать ее другим» деп «дао» ілімінің негізін қалаушы, әлемге әйгілі философ Лао-Цзы айтқандай, Рахымжан Отарбаев өз тұлғасы рухани байлыққа тұнып тұрғандықтан, жалпы адамзаттық рухани құндылықтар туралы сөз қозғаудың үздік үлгісін көрсетті.
Рахымжан Отарбаев – талантты драматург, тағдырлы драматург. Тағдырлы деуіміздің де себебі бар. Ол өзі бір сұхбатында былай сыр шертеді:
«Анам Шәмсия Дәулетқызы ақжарқын, ақыл-есті кісі болыпты. Бекежан деген інім, Райса деген қарындасым жастай шетінеді. Ал, анам су білмейтін қырдың қызы. 26 жасында өзен тасығанда суға кеткен. Сөйтіп, мен бес жасымда жетім қалғанмын. Нағашы шешем Ұлжан жалғыз басы жеке үй боп құм ортасында тұрды. Өзі де, малы да құдықтан су ішеді. Маңында ел жоқ. Анам қайтыс болған соң әкем қолына алғысы келген, көшпеді. Дәулет атамның шаңырағын жыққысы келмеген шығар. Сол нағашы шешеме 3-сынып бітірген соң түйеге мініп, алма апарып бердім. Бір айдан соң барсам, жаз мезгілі ғой, шіріп кетпесін, келесі келгенде өзі жер деп әлгі алмаларды бөліп-бөліп тұздап қойыпты. Көрмеген таңсық асы. Сол шағылдары шыққан күнмен сары алтындай балқитын иен дала. Жалғыз үй. Бірге ойнайтын баланың жоқтығы әрі жастай жабысқан мұң мені қияли ғып жіберді-ау деймін. Қозы-лақ, қой қайырып жүргенмен, ойым өзге әлемде, оңаша аралда өмір сүріп жататын. Тіпті, басы бүтін десе де болғандай. Кейін ойласам, қорқынышты. Сол қиялмен жасаған аралдардан қайтпай қалуым да мүмкін еді ғой. Бәлкім, мені жалғыздықтан құтқарған да солар шығар. Сол оңаша ой қуу, өзіме-өзім күбірлеп сөйлеу… әлі күнге жалғасып келеді».
Көрдіңіз бе?! Тағдырлы драматург: «мені жалғыздықтан құтқарған да солар шығар» деп «қиялмен жасаған аралдарын», нақтырақ айсақ, шығармаларын айтып отыр. «Оңаша ой қуу… өзіне-өзі күбірлеп сөйлеу...», бұның барлығы – шығармашылықпен шұғылданатын тұлғаға таныс жағдайлар. Суреткердің осы сөздерінен-ақ драматургия жүгінің қаншалықты ауыр екенін байқауға болады. Ол жүкті Рахымжан Отарбаев адал жүрегімен көтерді.