Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:39, 17 Сәуір 2025

Рақышев, Ким, Назарбаев... Magnum өткен өткелдер

Магнум
Фото: magnum.kz

2025 жылы сәуір айының басында Magnum сауда желісінің курьері Еркін Меңдіқұлов пен тұтынушы Асылхан Әлімханұлы арасында қазақ тілінде сөйлесу мәселесінен туындаған жанжалдың соңы сауда желісіне бойкот жариялауға дейін жетті. Осы даудың «бас кейіпкері» болған Magnum желісі кімге тиесілі болғанын, оның қаржылық айналымы қандай, аталған сауда орындарының Назарбаевтар әулетімен байланысын зерттеп көрді.

Алдымен аз-кем ақпарат. Magnum оқиғасы қысқа уақыт ішінде әлеуметтік желілерде кең таралып, компанияға айтарлықтай қысым түсті. Әсіресе қазақтілді аудитория арасында Magnum-ға деген наразылық күшейіп, «қазақ тілінде сөйле дегені үшін жұмыстан қуу – тілге деген құрметсіздік» деген пікір қалыптасты. Көпшілік бұл жағдайды мемлекеттiк тiл – қазақ тілі мәртебесіне жасалған қысым ретінде қабылдады. Желі қолданушылары қызметкердің «қазақша сөйлесейік» дегені агрессия емес, жай өтініш қана екенін айтып, оны жұмыстан шығару шешімін әділетсіз әрі адамгершілікке жат қылық деп бағалады.

Magnum-ға түскен қоғамдық қысым компания имиджіне елеулі соққы болды. Сарапшылардың пікірінше, бұл оқиға Magnum-ның өз беделіне нұқсан келтіріп алғанын көрсетті – көпшілік сауда желісінің әрекетін бір қызметкерге емес, тұтас халықтың намысына тию деп қабылдады. Көптеген тұтынушы Magnum-ды айналып өтіп, альтернативті дүкендерге жүгінуге ниет білдірді. Мәселен, бір желі қолданушысы «Magnum-ды түбегейлі жаба алмасақ та, сатылымын анық төмендете аламыз» деп, өзі де бұл дүкеннен сатып алмауға бекінгенін жазған. Яғни халық тарапынан нақты экономикалық бойкот қаупі туындады. Тіпті базар жағалап сауда жасаған адамдардың видеолары әлеуметтік желілерде тарала бастады.

Осы қоғамдық резонанс пен сынға жауап ретінде Magnum компаниясы жедел түрде PR шараларын қолға алды. Алдымен, ресми мәлімдеме таратып, жағдайдың мән-жайын түсіндіруге тырысты: компания қызметкерді тіл үшін емес, бірнеше рет клиенттерге дөрекі қызмет көрсеткені үшін жұмыстан босатқанын мәлімдеді. Magnum басшылығының айтуынша, қызметкерге бұған дейін ескерту жасалып, түзелуге мүмкіндік берілген, алайда оған қарамай дөрекі мәміле көрсетуі жалғасқан соң шара қолданылған. Осы мәлімдемеде Magnum кез келген тұтынушымен «тіліне қарамастан сыпайы сөйлесу – басты талап» екенін, ал «қазақша сөйлеуді сұрады деп жұмыстан шығару» туралы әңгімелер шындыққа жанаспайтынын кесіп айтты. Компания бұл ресми жауапты әлеуметтік желілерде кеңінен таратып, жұртшылықты сабырға шақыруға күш салды.

Қысымның әсері ретінде Magnum бірнеше күн ішінде өз шешімін қайта қарауға мәжбүр болды: жұмыстан босатылған курьерге тағы мүмкіндік беріліп, ол қызметіне қайта алынатыны хабарланды. Сарапшылар бұл жағдайды компанияның PR тұрғысындағы үлкен қатесі ретінде бағалады. Олардың ойынша, Magnum басшылығы әлеуметтік және саяси сезімталдықты ескермей, тым қатал шешім қабылдаған, нәтижесінде тұтынушылардың сеніміне сызат түскен.

Magnum Cash&Carry қандай компания?

Аталған компания алғаш рет Алматы қаласында 2008 жылғы 7 қазанда тіркелген. Директоры – Яков Фишман. Құрылтай құрамында Азамат Османов пен Caspian Trading Investment Co. Ltd еншілес компаниясы бар.

Компанияның саудамен айналысатыны бәріне белгілі. Былтырғы қаржысы 656 млрд 572 млн теңгеден асады. Төлеген салығы 12,5 млрд теңгеге жуық. 2016 жылдан бері компания 90 млрд теңгеден аса салық төлеген. Мемлекеттен алған тендерлері де көп. Statsnet мәліметі бойынша сауда желісі мемлекеттен 481 келісімшарт алған, оның 224-і тікелей шарт жасасу арқылы бір көзден алынса, 6 тендер келісімі бұзылған. Компанияның тендерлері арасында миллиардтаған сомалар кездеседі. Мысалы, Magnum 2020 жылы мемлекеттен 14 млрд 556 млн теңгеге 224 тендер алған. Келер жылы жарты миллиардқа жуық сомаға 6 келісімшарт жасасқан.

2024 жылғы статистикаға сәйкес, Қазақстандағы ірі жеке компаниялар тізімінде Magnum Cash & Carry ЖШС желтоқсан айында 8-орынды иеленген. Компанияның жылдық табысы 480 миллиард теңгеге жеткенімен, таза пайда көлемі ашық деректерде жарияланбаған. 2007 жылы негізі қаланған Magnum бүгінде Қазақстанның 14 қаласында жалпы саны 200-ден астам гипермаркет желісін ашқан. Қазіргі күнде 10 мыңнан астам қызметкері бар.

Ірі сауда желісінің «Қазақстан Республикасының Сауда Желілерінің Одағы» Заңды тұлғалар бірлестігі, Data Store, Big Data Ұлттық қауымдастығы» заңды тұлғалардың бірлестігі, MeatUnion, Lion Fruit, «ҚР өңірлік сауда жылжымайтын мүліктері иелерінің қауымдастығы», TRG Retail, «Таткрафт-Ритэйл», «Қазақстан Республикасының сауда жылжымайтын мүлік девелоперлер Одағы», «МАГНУМ АСТАНА», M-NOVELTY, Contineo Company, ML Project, Magnum E-commerce Kazakhstan, «Омар» дейтін – 15 компанияға қатысы бар. Осы тізімге қарап-ақ бұл сауда желісінің қаншалықты ауқымды бизнес екенін ұға беріңіз.

Енді бұлардың барлығын бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан ішіндегі кейбіріне тоқталып өтейік:

- MeatUnion компаниясының негізі 2022 жылы қаланған. Ет өндірісімен айналысады. Былтырғы қаржылық жағдайы 38 млрд 862 млн теңге, төлеген салығы 738 млн теңгеден асады.

- Lion Fruit компаниясы 2022 жылы құрылған. Көтерме саудамен айналысады. Былтырғы қаржысы 126 млрд 430 млн теңгеге жуық. Төлеген салығы – 2,4 млрд теңге. 3 жылдан бері 7 млрд-қа жуық салық төлеген.

- МАГНУМ АСТАНА компаниясының негізі 2011 жылы қаланған. Былтырғы қаржы айналымы 9 млрд теңгеден асады. 171 млн теңге салық төлеген. Жалпы салығы – 687 млн теңге.

- M-NOVELTY компаниясы 2022 жылы құрылған. Жалға алынған мүлікті жалға берумен айналысады. Былтырғы қаржысы 16 млрд теңгеге жуық, төлеген салығы 322 млн теңге.

Magnum-ның иелері кім?

Сауда желісінің құрылтайшысының бірі Caspian Trading Investment Co. Ltd екенін жаздық.Аталған компания алғаш рет 2007 жылы 21 маусымда тіркеуден өткен. Директоры – Эльбеги Абдиев. Құрылтайшылары – Азамат Османов пен Илья Кириченко. Қаржы айналымы мардымсыз. Тендерлері де кездеспейді. Тек Magnum Cash&Carry мен Magnum Zhagalau компанияларының құрылтай мүшесі саналады.

Енді аталған компанияның иелеріне келейік:

Азамат Османов – Қазақстандағы ірі бөлшек сауда желісі Magnum Cash & Carry компаниясының басқарма төрағасы, стратегиялық даму бағытын айқындаушы кәсіпкер. 1987 жылы 28 қаңтарда Ресей Федерациясының Ставрополь өлкесіндегі Черкесск қаласында дүниеге келген. Ол бірнеше елде жоғары білім алған кәсіби қаржыгер. Алдымен 2006 жылы Прагадағы Экономика университетінде «Қаржы және бухгалтерлік есеп» мамандығын тәмамдаған. Одан кейін 2009 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетінде, 2011 жылы KIMEP университетінде қаржы саласы бойынша білімін жетілдірген. Кәсіпкерлік жолын 2008 жылы Trade Master компаниясының супервайзері әрі құрылтайшысы ретінде бастаған. Одан кейін Kazyna Capital Management, Ernst & Young, AПК Умут және Lion’s Jump секілді компанияларда түрлі қаржылық және стратегиялық қызметтер атқарды. 2015 жылдан бастап Magnum Cash & Carry компаниясында түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. Оның:

- Caspian Trading Investment Co. Ltd;

- Magnum Cash&Carry ЖШС;

- KDA Capital ЖШС;

- «Қазақстан Республикасының Сауда Желілерінің Одағы» Заңды тұлғалар бірлестігі;

- «Qazaqstan Barysy қазақ күресін қолдау және дамыту қоры» қоғамдық қоры;

- «Big Data» Ұлттық қауымдастығы» заңды тұлғалардың бірлестігі сынды компанияларға қатысы бар. Бірінің директоры болса, басқаларының құрылтай мүшесі.

Илья Кириченко туралы мәлімет өте аз. Ол Magnum Cash & Carry компаниясының құрылтайшысы. Бұдан бөлек, аталған кәсіпкердің «Интерфинанс», Almaty Security ЖШС, Trilliant Group ЖШС компанияларының иесі екені де белгілі.

Тіл дауына себеп болған қай Magnum?

Ал кешегі тіл дауына себеп болып отырған Magnum-ныңкомпаниясы Magnum E-commerce Kazakhstan – 2021 жылы тіркеуден өткен. Директоры – Юлия Ким. Құрылтайшылары – Magnum Cash & Carry және Kaspi Магазин компаниялары. Аталған компанияның қаржылық жағдайы мәз емес. 2023 жылғы ақша айналымы 182 млн теңге ғана. Төлеген салығы 3 млн теңгеден асады. Бірақ 2021 жылдары қаржысы 20 млрд-қа жуық, қызметкері мыңнан асқан. Кейінгі уақыттарда не үшін құлдырап кеткені белгісіз. Мемлекеттен алған тендерлері кездеспейді.

Бұл компанияның өзі MIT Software және N-S Construction-21 дейтін ЖШС-ның құрылтай мүшесі. Бұлардың ішіндегі N-S Construction-21 құрылыспен айналысады. Кейінгі кездегі қаржылық жағдайы белгісіз. Ал 2022 жылы негізі қаланған MIT Software компаниясы бағдарламамен қамтамасыз етеді. Құрылтайшысы – Magnum E-commerce Kazakhstan. Былтырғы қаржы айналымы – 23 млрд 399 млн теңгеден асады. Төлеген салығы 477 млн теңге. Ашылғаннан бері мемлекет қазынасына 1 млрд-қа жуық қаржы аударған. Тендерлері кездеспейді.

Magnum және Назарбаевтар әулеті

Бейресми түрде сауда желісінің иелері ретінде бірнеше белгілі бизнесмендер мен ықпалды топтар аталады. Алғашқы жылдары Magnum-ды құрған Александр Гарбер желінің негізгі акционері болды. Сонымен қоса, 2010 жылдардың ортасында Magnum-ның капиталына белгілі инвесторлар кірді.

2017 жылы кәсіпкер Кеңес Рақышев Magnum-дағы 35% үлесін Вячеслав Кимге сатқан. Вячеслав Ким – Kaspi.kz финтех-тобының ірі акционері, Қазақстандағы беделді бизнесмен, әрі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туысы боп келетін Қайрат Сатыбалдының бизнестегі серіктесі ретінде танымал тұлға. Қайрат Сатыбалды сол кезеңде Kaspi Bank-тің акционері болған және елдегі ықпалды кәсіпкерлердің бірі еді. 2018 жылы Kaspi Bank Лондон қор биржасына IPO-ға дайындық барысында Қайрат Сатыбалды өз акцияларын сатып шықты – бейресми дерек бойынша, оның акцияларын нарық бағасынан үш есе қымбат бағаға Вячеслав Ким сатып алған. Міне, сол Kaspi-дегі үлесін көбейту үшін қаражат қажет болғандықтан, Ким Magnum-дағы өзіне тиесілі 35% үлесті сатуға шешім қабылдайды. Вячеслав Ким Magnum-дағы бұл 35% акциясын құпия түрде Назарбаевтар әулеті өкілдеріне өткізген. Атап айтқанда, Кимнің Magnum-дегі үлесін Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі Болат Назарбаевтың ұлы – Нұрбол Назарбаев сатып алған. Бұған дейін бұл ақпарат құпия сақталып келгенімен, жан-жақты зерттеулер нәтижесінде Magnum компаниясының жекелеген бөлігі Назарбаевтар әулетіне өткені кейін әшкере болды.

Міне, осы себепті халық арасында «Magnum – Назарбаевтардың бизнес-империясының бір бөлшегі» деген түсінік қалыптасқан. Шынында да, Қазақстандағы көптеген ірі кәсіпорындар бұрынғы президент Н.Назарбаевтың туыстарының иелігінде болғаны құпия емес. Magnum-ның бейресми қожайындары ретінде тікелей Болат Назарбаевтың өзі және Қайрат Сатыбалды сияқты туыстары жиі аталады. Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сүйенсек, Қазақстандағы ірі супермаркет желілері белгілі саясаткер-олигархтар арасында бөлінген: мысалы, Magnum – Назарбаевтардың отбасы үлесінде болса, басқа бір ірі желі Kenmart – бұрынғы премьер-министр Асқар Маминның ықпалында делінеді (бұл мәлімет ресми түрде әлі расталған жоқ).

Әлбетте, ресми тұрғыда Назарбаевтардың есімі Magnum құрылтайшылары қатарында кездеспейді. Болат Назарбаевтың өзі өмірден өткенге дейін еліміздегі базарлар мен сауда орындарына үлкен ықпал еткен адам ретінде танымал. Алматы маңындағы «Алтын Орда» көтерме базары сияқты нысандардың артында да соның тұрғаны жиі айтылатын. Magnum желісі де Болат Назарбаевтың бизнестік ықпалын кеңейту мақсатында отбасына алынған стратегиялық активтің бірі деп те айтылады.

Сонымен бірге Magnum-ның мемлекеттік құрылымдармен байланысы да байқалады. Мысалы, 2022 жылы бағаны тұрақтандыру мақсатында Magnum сауда желісіне жергілікті бюджеттен 5,7 млрд теңге бөлінген. Бұл Magnum-ның үкіметтен тікелей қаржылай қолдау алғанын білдіреді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын ұстап тұру үшін бөлінетін мұндай субсидияларды Magnum сынды ірі желілер көбіне билікпен тығыз байланысы бар кәсіпорындар алады. Осы тұрғыдан да Magnum-ның меншік құрылымындағы саяси элита өкілдерінің ықпалын байқауға болады.

Тұрсынбек БАШАР

Тегтер: