Рамазан айын Газа халқы ашқұрсақ қарсы алды
Біріккен ұлттар ұйымының Рамазан айы алдындағы есебінше, Газа секторында 378 мың адам аштықтың «апатты» деп аталатын ең төмен – бесінші деңгейінде күн кешіп жатыр.
Тағы 939 мың адам «төтенше жағдай» саналатын төртінші деңгейінде. Оларға барып жатқан азық-түлік бәріне жетпейді. Аймақта жақын арада соғыс тоқтамаса, екі миллионнан аса тұрғынның күні қараң.
Дауысы гүрілдеген алып ұшақ аспаннан төніп келеді. Әне-міне жетіп-ақ қалды. Әдетте мұндай дауыс естісе бас сауғалап, жан-жаққа тым-тырақай қашатын Газа халқы бұл ұшақты, керісінше, асыға, зарыға күткен. Өйткені бұған дейін АҚШ, Франция, Нидерланды, Белгия, Египет, Иордания биліктері аш-жалаңаш отырған газалықтарға 8 наурыз, жұма күні көктен және бір мәрте азық-түлік жаудыруға уәде еткен еді. «Тоқта», «бізге қарай бұрыл» деп, әр тұстан аспанға қарап қолдарын сермеп, айғайлап, жанұшыра жүгірген жұрттың қарасы қалың. Әл-Шати босқындар лагерінің үстінен өте бере ұшақ бір сәт шапанының түймесін ағытып жіберіп, ішек-қарнын ақтара салғандай болды. Лезде ішінен ішіп-жем, тамақ көтерген парашюттар бірінен соң бірі сыртқа атып-атып шықты. Үлкен-кіші, еркегі мен әйелі, жасы мен кәрісі бар, қалың көпшілік парашюттардың түсетін жерін шамалап, солай қарай ағылды. Салмағы зіл батпан парашюттар әуеде ұзақ қалықтамай, жерге жылдам жетіп, әр тұсқа топ-топ етіп түсіп жатыр. Жапа-тармағай таласқан ел контейнерлердің аузын әп-сәтте ашып, тамақ ораған целлофандарды апыл-ғұпыл жыртуға асығады. Қолы жеткені қуанып, алақайлап секірсе, жетпегені тағы да құр қол қалатынын ойлап, уайымға батады. Ақпарат құралдарында бірнеше аптадан бері айтылып, жарнамасы жасалған парашюттарды күніне бір үзім нан, бір ұрттам таза суға зәру, өзегі талған жұрт санаулы минутта-ақ талап әкетті. Бір күндік тамақ тапқанына көңілі өскендер лагерьдегі туыстарына қарай жүгіре жөнелді. Ал ештеңе алып үлгермегендер жер сипап қала берді.
Америкалық CBS News телеарнасының хабарлауынша, дәл осы гуманитарлық операция кезінде бес адам парашюттарға бастырылып, мерт болған. Бірнеше жүз келі салмағы бар, әрі оған әуеден түскендегі екпінін қоссаңыз, парашюттың соққысы атылған оқтан жеңіл тимейтіні түсінікті. Бозбалалар сол сәтте-ақ тіл тартпай кеткен. Тағы 11 адам жараланған. АҚШ әскерилері қаза тапқандардың отбасына көңіл айта келе, ұшақ өздерінікі емес екенін мәлімдеді.
Газалықтардың гуманитарлық көмекпен келетін тамаққа қарай жүгіріп, қаза табуы бірінші рет емес. 29 ақпанда ұн, су, май, т.б. азық-түлік артқан 20 шақты жүк көлігі қалада босқындар шоғырланған аумаққа жете бергенде бірнеше мың адам оларға лап қойған. Көліктерді күзеткен Израиль сарбаздары оқ атқан. 115 адам қаза тауып, 700 тұрғын әртүрлі деңгейде жараланған. Израиль қорғаныс министрлігі азық-түлікті тонап әкетуге әрекеттенген тұрғындардың өте ашулы, агрессивті көрінгенін, сондықтан көлік жүргізушілері мен әскерилерінің өмірін қорғау үшін амалсыз оқ атуға мәжбүр болғанын мәлімдеді. Палестиналықтар «Израиль әдейі істеді» дегенді айтты. Израиль тікұшақтары әуеден түсірген видеоға қарағанда құмырсқадай қаптаған адамдардың бір сәтте көліктерге жапа-тармағай жүгіргенін, кейін жан-жаққа қашқаны көрінген. Оқиғаға халықаралық ұйымдар мен әлемдік БАҚ назар аударып, Батыс саясаткерлерінің мәлімдемелері жиілеген соң Тель-Авив қылмыстық іс қозғап, тергеу бастағанын хабарлады.
Батыстың гуманитарлық көмек жеткізу үшін қолданып жатқан мұндай тәсіліне (әуеден парашют лақтыру) халықаралық ұйымдар қуана қоймайды. Біріккен ұлттар ұйымы Газада өмір сүретін екі миллионнан аса тұрғынға көктен түсетін парашюттардың өте аз екеніне, жетпейтініне назар аударады. Сондай-ақ бұндай операцияның өте қымбатқа түсетінін, оған жұмсалған қаражатқа әлденеше есе көп азық-түлік алуға болатынын айтады. БҰҰ гуманитарлық көмек жеткізу үшін Израиль билігін шекараны ашуға көндіре алмай келеді. Босқындардың ағынынан қауіптенетін Египет те Газамен шекараласатын Рафах кеден бекетін ашқысы келмейді. Бірақ халықаралық гуманитарлық ұйымдар АҚШ бастаған халықаралық қауымдастықты Газадағы ашыққан елге азық-түлік жеткізу үшін Израиль билігін атысты тоқтатып, кері шегінуге мәжбүрлеуді талап етеді. Израиль бұған көнгісі жоқ.
CNN журналисі Кларисса Уорд (Clarissa Ward) 8 наурыз күні Израиль мен Палестина шекарасындағы Керем Шалом кеден бекетінде жүрген. Жүз шақты адам кеденнен Газаға қарай баратын жолды жауып, гуманитарлық жүк көліктерін жүргізбей, наразылық білдіріп тұр. Наразылардың көбі былтыр қазан айында ХАМАС тобы туыстарын кепілге алып кеткен израилдіктер. Олар азық-түліктің аш отырған халыққа баратынына көздері жетпейтінін айтып, жолай туннельдерге жасырынған хамастықтарда қалып қояды деп секемденеді. Қолына Израиль туын ұстаған, жасы елуді шамалаған бір әйел «мына азық-түлік Газадағы балаларға бармайды, олардың табалдырығынан да аттамайды. Бізбен соғысып, туыстарымызды тұтқында ұстап отырған хамастықтардың туннеліне түседі» деді. Уорд бұған дейінгі гуманитарлық жүк артқан көліктердің ешбірі жолай басқа жаққа бұрылғанына, ХАМАС адамдарына берілгеніне ешбір дәлел жоғын айтса да наразы топ тыңдауға құлықсыз. Олардың өз шындығы бар.
Біріккен ұлттар ұйымына қарасты гуманитарлық ұйымдар күн өткен сайын ахуалдың ушығып бара жатқанына алаңдайды. 7 наурыз күні ұйымның Таяу Шығыстағы босқындарға көмек көрсетумен айналысатын бөлімі Газаны жаппай ашаршылық күтіп тұрғанын мәлімдеп, тағы да дабыл қақты. «Жағдай өте қиын. Күн санап, тіпті сағат санап нашарлап барады» делінген мәлімдемеде. Ұйымның ресми дерегіне қарағанда, қазір Газаға күн сайын гуманитарлық жүк артқан 150 көлік кіреді. Жүктің көбі таза су. Бірақ көлік санын аз дегенде 300-ге жеткізу қажет дейді ұйым. Әйтпесе, халық ашыққан үстіне ашыға бермек. Статистикаға қарағанда, Газада әрбір алтыншы бала күніне бір рет тойып тамақ ішпейді. Наурыз айы басталғалы шамамен 20 бала аштықтан көз жұмған.
Газа ішіндегі ахуалды Батыс ақпарат құралдарынан гөрі, Катардың Al-Jazeera телеарнасы әлдеқайда ауқымды көрсетеді. Израиль әрекетін «геноцид» деп атап, көбіне біржақты баяндаса да басқа арналармен салыстырғанда материалы әлдеқайда мол. Газа ішінде тілшілерінің арнайы қосынын ұстамайды, бірақ жергілікті тұрғындардың тілін оңай түсінгендіктен, діні де бір болғасын газалықтармен қарым-қатынас орнату араб арнасына қиындық тудырмаса керек. Сол көп репортаждарында босқындар лагеріндегі ахуалды да жиі баяндайды. Мәселен, 8 наурызда әлем халықаралық әйелдер мерекесін тойлап жатқанда Al-Jazeera арнасы Газадағы лагерьлердің бірінде жеті-сегіз баласы, кәрі шешесімен бірге жан бағып отырған бір әйелдің тұрмысын сипаттады. Шаң-тозаң үрлеген желден аз ғана қалқа демесеңіз, олар тұрып жатқан күрке уақытша болса да баспана орнын алмастыратындай емес. Есіктен кірген жел төрден шығады. Қолына бір-бірден нан үзімін ұстаған бірнеше жас бала көзінен жас парлаған бір-екі жасар бүлдіршінді тар жерде кезек-кезек жұбатып отыр. Ортада әдетте тамақ деуге келмейтін, быламыққа ұқсас бірдеңе салынған кішкентай табақ жатыр. Балалардың анасы күйеуінің мерт болғанын, шаңырақтың ертеңгі күні бұлыңғыр екенін айтып егіледі. «Балаларым аш. Жағдайымыз адам төзгісіз. Бұны дүниежүзі біледі. Бірақ әлем кино көргендей жай ғана үнсіз, телміріп қана қарап отыр» дейді ол.
Ұлыбританиялық Reuters агенттігі палестиналық журналистердің көмегімен Газаның ішкі тұрмысын сыртқа жария етіп, күн сайынғы жаңалықты дер кезінде шығарып отырған БАҚ-тың бірі. Агенттік көрсеткен бір видеода Газаның шеткері ауданындағы тұрғындар өткен аптаның жұма намазын Израиль әскері бомбалап, күл-талқанын шығарған мешіт үйіндісінің үстінде оқып жатыр. Мешіт қана емес, маңайда қирамаған, бүлінбеген ғимарат жоқ. Жалпы қаланың сау-тамтығы қалмаған. Журналистердің «Мына жер қауіпті емес пе?» деген сұрағына намазға жиналған жұрт «қайда барсаң да Қорқыттың көрі» деп жауап қайтарады. Арасында бір ақсақал «өмірге келіп, ес білгелі осы мешітте құлшылық етіп келем» деп көзіне жас алды. Тағы бірі Израиль әрекетінен «құдайға қарсылық, дінге дұшпандық» көретінін айтады. Алайда «ХАМАС содырлары Газаның елін қалқан, жерін пана қылып отыр» деп санайтын Израиль билігі бес айдан бері қаланың әр қуысын тінтіп, жерасты жолдарын тазалап келеді. Олардың ресми мәлімдемелеріне қарағанда, соғыс жағдайында бомбалаудан сақтану үшін ХАМАС тобы Газа қаласындағы мешіттер мен мектептердің, ауруханалардың астын түгел қазып, туннель салып алған. Туннельдердің жалпы ұзындығы ондаған, тіпті жүздеген шақырымға жуықтайды. Ішінде содырлар әйел-балаларымен бірге айлап, жылдап өмір сүреді және тұрмысқа қажет жағдайдың бәрін жасап алған. Табылған туннельдерді көрсеңіз, ішінде электр жарығы, интернет, ішетін әрі жуынатын су, сырттан таза ауа тартатын кондиционерге дейін бар. Ертектегі жерасты патшалығы осы ма дерсіз. Мұны өзгелерден бұрын өздері жақсы түсінетін Израиль, ұзақ жылдан бері бекем орнығып, келешек үлкен соғысқа әбден дайындалып алған содырларды түгел тауып, әрбір қуысты тазалап шықпайынша тоқтамауға бел буған. Олар үшін қазіргі соғысты соңына дейін жеткізу – ертеңгі тыныштықтың кепілі. Израиль билігіне қиындық келтіріп отырған көп фактордың бірі – 2007 жылдан бері ХАМАС заңдарымен өмір сүруге мәжбүр болған Газа халқының күнделікті тұрмыс үшін содырлармен тым етене жақын араласып кетуі. Қазір аймақта кімнің содыр, кімнің бейбіт тұрғын екенін ажырату да оңай емес. Израиль қарулы күштері түрлі тыңшылардың дерегіне сүйеніп, ғимараттарды бомбалағанда кейде ХАМАС дегені қарапайым халық боп шығып, опық жеген немесе бейбіт тұрғын дегені террорист боп кездесіп, сан соғып қалған кезі де болды. Тар жерде тұрып жатқан, тілі де, діні де, түрі де ұқсас екі миллионнан аса адамның арасынан дос пен қасты ажырату машақатты шаруа екені айтпаса да түсінікті. Сол себепті Таяу Шығыстағы мына соғыстың бүгін-ертең тоқтайтынына үміт аз. Демек, ашыққан халық тығырықтан әлдебір құдіреттің күшімен аман шықпаса жағдай қиын.
АҚШ президенті өткен аптада наурыздың 11-і, Ораза айының алғашқы күніне дейін ХАМАС пен Израиль алты апта үзіліс жасауға келіссөз жүргізіп жатқанын, нәтижесі жақын арада белгілі болатынын айтқан. Келіссөздің жүргені, келісімге келуге шақ қалғанын Египет пен Катар билігі де растаған. Бірақ Ақ үй қожасының бұл сөзі әзір керісінше сипат алып барады. ХАМАС әлемдегі барша мұсылманды Рамазанның бірінші күнінде Израильге қарсы наразылық білдіріп, көшеге шығуға шақырды. АҚШ пен Еуропа елдерінің көбі террористік ұйым санайтын ХАМАС (Қазақстанда ХАМАС террористік ұйымдар тізімінде жоқ – ред.) жетекшілерінің бірі, әскери қанатына жауапты Әбу-Убайда «рамазан – жиһад жасайтын ай» деп, видео таратып, Газа сыртында тұрып жатқан палестиналықтарды радикал әрекетке көшуге үндеді. BBC агенттігінің жазуынша, рамазан айында Иерусалим қақтығыс, жанжал ошағына айналуы мүмкін. Мұсылмандар үшін аса қастерлі айда жүз мыңдаған палестиналық Иерусалимдегі «әл-Ақса» мешітінде (Мекке мен Мединеден кейінгі қасиетті орын – ред.) намаз оқуға талпынып, қаланың жартысын бақылауда ұстайтын еврей қауымымен тартысқа түсу кәдік. Еврей халқына Иерусалим құнды. Осы қалада олардың құдайға жалбарынатын ең көне әрі қасиетті «Батыс қабырғасы» бар. Мешіт пен қабырғаның арасы алыс емес, жап-жақын.
Джо Байден 9 наурыз, сенбі күні Конгресс (АҚШ парламенті – ред.) алдында жасаған жолдауында Газадағы ахуалды оңтайландыру үшін уақытша порт соғуға тапсырма беретінін мәлімдеді. Кемі бір айға созылатын жұмысты әскерилер жүзеге асырмақ. Тоғыз жолдың торабы, көне Жібек жолы дәуірінен бері негізгі өткел саналса да Жерорта теңізінің дәл осы Газа жағалауына тиер жағасында бұрын-соңды порт болмаған екен. Порт салынса, оған келетін жүкті алдымен Израиль әскері тексереді әрі солардың күзетуімен газалықтарға таратылады. Бұны «арып-ашқан халықты уақытша көмекпен алдарқату, үміттің жетегінде ұстап, тұтас халықты геноцид арқылы құрту» деп түсінетін палестиналықтар АҚШ президентін соғысты тоқтату үшін Израиль билігіне қысым жасауға шақырады. БҰҰ-ның мәліметінше, былтырғы 7 қазаннан бері Газада қаза тапқандардың саны 31 мыңға жеткен. Оның көбі әйел мен бала. Тағы 80 мыңдай адам түрлі дәрежеде жарақат алған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Газа халқының азық-түлікпен қатар дәрі-дәрмекке де зәру екенін айтып келеді. Кемі 6 мың адамды денсаулығына байланысты эвакуациялау керек.
Айгүл Баба
Фото: ПРООН/A. Загут