Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Рәміз бен рәсім. Жаны жоқ жалау, рухы жоқ ұран

рәміздер

4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні. Күні кеше мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына отыз үш жыл толған еді. Осы отыз жылдан астам уақыт ішінде рәміздерді ауыстыру туралы бірнеше ұсыныс түсті.

 Десек те алғашқы қабылданған нұсқасы әлі өзгере қойған жоқ. Мемлекеттік рәміздер – кез келген халықтың рухани тұтастығының, тәуелсіз болмысының көркем бейнесі. Ту, елтаңба мен әнұран – тұтас ұлттың тарихи тағдырынан, арман-мұратынан, жан дүниесінен сыр шертетін киелі нышандар. Осы отыз үш жыл ішінде қазіргі қазақ қоғамында мемлекеттік рәміздерге деген сан қырлы әрі қайшылықты көзқарас қалыптасып үлгерді. Бір жағынан қарасақ, байрақ, елтаңба мен әнұран — тәуелсіздіктің басты белгілері ретінде насихатталып, кеңінен дәріптелетін сыңайды. Екінші жағынан, қоғамда бұл рәміздерге деген шынайы құрметтен гөрі формалды не символикалық тұтыну, тіпті кей жағдайда жатсыну немесе жиіркену байқалады. Тіпті «патриот» әлде «отансүйгіштік» деген сөз айтыла қалса, көз алдымызға қолына байрақ ұстап аттың үстінде шауып бара жатқан азамат елестейтін деңгейге жеттік. Шетел, мәселен, Түркия секілді мемлекеттерде рәміздерге деген құрмет жүректен, ішкі рухтан бастау алатын қасиетті сезім екенін байқаймыз. Түрік баласы байрағын көргенде, жүрегі шымырлап, көзіне жас алады. Ал біздің қоғамда рәміздерге деген қарым-қатынастың сипаты осы тектес тереңдікке жете алмай келе жатқандай. Бүгінгі Қазақстанда байрақ пен рәміздер бір жағынан популизм мен арзан ұранның құралына айналса, екінші жағынан олардан безініп, суық қабылдайтын сана қалыптасып барады. Бұл құбылысты әрқилы түсінуге болатын шығар. Қалай десек те, дәл осы тенденция ұлттық идеология мен азаматтық сана арасындағы алшақтықтан хабар беретін сияқты. Кеңес өкіметінің көпжылдық идеологиялық қысымынан кейінгі есеңгіреген сана өз нышандарын иеленіп тұрып, соны қабылдай алмаудың күйін кешіп отыр. Ту мен елтаңба, әнұран – қағаз бетіндегі иллюстрация, мектеп қабырғасындағы міндетті рәсім, ресми іс-шаралардағы фонға айналып бара жатқаны өкінішті. Яғни бұл образдарға жан бітпеді. Жан бітпеген соң, жүрекке де әсер етпейді. Мәселе рәміздердің эстетикалық көркемдігі немесе мазмұндық дәлдігі жайында емес. Олар – белгілі бір кезеңнің, тәуелсіздікке енді қол жеткізген ұлттың саяси және рухани декларациясы іспеттес. Сол декларация енді санада орнығуы тиіс еді. Алайда отыз жылдан астам уақыт ішінде бұл рәміздер күнделікті өмірде шынайы тәжірибеге, ұлттық өмір сүрудің мағыналы бөлшегіне айнала алмады. Оның орнын ресмилік пен салтанатқа деген тағзым мен құрмет басты. Ал рәміздерге деген тағзым мінберден оқылатын пафосты сөздермен шектеліп, қоғамдық сананың табиғи рефлексіне айнала қойған жоқ.

Мұндай ахуал кездейсоқ пайда болған жоғын да ескерген жөн болар. Бұл – мемлекеттің ұлттық идеологияны сіңіру механизмін қоғаммен байланыстыра алмауынан, азаматтың өзін мемлекетпен, оның нышандарымен біртұтас сезінбеуінен туындап отырған құбылыс болса керек. Қоғамда рәміздерге деген шынайы құрметтің қалыптаспауы – халық пен биліктің, айнала толған символ мен өмір шындығының арасына түскен сызат, үлкен шекараның нәтижесі деп түйін жасаймыз. Бүгін біз осы тақырып аясында тарихшы Жамбыл Артықбаев пен әлеуметтанушы Ләззат Бисенғалиевадан пікір алдық.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ: РӘМІЗГЕ ҚҰРМЕТТІ ҚАЗАҚТАН ҮЙРЕНУ КЕРЕК

Біз отарлық дәуірден енді шыққан елміз. Қанша ғасыр бойы біреуге тәуелді боп, ту мен әнұран түгілі азаттығын аңсаған елден бірдеңе талап етудің өзі ағаттық. Өзгенің туын көтеріп, өзге үшін соғысқан халық үшін бұл тенденциялардың бәрі – заңды процесс. Ал дәстүрлі тарихымыздағы хандық дәуірге көз тастасақ, байраққа деген құрмет ерекше болған. Қазақ мемлекеттілігінің басты рәміздерінің бірі – Ту. Бұл қазақ тілінің сөздік қорына мемлекеттілік, азаматтық, жауынгерлік рухпен бірге етене енген ұғымдардың бірі. Ту – мемлекеттің ұлыстық жүйеге өткенінің нақты көрінісі, себебі ту әскери жорықтар кезінде көтеріледі және әскердің құрылымы да тудың түсіне байланысты құралады. Қаныш Сәтбаев: «Таңбалы жар – қазақтың ту көтерген жері» дейді. Қазақта «ту көтерген жер» тіркесі «мемлекет құрған» тіркесімен мағыналас. Жаугершілік кезінде ту жауынгерлердің ішіндегі ең ержүрек, батыр дегендеріне тапсырылады. Олар майдан даласынан табаны таймай, туды асқақтата жоғары көтеріп тұруы керек. Қазақ төрелерінің туға қатты көңіл бөлетінін А.И.Левшин: «Хранителем главного знамени в походах избирался один из почтеннейших султанов и старшин, который после военного начальника, был первым лицом» деп жазады. Қазақтың ХVІІІ ғасырдағы атақты батырларының бірі Олжабай қазақ-қалмақ соғыстарының кезінде бірнеше мәрте Абылайдың көк туын ұстаған, сол себепті оның үрім-бұтақтары батырдың қолының қоспасынан оқ тисе де, туды құлатпай ұстағанын мақтана айтады:

«Олжабай біздің елде ту ұстаған,

Балапан тұйғын құстай құныстанған.

Қолының қоспасынан оқ үзгенде,

Табаны тұрған жерден жылыспаған».

Тудың қан майданда құлауы жаман ырым саналған. Алтын Орданың кері кеткен заманында Тоқтамыс пен Ақсақ Темір соғысында, Дешті-қыпшақтың әскерінің ту ұстаушысын алдап, туды құлатуға көндірген екен дейді. Бұл Ақсақ Темірдің өзінің нұсқауымен болды ма, әлде сол әскердің құрамында жүрген Едіге мен Темір Құтлық сұлтан араласты ма, ол жағы белгісіз. Әйтеуір Тоқтамыстың әскері тас-талқан болып жеңілді, онымен бірге Дешті-қыпшақтың да жеңісті заманы аяқталды. Қазақ ортасында тудың қасиеті жаугершілік әлі де басыла қоймаған ХІХ ғасырдың ортасына дейін сақталды.

Қазақтың жауынгерлік заманында тудан бөлек «байрақ», «жалау» сияқты рәміздер де қолданылған, бірақ бұл әскери өмірдің белгілері төре мен қара арасына бірдей. Байрақты батырлар да аттың құйрығын, түсті матадан әртүрлі шашақ, өздерінің табынатын киетектерін (тотем) ағаш сапқа орнатып, өздерімен бірге майданда алып жүреді. Сүйінбай ақынның «Бөрілі менің байрағым, Бөрілі байрақ көтерсе, Қозып кетед қайдағым» деген сөзінің мәнісін жаугершілік кезінде майдан даласында жаумен жағаласқан адам ғана түсінеді. Егер ту Тәңірінің өзіне жол ашса, байрақ – жауынгер ру қауымдарының қасиетті киетектерін көмекке шақыратын байланыс құралы. Жалау (жалауша) әскердің айырма белгісі, қазіргі уақытта әскери форма (киім), немесе әскери атақ-дәрежені білдіретін белгілерді ертеде бір-ақ сөзбен жалау десе керек. Бұдан бөлек, қазақтың жауынгерлік салты бойынша Сыздық төренің туын батыр жігіттердің бірі ұстаған, екі жақ атойласып, бетпе-бет келіп қалғанда қоқандық мергендердің де көздегені сол тушы азамат. Ту ұстаған жігіттің сүйегін жерде қалдырмаймын деп қалың жауға қарсы шапқан Сыздық сұлтан. Сүйсінесің де, күйінесің. Жоғарыда айтылған деректердің бәрі де жауынгерлік туға байланысты болса, қазақта адамды о дүниеге аттандырарда да ту көтеретінін де айту керек. Қазақ дәстүрі бойынша ертеде ер азаматтар қайтыс болғанда өлікті қойып болған соң «қара тұрғызады». Қара дегені найзаның ұшына белгі байлау: жас болса – қызыл, ересекке – ақ, орта жасар болса – бір жағы қызыл, бір жағы қара матадан, яки ақ матадан құрап тігеді.

Міне, әр рәміздің айтар ойы, рухани міндеті үлкен болған. Тіпті Ислам діні қазақ даласына келгенге дейін «Бісмілләнің» орнына «Туың құламасын» деген екен. Кейін бірнеше ғасыр империяға бағынышты болу тек тәнімізді, малымызды ғана емес, санамызды да отарлап алды. Бүгінгі рәміздерден жасап жүрген популизм сол кезеңнің қалдырған сарқыншағы. Қазақтың ішінде әлі күнге Кеңес өкіметін аңсайтын, тәуелсіздікті мойындамаған адамдар да кездесіп жатады. Мұның бәрі қалыпты процесс. Тәуелсіздік, патриотизм деген бір ұрпақтың не бір ғасырдың ішінде қалыптасып шықпайтынын да ескеруіміз керек. Бұл жерде ұлттық рәміздерге деген ішкі шынайы қатынастың жоқтығы емес, оның әлі де толық қалыптаса қоймағаны байқалады. Өйткені отарлық сана мен кеңестік жүйеден енді ғана арылып келе жатқан ұрпақ үшін ұлттық болмысты қайта тану, оған құрметпен қарау күрделі әрі көп уақытты қажет ететін процесс.

Ләззат БИСЕНҒАЛИЕВА: РӘМІЗДЕР БИЛІКТІҢ АТРИБУТЫНА АЙНАЛЫП КЕТКЕН

Ең алдымен, бұл құбылыстың тамырына үңілу үшін кеңестік кезеңнен кейінгі қандай ұлттық идеология қалыптасқанын білуіміз керек. Қандай да бір идеология қалыптасса, сондағы үзілістер мен қайшылықтарға көз жүгірту қажет. 1991 жылдан кейінгі жылдары Қазақстан өзін тәуелсіз ел ретінде әлемге жария етіп, жаңа мемлекеттік рәміздерін қабылдағанын білеміз. Бұл тарихи сәт, сөзсіз, ұлттық сананың жаңғыруымен қатар жүруі тиіс еді. Алайда сананы отарсыздандыру жалаң ұранмен бола салатын процесс емес. Сананы отарсыздандыру – терең рухани еңбекті, мәдени серпілісті талап ететін күрделі үдеріс. Бізде, өкінішке қарай, бұл кезеңде идеология көбіне сыртқы формаға, сән мен салтанатқа, декоративтік белгілерге көбірек мән беріп кетті. Сол секілді байрақ көтеру шын мәніндегі рухани әрекет емес, шоу элементіне айналып, тойлар мен түрлі шараларда тек көзқамыты үшін қолданылды. Былайша айтқанда, сыртқы жылтыраққа ұласып кетті. Осылайша, рәміздер күнделікті өмірдің азаттық пен еркіндіктен хабар беретін қасиетті нышандарынан гөрі, формалды салттардың құрамына еніп кетті. Қазіргі қоғамда рәміздерге қатысты сезім суығында екі түрлі тенденция байқалады деуіңіз рас. Бірі – рәміздерді жалаулатып көрсетіп, онымен өз ұстанымын бүркемелеу әрекеті, екіншісі – сол әрекеттерге қарсы салқын тартқан көңіл. Екеуі де табиғи процесс. Себебі шын мағынасында рәміздер тек билікке немесе идеологияға қызмет етпейді. Олар ұлттың ұжымдық жадының тірі екендігінен хабар береді. Ал жады жаралы болса, рәміз де құр елеске айналады. Сондықтан бұл салқындықтың артында халықтың өз мемлекетіне, бұл мемлекеттің болашағына деген сенімнің сейіліп жатқаны.

Бұл жерде мәселе тек саясатта немесе биліктің жасаған қадамдарында емес. Бұл қоғамның ішкі жан әлеміндегі қайшылықтардың да көрінісі деп ойлаймын. Бір жағынан, біз өзімізді ұлт ретінде тануға, ерекшелігімізді айқындауға ұмтыламыз. Бірақ екінші жағынан, өз болмысымызға деген күмән, өз рәмізімізге шынайы сенімсіздік, кезіндегі Кеңес өкіметі салып берген ішкі комплекстер мен жаралар бізді сыртқы бейнеге ғана мән беруге, шынайы құрметтің орнына жасанды «патриоттық» эмоциялармен шектелуге мәжбүрлеп отыр. Қазақтың ұлттық менталитетінде символға, нышанға, белгіге ерекше орын бар. Туы жығылса, руы мен намысы бірге жығылатын көшпелі сана үшін байрақ – ұлттың тірегі. Бірақ бұл архаикалық дүниетаным посткеңестік кезеңде модернизацияға ұшырады, яғни өзінің рухани мазмұнынан ажырай бастады. Бұқаралық ақпарат құралдары мен идеологиялық дискурста рәміздер көбіне «патриоттық сезімді» сырттай көрсету құралына айналып, қоғамға терең мағынамен емес, арзан әсермен жеткізілді. Әнұранды жатқа айтатын баланы «мықты патриот» санадық. Бірақ ол бала не үшін соны айтып тұрғанын ұғынбаса, бұл құр жаттанды әрекетке айналары анық. Мұндай жағдайдың қалыптасуына билік тарапынан жүргізілген идеологияның стратегиялық әлсіздігі де себеп. Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету науқандары формализмге, нағыз патриотизмнің орнына науқаншылдық пен имитацияға айналды. Бұл үрдіс әсіресе жастар арасында рәміздерге деген шынайы сезім орнына күмән, тіпті жатсыну туғызды. Жастар рәміздерді билік пен формал билік жүйесінің атрибуты ретінде қабылдап, олармен эмоционалдық байланыс орната алмады. Мұндай жағдай ұзақ мерзімде ұлттық тұтастыққа да қауіп төндіруі мүмкін.

Алайда мәселе тек билікте емес, әр адамның ішкі дүниесінде де жатыр. Біз шынайы патриотизмді сыртқы фактор, мәселен, жаңағы айтқанымдай, байрақпен, ұранмен, әнұранмен алмастырып алғанбыз. Қоғам ретінде рәміздердің таңба ретінде табиғатын ұғынуға ұмтылған жоқпыз. Рәміз дегеніміз – белгілер тізбегі ғана емес, тарихи жады, ұжымдық сананың тоғысқан жері. Яғни халықтың ішкі коды. Ал рәмізге деген құрмет санадағы тереңдік пен рухтағы биіктікті қажет етеді. Рәміздерден кие жасап керек емес. Не үшін осы тұста Түркияны мысал етуіңіз орынды. Онда рәміздер мемлекеттен жоғары тұрған рухани константаға айналған. Себебі олар тарихи жарақат пен жеңістердің, жаппай мобилизация мен коллективтік рухтың символы десек те болады. Ол елде ту – күнделікті өмірдің бір бөлшегі. Қарапайым азамат оған қарап, мемлекетті емес, өз болмысын көреді. Біздегідей биліктің формалды символикасына әлде атрибутына айналып кетпеген. Әдетте адамға не жақын, сол ыстық боп көрінетіні рас.

Мәселе рәміздердің мазмұнында немесе көркем формасында ғана емес, оларды қабылдайтын санада. Сананың бұл тұйығынан шығу үшін рәміздерді қайтадан зерделеу керек. Мемлекеттік нышандарды науқандық насихат пен протоколдық рәсімдерден босатып, өмірдің нақты көріністерімен, халықтың шынайы тәжірибесімен, күнделікті тіршілігімен байланыстыру қажет. Сонда ғана олар символ ретінде ғана емес, өмірдің бөлшегі ретінде қабылдана бастайды. Бұл үшін ең алдымен білім беру жүйесі мен мәдениет саласында үлкен жұмыс жүргізілуі керек. Рәміздер туралы айту – тарих пен әдебиет арқылы, өнер мен философия арқылы жүргізілуі тиіс. Қазақ поэзиясы мен бейнелеу өнерінде рәміздердің көркем бейнесі жаңаша сипат алса, ұрпақ оны тек жаттап емес, жүрекпен сезініп, рухымен қабылдайды деп ойлаймын.

Ұлттық рәміздердің арғы тегі тайпалық таңбалар мен әскери белгілеулерге барып тіреледі. Ортағасырларда тулар көбіне әскерді айырып тану үшін қажет болған. Ту – алғашында соғыс алаңындағы нышан, ал кейін мемлекеттің бейбіт замандағы айшығына айналды. Мысалы, Данияның туы – «Даннеброг» қазіргі кезде қолданылып жүрген ең көне мемлекеттік ту болып саналады. Аңыз бойынша бұл ту 1219 жылы Эстониямен болған шайқаста аспаннан түскен. Ресми түрде ол 1625 жылдан бері қолданыста. Елтаңбалар алғашында әулеттер мен династиялардың таңбасы ретінде қолданылып, кейінірек мемлекеттердің тұрақты рәмізіне айналды. Англия, Франция, Германия секілді Еуропа елдерінің елтаңбалары XV–XVI ғасырлардағы гербтер жүйесінен өрбіген. Мысалы, Британияның елтаңбасы – саксон арыстандары мен шотланд арыстанының үйлесімі – империялық бірлікті бейнелейді. Ал ең көне елтаңба саналатын Сан-Мариноның гербі 1301 жылдан бері өзгеріссіз келе жатыр. Оның құрамындағы үш мұнара – мемлекеттің қауіпсіздігі мен тарихи егемендігін айшықтайды. Ең алғаш мемлекеттік әнұран ретінде қабылданған туынды Нидерланд корольдігінің Het Wilhelmus әнұраны (1581 жылы пайда болғанымен, 1932 жылы ресми қабылданған). Бұл – қазіргі таңда ең көне қолданылып жүрген ұлттық әнұран. Оның ерекшелігі – ֪лирикалық, дербес стильде жазылып және корольдің Испанияға қарсы күресін жырлауы. Француз революциясы кезінде дүниеге келген «Марсельеза» – революциялық рух пен ұлттық намыстың шарықтауын білдіретін ерекше әнұран. 1795 жылы ресми мәртебе алған бұл ән кейінгі көптеген елдердің ұлтшылдық сарындарындағы әнұрандарына ықпал етті. Кейбір елдерде әнұранның сөзі болмаса, кейбірінде бірнеше тілде нұсқасы бар. Мәселен, Босния және Герцеговина әнұраны – тек аспаптық нұсқадан тұрады. Ал Швейцария бірнеше ресми тілге ие ел болғандықтан, әнұранының төрт тілде нұсқасы бар. Ұлттық рәміздер тек сурет немесе дыбыс емес, ол – идеялар жүйесі. Мысалы, Жапония туындағы қызыл шеңбер «Күншығыс елі» ұғымының символы. Бұл табиғатты құрметтейтін синтоизм мен императорлық билікті біріктіретін белгінің көрінісі. Канада туындағы үйеңкі жапырағы алғаш рет елдің әскери бөлімшелерінде қолданылып, кейін ұлттық бірліктің символына айналды. Ақ-қызыл түстер корольдік байланыстар мен ұлттық дербестікті тең ұстауға тырысқан тепе-теңдіктің нәтижесі. Ал Оңтүстік Африка Республикасының туы постапартеид дәуірінен кейін 1994 жылы қабылданды және алты түстен құралған ерекше рәміз. Ол елдегі түрлі этностардың, мәдениеттердің бейбіт өмір сүруін білдіреді екен.

Дайындаған

Ақгүлім Ерболқызы