“Рамзан Қадыров өлім аузында ма?”: Шешенстан басшысы дерт туралы видео жариялады

Соңғы жылдары Рамзан Қадыровтың ауыр дертке шалдыққаны жөніндегі қауесеттер жиілеп кетті.
Жақында ғана отставкаға кететіні туралы мәлімдеме жасаған шешен лидері телеграм-арнасында жариялаған видеосы арқылы бұл әңгімелерге жаңа серпін берді.
Видеода Қадыров бір жаққа бет алып бара жатып, өлім мен тағдыр жайлы философиялық монолог айтады:
«Менің ауырып жатқаным, көп ұзамай өлетінім туралы өсектерді жиі еститін болдым. Біріншіден, ауру да, өлім де – әрбір адамның жолы. Бұл жолдан тірі жанның ешқайсысы айналып өте алмайды. Екіншіден, өмірді қысқартатын – ауру емес, қауіп емес. Өмірдің ұзақтығын тек тыныс берген Жаратушы ғана белгілейді».
Қадыров өзіне қанша өмір берілсе – 50, 60 не 70 жас – сонша өмір сүретінін айтты. Ал денсаулығы туралы сөз қозғап жүрген шетелдегілерді «тығылып отырған қорқақтар», «сырттағы тышқандар» деп атап, оларды өсекші, жігерсіз адамдар деп айыптады:
«Сіздер бұрын қандай қорқақ, еркектік қасиеттен жұрдай, шетелге тығылған өсекшілер болсаңыздар, әлі де сол күйде қалдыңыздар. Бұл – сіздердің табиғаттарыңыз».
Айта кетейік, видеода Қадыров денсаулығы жайлы нақты ештеңе айтқан жоқ. Дегенмен, кейбір блогерлер мен БАҚ оның түрі шаршаңқы екенін және жүріс-тұрысы баяулап қалғанын атап өтті.