Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:10

Рамзан Қадыров өз денсаулығына қатысты ақпаратты жоққа шығарды

Рамзан Қадыров
Фото: скриншот

Шешен Республикасы басшысы Рамзан Қадыров Instagram желісіндегі тікелей эфирде денсаулығына ешқандай мәселе жоқ екенін айтты.

«Аллаға ант етемін, менің бүйрегім, бауырым, көкбауырым немесе асқазаным ауырмайды. Тек бір нәрсені көтере алмаймын – ол бұрыш. Ал қалғаны бойынша мен толықтай саумын, күш-қуатым бар», - деді Қадыров.

Еске салсақ, бұған дейін кейбір БАҚ-тар украиналық дереккөздерге сілтеме жасап, Қадыровтың денсаулығында ауыр проблемалар бар екенін хабарлаған еді. 

Мәліметке сәйкес, Қадыровқа бүйрек жеткіліксіздігіне байланысты диализ жасалып жатыр, ал дәрігерлер әзірге нақты болжам бермей отыр. Украина әскери барлауындағы дереккөздер Қадыровтың қазір Шешенстандағы ауруханаға жатқызылғанын, оны көру үшін шетелде тұратын жақын туыстары да келгенін айтады.

Осы жағдайға байланысты Шешенстанның жаңа басшысы лауазымына үміткерлерді іздеу үдерісі жандана түскен. Хабарламада Кремль үшін ең ықтимал әрі «ыңғайлы» кандидаттар ретіндеМагомед Даудов, Апти Алаудинов және Қадыровтың тұңғыш ұлы – Ахмад Қадыров аталады.

Айта кетейік,Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров соңғы кездері көпшілік алдында сирек көріне бастады. «Новая газета. Европа» басылымының мәліметінше, ол ауыр дертке шалдыққан болуы мүмкін. Кей деректерде Қадыровтың бүйрек ауруына байланысты мәселелері бар екені айтылса, өзге болжамдарда ұйқы безі некрозы диагнозы аталады.

Жақында ол жұртшылық алдына қолына таяқ ұстап көрінді. Бұл кадрлар Ачхой-Мартан ауданындағы Жаңа Шарой ауылында хафиздер мектебінің ашылу салтанатынан жарияланған видеода байқалады.

Аталған видео тарағанға дейін әлеуметтік желілерде Қадыровтың шұғыл түрде ауруханаға жеткізілгені жөнінде қауесеттер пайда болған еді. Алайда бұл ақпаратты Шешенстанның ұлттық саясат, сыртқы байланыстар, баспасөз және ақпарат істері жөніндегі министрі Ахмад Дудаев жоққа шығарды.

Оның айтуынша,Шешенстан басшысы соңғы күндері қоғамдық-саяси жұмыстарын қалыпты түрде атқарып жүрген. Ресми билік өкілдері Қадыровтың денсаулығына қатысты тараған ақпараттарды шындыққа жанаспайды деп атады.

6 қаңтарда Рамзан Қадыровтың өзінің 20 жастағы ұлы Ахмат Қадыровты үкімет төрағасының орынбасары міндетін атқарушы қызметіне тағайындағаны туралы ақпарат тарады.

Ол бұл лауазымды спорт министрі қызметін сақтай отырып атқарады.