Рамзан Қадыров Түркияда суға батып кете жаздады

Haberler басылымының дерегінше, оқиға Түркияның Бодрум қаласындағы Кайнар ауданында орналасқан бес жұлдызды қонақүйде болған.
Материалда айтылғандай, Рамзан Қадыров суға түскеннен кейін кенеттен өзін жайсыз сезінген.
Жағажай маңында жүрген қонақүй қызметкерлері мұны байқап, дереу жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер оқиға орнына келіп, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, кейін Қадыровты жеке клиникаға жеткізген.
Қазір Чешен Республикасы басшысының жағдайы тұрақты, өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін де Рамзан Қадыровтың денсаулығына қатысты түрлі қауесеттер әлеуметтік желілерде жиі тараған. Мәселен, 2024 жылдың қаңтарында оның кенеттен көзден таса болуы қоғамда түрлі сұрақтар туғызған еді. Тіпті, Чешенстан басшысы комаға түсті деген ақпараттар да жарияланды. Сол кезде Чешенстан үкіметі бұл жағдайға түсініктеме беріп, Ұлттық саясат, сыртқы байланыстар, баспасөз және ақпарат министрі Ахмед Дудаев Қадыровтың демалыста екенін мәлімдеген болатын.
Алайда араға уақыт салып, Қадыров жұрт алдына шығып, серуеннен видеоүндеу жариялады. Ал бір аптадан кейін ресейлік журналист Ксения Собчакпен сөйлескені белгілі болды.
«Сұхбатты жариялауға өзі рұқсат берді, бірнеше рет сұрадым. Скриншотты да рұқсатпен салдым – мұны да нақтыладым. Тірі, дені сау, нейрожелі емес – кешью жаңғағын аса жігермен жеп отыр», - деп жазды журналист.
Сол кезде Қадыровтың жағдайына қатысты тараған ақпараттар мен жалған мәлімдемелерді BBC-дің Орыс қызметі талдаған еді.