Рамзан Қадыров ұлының жол апатына қатысы бар деген ақпаратқа алғаш рет пікір білдірді
Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров ұлы Адам Қадыровтың жол апатына түскені туралы тараған ақпаратты жоққа шығарды.
Бұл мәлімдемені Қадыров Шешенстан прокуроры Арсан Адаевпен өткен кездесу барысында айтты.
«Жасанды интеллекттің көмегімен кез келген адамды алдауға болады. Ел бойынша 128 мың жол апаты болды, 13 009 адам қаза тапты, бірақ оған ешкім назар аударып отырған жоқ. Ал қайдан шыққаны белгісіз, Қадыровтың ұлы жол апатына түсті деген ақпарат бір сәтте әлемдік жаңалықтардың бірінші тақырыбына айналды», - деді Шешенстан басшысы.
Кездесудің бейнежазбасынан үзіндіні Рамзан Қадыров өзінің Telegram-арнасында жариялады.
Бұған дейін бірқатар БАҚ-та Қадыровтың ұлы Адам Қадыров жол апатына түсіп, Мәскеуге жеткізілгені жөнінде ақпарат тараған болатын. Дереккөздердің мәліметінше, кортеж жоғары жылдамдықпен қозғалған, ал көлікті Адам Қадыровтың өзі басқарғаны айтылған. Кейінірек БАҚ өкілдері оның есін жиғанын және жағдайы жақсы екенін хабарлады.
Аталған хабарламалардан кейін Рамзан Қадыров ұлы қатысқан бейнежазбаны жариялап, онда Адам Қадыровтың Шешенстан күштік құрылымдарының командирлерімен кеңес өткізгенін мәлімдеді. Сондай-ақ, Шешенстан басшысы ұлының кезекті мемлекеттік награда алғанын да атап өтті.
Айта кетейік, Адам Қадыров 18 жаста. Ол Шешенстан Республикасының Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметін атқарады. 2025 жылдың сәуір айында Шешенстан Ішкі істер министрлігінің кураторы болып тағайындалған. Сонымен қатар, ол В.В. Путин атындағы Ресей арнайы мақсаттағы университетін, сондай-ақ Ресей Қорғаныс министрлігіне қарасты Шейх-Мансур және Байсангур Беноевский атындағы батальондарды қадағалайды.