Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:55

Рамзан Қадыровтың кәмелетке толмаған ұлы үйленді

Қадыров
Фото: dzen.ru

Шешенстан басшысының 17 жастағы ұлы Адам Қадыров отау құрды.

Бірқатар ақпарат көздерінің хабарлауынша, қалыңдық – Рамзан Қадыровтың сенімді серігі әрі Мемлекеттік дума депутаты Адам Делимхановтың немересі. Үйлену тойы Қадыровтар әулетінің тарихи мекені – бұрынғы Центорой, қазіргі Ахмат-Юрт ауылында өткен.

“Кавказ.Реалии” басылымының хабарлауынша, Адам Қадыровтың үйлену тойы 28 маусымда Ахмат-Юрт ауылында өткен. Оның әпкесі Айшат Қадырова қалыңдықтың есімі — Медни екенін мәлімдеді. Медни — Ахмат-Юрт ауылының тумасы, мұнда Қадыровтардың жоғары лауазымды туыстары тұрады.

Той күні Шешенстанда қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, көптеген жолдар жабылды. Кортежді қорғау үшін республикадағы барлық аудандардан жол-патрульдік полиция қызметкерлері тартылған.

Адам Қадыровтың үйленгенін оның әкесі, Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров растады. Telegram парақшасында жариялаған жазбасында, ұлы некеге отырмас бұрын Ресей президенті Владимир Путиннен жеке құттықтау алғанын да атап өтті.

«Құрметті Владимир Владимирович! Шешен Республикасының Тұңғыш Президенті, Ресей Батыры Ахмат-Хаджи Қадыровтың немересі Адам Қадыровты отбасылық өмірге қадам басуымен жеке құттықтағаныңыз үшін бүкіл отбасымыздың атынан шынайы алғысымызды білдіреміз», - деп жазды Қадыров өз үндеуінде.

Бірқатар Telegram арналарда Адам Қадыровтың үйлену тойынан фотосуреттер жарияланды. Сарапшылар оның білегінде Jacob & Co. Billionaire ASHOKA маркалы, 320 бриллиантпен көмкерілген сағат болғанын анықтаған. Бұл сәнді аксессуардың құны — 27,7 миллион доллар немесе шамамен 14,4 миллиард теңге.

Айта кету керек, Ресей Федерациясының Отбасы кодексіне сәйкес, ресми некеге тұру жасы — 18 жас. Дегенмен, ерекше жағдайларда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының рұқсатымен 16 жастан бастап некеге тұруға мүмкіндік беріледі.