Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:30, 26 Наурыз 2025

Рәміздерді қорлау: заңбұзушылық па, ішкі наразылық па?

рәміздер

Әлем елдерінде рәміздерді қорғауға қатысты әртүрлі заңдар қабылданған. Мысалы, АҚШ-та туды өртеу сөз бостандығы аясында қарастырылып, құқықбұзушылық ретінде есептелмейді. Ал Қытай, Түркия, Ресей және Қазақстан сияқты елдерде мемлекеттік рәміздерді қорлау әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке алып келеді.

 Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 372-бабына сәйкес, мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін айыппұл немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл заңнама рәміздерді қорғауға бағытталғанымен, кейбір жағдайларда азаматтардың пікір білдіру еркіндігін шектеуі мүмкін деген пікірлер де бар. Саяси тұрғыдан алғанда, рәміздерді қорлау актілері көбінесе белгілі бір топтардың мемлекеттік билікке деген қарсылығын білдіруі мүмкін. Бұл наразылықтар кейде үкіметтің ішкі немесе сыртқы саясатына қарсы әрекеттердің символикалық көрінісі ретінде жүзеге асады. Мысалы, АҚШ-тағы Вьетнам соғысы кезінде кейбір азаматтар туды өртеу арқылы соғысқа қарсылықтарын білдірген. Ал Гонконгтағы наразылықтарда Қытай туын қорлау әрекеттері орын алып, бұл Бейжіңнің қатаң реакциясына себеп болды. Саясаттанушы Айдана Талғатбекқызы рәміздерді қорлауды тек ойсыздық пен өресіздік деп қабылдамау дейді. Кейде рәміздерге қасақана қастандық жасаудың астарында саяси жүйе мен билікке деген қарсылық пен наразылық жатады-мыс.

«Мемлекеттік рәміздерді қорлау әртүрлі формада көрініс табуы мүмкін. Мұндай әрекеттер, әсіресе саяси наразылықтың, экстремистік идеологиялардың немесе азаматтық бағынбаушылықтың көрінісі ретінде жасалуы мүмкін. Бұл оқиғалар қоғамда үлкен резонанс тудырып, мемлекеттің беделіне нұқсан келтіруі мүмкін. Мысалы, 2010 жылы Үндістанда бірнеше наразылық білдірушілер елдің туын өртеуге тырысып, нәтижесінде олардың кейбірі қамауға алынды. Осыған ұқсас оқиғалар Еуропада да кездесіп, көбінесе саяси қақтығыстарға әкеліп соқтырады. Мәселен, Францияда «сары жейделер» қозғалысы кезінде мемлекеттік билікке қарсы акциялар аясында рәміздерге зиян келтіру жағдайлары тіркелді. Бұл әрекеттер кейбір топтардың наразылық білдіру құралына айналып, халықаралық деңгейде талқыланатын мәселеге айналып отыр. Әлеуметтік тұрғыдан алғанда, рәміздерді қорлау қоғамның ұлттық бірегейлікке деген көзқарасын көрсетеді. Кейбір жағдайларда бұл әрекеттер радикалды көзқарастардың немесе мәдени қақтығыстардың нәтижесі болуы мүмкін. Алайда көп жағдайда мұндай әрекеттер халықтың бөлінуіне, ұлтшылдық пен әлеуметтік шиеленістің күшеюіне алып келеді. 2019 жылы Германияда радикалды топтардың мемлекеттік рәміздерге нұқсан келтіруі елде үлкен наразылық тудырып, нәтижесінде үкімет арнайы заңнамалық қатаң шаралар қабылдады. Сондықтан рәміздерді қорғау саясаты тек жазалау шараларымен ғана шектелмей, азаматтардың патриоттық санасын нығайтуға бағытталуы керек», – дейді саясаттанушы.

Сәруар Бақберген