Рақымшылық: Жатыпішерлер көбейе ме?
Осыдан 3 жыл бұрын халықтың несиелеріне кешірім жарияланғаны барлығына белгілі. Ендігі кезекте көпшілік тағы да несиеге кешірім жасауды талап етіп отыр.
Өз кезегінде мамандар бұл экономикаға айтарлықтай нұқсан келтіруі мүмкін екендігін айтады. Бұл мәселе ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында туындады. қарыздарды кешіру және кезекті несиелік рақымшылық жариялау бейбіт митингтердің басты ұранына айналды. Тіпті әлеуметтік желілерде тағы да рақымшылық жасалады деген хабарлама тарап үлгерген. Парламент депутаттары да 199 млрд теңге көлеміндегі қарыздарды кешіруді ұсынуда.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ел билігі осындай сыйлық жасап, борышкерлердің банк алдындағы қарыздарын есептен шығаруы керек деген пікірде. Алайда бұл шара әлеуметтік мәселелерді шешетіндігімен барлығы бірдей келіспейді. Көптеген экономистер несиенің қарыз екенін және оны алған адам өзі қайтару керек екеніне сенімді. Сарапшылар мүмкіндіктерін таразылап барып алған жөн екенін ескертеді.
Қаржы маманы Расул Рысмамбетов несиелік рақымшылық төңірегіндегі шу әлеуметтік акция емес, банктік лоббиге ұқсайтындығын айтады. «Бұл – өте қауіпті қадам. Оның үстіне қазір мемлекетте халықтың қарызын жауып беретіндей қаржы жоқ», – дейді экономист. Ол банк әрбір борышкермен жеке жұмыс істеуі керек деп санайды. Егер қарыз алушы кірістерін жоғалтса, яғни жұмыссыз және жалақысыз қалса, ол несие берушіге барып, жағдайдан шығудың жолын іздеуі керек.
«Бұл – қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттік емес, банк пен оның борышкерінің мәселесі. Банктерге өз клиенттерімен коммуникация орнатуы керек. Елде несиені кешіру емес, керісінше жалақыны көтеріп және жаңа жұмыс орындарын құру қажет. Егер популистер несиелік рақымшылыққа қол жеткізсе, бұл біздің экономикамызды құтқармайды. Менің ойымша, шудың шығуы жұмсақ несие саясатына ұқсайды», – дейді сарапшы.
Экономист Сапарбай Жұбаев президенттің несиелік амнистиясын хандар билікке келген кезде ұйымдастырылатын тоймен салыстырады. Президент шын мәнінде кең қимыл жасап, азаматтарға несиені кешірді дейді сарапшы. Сондай-ақ, мұны мемлекет басшысы бюджет есебінен жасағанын еске салды. «Оның бұл әрекеті миллиардттаған доллар шығын әкелгенін ұмытпайық. Қалай болғанда да, банктердегі несиелерді мерзімінде қайтару керек. Егер адам өз міндеттемелерін орындамаса, кепіл мүлкі: үй немесе көлік тәркіленеді. Кез келген жағдайда оның қарызы өтеледі. Қазақстанда банктердің шығындарын салық төлеушілер өтеген кезде кредиттерге рақымшылық жасаудың қиын тәжірибесі бар», – деп түсіндірді Сапарбай Жобаев.
Экономист бұл жерде мемлекеттік акция емес, әрбір жағдай өзінің шешімі мен тәсіліне баса мән берілу қажет екенін жеткізді. «Егер жағдай шын мәнінде күрделі болса, мысалы: ауылдағы көпбалалы ана қарызға белшесінен батты, табыс көзінен айырылды делік. Онда арнайы комиссия құру қажет. Комиссия құрамына ең құрметті адамдар, мамандар, оның ішінде әкім де болсын. Олар бұл әйелге көмектесу керек пе, жоқ па, соны шешеді», – дейді Сапарбай Жобаев. Бұл «Мырқымбаев» деп аталатын жатып ішерлерді жоюға көмектесетініне сенімді. Өйткені ауылдарда адамдар бір-бірін таниды және қарызға алып, қайтармайтындарға күмәнмен қарайды.
Маман Айдархан Құсайынов болса кредиттік рақымшылық жасау жөніндегі талаптарды бопсалау деп санайды. Одан бөлек мұндай акцияны қайталаудың салдары ауыр болатынын ескертеді. Ол үнемі қарызды кешірсеңіз, адамдар несие алуға және оларды қайтармауға дағдыланатынын жеткізді. «Бір жағынан мемлекет халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша шаралар қабылдады: атаулы әлеуметтік көмек көрсетті, біреуді салықтан босатты. Несиені кешіруді талап ететін адамдар – несие алып, оны қайтарғысы келмейтіндер сияқты. Бұл дұрыс емес», – деген экономист дамыған елдерде несиелер кешірілмейтінін еске салды. Барлық жерде банкроттық туралы заңның барын, сол заң негізінде қайта құрылымдау мен қарызды өтеуді ретке келтіреді.
«Несиелік дағдарыс проблемасын жалпы экономика үшін өзекті мәселе ретінде қарастырған жөн. Адамдарды құндылықтарды бағалай білуге, несиеге бағынышты болмай, өмір сүруді үйренуді қажет етеді. Мысалы, жапондар несие алмайды», – деп сөзін қорытындылады. Сондай-ақ, ол егер ақша болмаса, үйде жалға тұрып, депозит ашып, арманыңыздағы ақшаны жинап, баспанаға қол жеткізуге болады дейді. Несие алмас бұрын, жарнамалық брошюраларға емес, өз мүмкіндіктеріңіз бен тәуекелдеріңізді сараптаған жөн. Өйткені, өз қауқарыңа сенімді болмаған жағдайда, несие атты қамытты мойынға ілмеген абзал.
Қазақстандағы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпараты бойынша, тұтынушылық мақсаттарға арналған несиелер көлемі жылдан жылға өсуде. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш шамамен 30 пайызға көбейді. Азаматтар ипотека, автомобиль, гаджет, денсаулық, саяхат және тағы басқа мақсаттарға қарыз алады.
Жанболат Мамай несиені кешіру туралы талап қоя отырып, әлсіз әлеуметтік саясат адамдарды құлдыққа ұшырататынын алға тартады. Бірақ қаржыгерлер қарапайым халық 2019 жылғы рақымшылықтан кейін қарыз ала бастағанын ескертті. Сонымен қатар жоғары пайыздық мөлшерлемелері бар кепілсіз қарыздардың үлесі айтарлықтай өскен көрінеді. Сарапшылар рақымшылық жасау бағдарламасы бойынша дәл осындай несиелер ілінгенін еске салады.
Айта кетсек, 2019 жылы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ел тарихында алғашқы кредиттік рақымшылық жүргізілді. Өмірлік қиын жағдайға тап болған қарыз алушыларға 300 мың теңгеге дейінгі кепілдендірілмеген тұтынушылық несиелер бойынша қарызды өтеу түрінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Бір реттік акция аясында 578 мың азаматтың жалпы сомасы 120 миллиард теңгені құрайтын несиелері бойынша берешегі есептен шығарылды. Тұрғындардың 52 пайызының берешегі толығымен өтелді. Сонымен қатар, 1,2 миллион азаматтың барлық кепілсіз тұтынушылық несиелері бойынша 33,6 миллиард теңгеге айыппұлдары есептен шығарылды. Дегенмен, «бұл кредиттік рақымшылық халықтың әлеуметтік осал топтарына жоғары кредиттік жүктеме мәселесін толық шешкен жоқ» дейді сарапшылар.