Рашит Белгібаев: Мектеп шикі өнімдерді сынайтын полигон болмауы керек
Жасанды интеллекттің өмірімізде дендеп еніп кеткені соншалық, миымызға аздаған салмақ түсіруге де ерінетін болдық.
Рас, жаңа технология өмірімізді айтарлықтай жеңілдетті. Бірақ адамды біртіндеп роботқа айналдырып бара жатқандай. Біз жасанды интеллекттің пайдасы мен зиянын Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Рашид Белгібаевпен бірге таразылап көрдік.
«Жұмыста тәртіп болмаса, ешқандай ЖИ көмектеспейді»
– Сіз ақпараттық технология саласының маманысыз, қазір жасанды интеллектіні дұрыс пайдалануды насихаттап жүрсіз, бұл жаңа технологияның пайдасы мен зияны туралы не айтасыз?
– Автоматтандыру қатысы бар нысанның қасиетін күшейтеді. Егер оның негізінде хаос болса – хаос күшейеді, ал негізінде педагогика болса – ол да күшейеді. Білім беру жүйесіне ЖИ-дің қалай әсер ететіні оны қолданатын жеке ерекшеліктеріне байланысты.
Артықшылығы – оқушыға жеке оқу траекториясын құру мүмкіндіктері артады, мұғалімнің әдеткі жүктемесін азайтады, сондай-ақ білім беру жүйесінің қалай жұмыс істейтіні туралы деректер көлемі көбейеді.
Зияны да бар. Ойлау жүйесі эрозияға ұшырайды, жаңа технологиялық тәуелділікке түсу қаупі бар, ЖИ-мен көп сөйлескен балаларда эмпатия төмендейді, деректердің қауіпсіздігі мен этика мәселелері тағы бар. Бір сөзбен айтқанда, ЖИ мидың GPS-і сияқты, нақты бір мекенжайды табу жеңілдейді, бірақ қаланың картасын ұмытып қалуың мүмкін.
– ЖИ білім саласындағы қандай процестерге тікелей араласуы тиіс?
– Мен мұны «араласу» емес, «өз мойнына алу» дер едім. ЖИ өз мойнына ала алатын ең айқын процестердің бірі – адаптивті тренинг. Мысалы, математикадан 100 тапсырма орындау керек делік. Компьютерлік бағдарлама арқылы бұл ыңғайлы болатын, өйткені ол асықпайды, жүйкесі тозбайды. Бірақ ол бағдарламаның мүмкіндігі әдіскердің жасаған шеңберімен шектеледі, бір қадам солға, бір қадам оңға бассаң, бағдарлама түсінбей қалады. Ал ЖИ бұл жағынан әлдеқайда еркін, сондықтан оның кеңестері мен көмегі оқушы үшін әлдеқайда пайдалырақ болуы мүмкін. Сондықтан жоғарыда айтқан тәуекелдерді есте сақтай отырып, ЖИ-ді когнитивтік дағдыларды дамыту үшін қолдануға болады. Қалған жағынан, ЖИ бұрын болмаған жаңа мүмкіндіктер береді деп айта алмаймын. Көптеген есептер бұған дейін де автоматтандырылған, бірақ оларды қолданбайды, оларға сенбейді, жүйелерде бар ақпаратты қайтадан қағазға жинағанды жөн көреді. Бұл технология емес, мәдениет мәселесі. Жұмыста тәртіп болмаса, ешқандай ЖИ көмектеспейді.
– Мұғалімдер «мектеп эксперименттік алаңға айналып кетті» деп жүр. Бұл орынды алаңдаушылық па?
– Алаңдау орынды. Осы жүйенің ішіндегі адам ретінде мұғалімдердің осы жайттан шаршайтынын өте жақсы түсінемін. Әр жылы бір жаңа, «серпінді» нәрсе пайда болғанда, хаос сезімі туындайды. Мектеп шикі өнімдерді сынайтын полигон болмауы керек. Дәл осы себепті Ұлттық академияда біз қазір тәсілді өзгертіп жатырмыз. Жаппай енгізу тәжірибесінен бас тартып, «дәлелді педагогика» мен «пилоттық алаңдар» концепциясына көштік. Болашақта осындай пилоттық алаңдардың теңгерімді жұмыс істеуі үшін олардың картасын жасағымыз келеді.
– «ЖИ оқушының әдеби шығарма жазу арманын ұрлап жатыр» деп мұғалімдер дабыл қағуда. Бұл процесті ЖИ-сіз жүргізу мүмкін болмай қалды, бұл түбінде ұлттық интеллектінің дамуына кесірін тигізбей ме?
– Лев Выготский «жазбаша сөйлеу – сөйлеудің алгебрасы» деген. Жазу – әріптерді жай ғана ретке келтіру емес, ойды құрылымдаудың құралы. Егер адам өз ойын қағазға түсіре алмаса, ол күрделі ойлай алмайды. Мен цифрландырумен айналысатын адаммын, сондықтан мен үшін қағаз деген Word-тағы парақ немесе смартфондағы Notes-та болуы мүмкін.
Егер біз балаларға жай ғана «Генерациялау» батырмасын басып, соны тапсырма ретінде өткізуге мүмкіндік берсек, онда ұлттық интеллектінің апатты эрозиясына тап боламыз. Контентті тұтынатын, бірақ мағына жасай алмайтын ұрпақ тәрбиелеп шығарамыз.
«Оқу мен жазу өлмейді»
– Бұған ЖИ кінәлі ме? Оны білім саласына енгізбес бұрын оның белгілі бір қолданыс аясын шектеу стандартын жасау қажеттілігі туралы неге айтылмай жатыр?
– Айтылады ғой, бірақ көп адамға мәселе тікелей басына тимейінше, ол қызық болмайды. Біз академияда білім беру процесінде АКТ (ақпараттық-коммуникациялық технологиялар) мен ЖИ қолданудың этикалық стандарттарын әзірледік, халықаралық және отандық тәжірибені де зерттедік. Әлемде ЖИ этикасының күрделі мәселелерін зерттеу баяғыда басталған. Жаңа этикалық стандарттар толқыны шамамен 2017 жылы пайда болды. Біздің елде де 5 жыл бұрын қабылданған этикалық құжаттар бар еді. Бірақ содан бері ЖИ қатты дамыды, өмірімізге дендеп енді. Сондықтан академияда құжатты қазіргі жағдайға бейімдеп, жаңартуға шешім қабылдадық.
Мұнда жағдай көркем шығармашылықтағыдай. Мен Роберт Шекли мен Кир Булычевтің шығармаларын жақсы көремін. Шеклидің философиясы керемет, бірақ ол кей техникалық детальдарға тым әуестеніп кетеді. Жұлдыз кемелерін лампалық компьютерлермен, магнитті ленталары бар рекордерлермен, рычагтармен сипаттайтын, сондықтан оның мәтіндері бүгінде шикі көрінеді. Ал Булычев, керісінше, техникалық детальдан қашып, құрылғыларды тек атаумен (миелофон, бластер) шектелетін. Сондықтан оның шығармалары бүгінге дейін қазіргі заманға сай көрінеді.
Концептуалдық құжаттарды әзірлеуде де солай – оларды үнемі қайта қарап отыруға тура келеді, әсіресе ЖИ-ге қатысты құжаттарды. Академияда біз Булычевтің жолын таңдадық. Егер стандарттарды белгілі бір бағдарламаларға бейімдесек (Шекли сияқты), олар жарты жылда ескіріп қалады. Сондықтан біз құжаттарды «батырмаларға» емес, принциптер мен құндылықтарға негіздеп жаңартамыз.
– ЖИ – сезімсіз сөздің жиынтығы ғана, ол қате мен қате емес ұғымдарды айыра алмаса, интеллектісі төмен адамдар қателіктерге сеніп қалса, бұл қаншалықты қауіпті болмақ? Мысалы, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының сарапшылары ChatGPT-ден ереже сұрап, жұмыс істеуді бастады. Оларды да мәжбүрлейтін болу керек. Ол ереже қате болуы ықтимал. Бірақ сарапшы оны байқамайды. Бұл тұтас оқулық жазу процесіне залалын тигізетін қателік, сарапшыларға ЖИ қолдану қаншалықты ұтымды? Қаншалықты заңды?
– Осы ұғымдарды нақтылап көрейікші. Сарапшы деген кім? Егер докторлық дәрежесі бар адам ChatGPT-ден ереже сұрап, қате жауап алып, оны байқамай оқулыққа енгізсе, ол адам кім? Мен оның сарапшылығына күмәндана алмаймын. Бірақ бір нәрсе анық, ол – ет пен теріден жаралған адам, демек, қателесуге бейім. Ал ЖИ-ді тексермей қолдану – қазіргі заманның ең үлкен тәуекелдерінің немесе қиындығының бірі.
Бұл қауіпті ме? Өте қауіпті. Егер біз көзді жұмып көшіруге жол берсек, галлюцинацияға толы оқулықтар алуымыз мүмкін. Бұған тыйым салу керек пе? Керегі жоқ. Тыйым салсақ, сарапшылар оны жасырын қолдана бастайды, ал тексеру сапасы одан бетер төмендейді. Менің ойымша, біз легализация және регламентация жолымен жүруіміз керек.
– ЖИ-ді оқулық жазу процесіне қаншалықты енгізуге болады?
– Академия оқулықтарды әзірлемейді. Бұл іспен Оқу-ағарту министрлігіне қарасты басқа мекеме айналысады. Бірақ жеке тұлға ретінде мен былай жауап берер едім: техникалық және адаптивтік бөлігінде – 80%, мазмұндық және құндылық бөлігінде – 0%.
Елестетіп көріңізші, автор бір параграф жазады, ал ЖИ оны бір секундта үш нұсқаға айналдырады. Мықты оқушыға арналған, орта деңгейге және жеңілдетілген нұсқа. ЖИ тесттер жасайды, глоссарий дайындайды, мәтінді басқа тілдерге аударады, инфографика салады. Бұл оқулықты «тірі» және бейімделгіш ететін орасан зор көмек.
Бірақ ЖИ «патриотизм», «жақсылық» немесе «тарихи ақиқат» дегеннің не екенін түсінбейді, сондықтан оқулықтың мағыналық өзегі, идеологиясы және фактологиялық мазмұны тек адамның айрықша құзыретінде болуы тиіс.
– ЖИ-мен жұмыс істеу көп адамның промт жаза алмайтынын, өз ойын нақты жеткізе алмайтынын көрсетіп жатыр, бұл келешекте оқу мен жазу тәсілдерін меңгеруде кедергі болуы мүмкін бе?
– Мен бұл сұрақты басқаша қояр едім. Промпт құрастыра алмау – себеп емес, симптом. Біз ұзақ уақыт бойы цифрлық сауаттылықты «батырмаларды баса білу» деп ойлап келдік. 6-7 жыл бұрын Alibaba негізін қалаушы Джек Ма: «Біз ұзақ уақыт бойы адамды компьютерге айналдыруға тырыстық, енді компьютерді адамға айналдырудамыз», – деген еді.
Болашақта ЖИ бұрын-сонды болмаған ең қатал әдебиет пен логика мұғаліміне айналады. Бұрын оқушы шығармада көбік сөзді көп қолданса да, мұғалім баланы аяғаннан үштік қойып жібере салатын. Ал ЖИ-мен ондай әсірелеу жүрмейді. Егер сен промптта ойыңды анық жеткізбесең, ЖИ саған галлюцинация немесе қоқыс шығарып береді.
ЖИ айна сияқты жұмыс істейді. Егер басыңда хаос болса, ЖИ саған хаос қайтарады. Егер сөздік қорың жұтаң болса, машинаға тапсырманы түсіндіре алмайсың. Сондықтан мен мұнда кедергі емес, серпін көремін. Біз «Жаңа риторика» дәуіріне кіріп жатырмыз деп үміттенемін. Сөз өнерін, логиканы, мәтін құрылымын меңгерген балалар нейрожелілерді басқара алады. Ал екі сөздің басын қоса алмайтындар басқа біреудің жасаған контентінің жай ғана тұтынушысы болып қалады.
Сондықтан оқу мен жазу өлмейді. Қайта, сөзге ие болудың құны бұрын-сонды болмағандай жоғары деңгейге шығады. Промпт-инжинирингті қазіргі заманның әдебиет пен логика сабағы, бір флакондағы екі пән деп қабылдаңыз.
– ЖИ оқушымен жұмыс істеу процесін жойып жібермей ме?
– Оқушымен жұмыс процесі – күрделі жүйе. Оның ішінде көптеген ішкі процестер бар. Солардың кейбірі жойылып кетсе, өзіміз де қуанар едік. Мысалы, мен «Оқы – Қайтала – Ұмыт» процесінің жойылғанын қалаймын. Ал, керісінше, жүрегімізде ұстаздарымызды жылы сезіммен еске алғызатын процестер көбейсе екен деймін. Оқушымен жұмыс жай ғана пәндік білім берумен шектелмейді, сондықтан ЖИ тек белгілі бір нәрсені ғана өзгерте алады.
Өз жазбаларымның бірінде мен балалар мен жасөспірімдерде «адамның ойлау қабілеті» теориясының дамуын тежейтін қауіп бар екенін айтқанмын. Бұл – басқа адамның да ақылы бар екенін, оның ойы мен әрекеті біз қалай қаласақ, солай болуға міндетті емес екенін түсіну қабілеті. ЖИ-мен ұзақ уақыт араласу, әсіресе баланың көңіліне қарап, оны мақтап, барлық қиындықтарды жұмсартып отыратын ЖИ осы қабілеттің қалыптасуын тежейді. Біз балалардың дамуына үлес қосуымыз керек, тәрбиені ЖИ-ге тапсырып қойып, кейін оны кінәлауға болмайды.
«Бәрін робот істесе, өзің әлсіз боп қаласың»
– ЖИ-ні тек көшіру құралы емес, білім жинақтауға көмекші құрал, жалпы алғанда, оқушыға өздігінен ойлау, талдау және түсіну қабілеті бірінші орында болуы керек дегенді қалай түсіндіреміз?
– Спортзалға келдім деп ойлаңыз. Сіз роботтан штанганы көтеріп беруін сұрайсыз. Робот оны мінсіз көтереді. Бірақ басты сұрақ: бұл кезде кімнің бұлшық еттері жаттығады? Бәрін робот істесе, өзіңіз әлсіз боп қаласыз.
Оқуда да дәл солай. Егер эссені сіз үшін ЖИ жазса – алгоритмдер «жаттығады». Ал егер сіз өзіңіз жазып, ЖИ-ді спарринг-серіктес ретінде қолдансаңыз, онда сіздің миыңыз жаттығады.
– ЖИ өнімі плагиат болып шығады. Баланы мектептен плагиатқа үйретіп жатқан жоқпыз ба?
– Барлығы адалдыққа байланысты. Егер оқушы эссені ЖИ-мен жазып, үнсіз өткізе салса, бұл академиялық адалдықты бұзу. Бірақ егер біз оны дұрыс жұмыс істеуге үйретсек, ол былай жазады: «Құрылымды ЖИ ұсынды, фактілерді өзім тексердім, қорытындыларды өзім жасадым». Мұндай жұмыс енді плагиат емес, зерттеу жұмысы болып саналады.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің позициясы маған ұнайды. Бұл кемел әрі салмақты ұстаным, қолдануға болады, бірақ қорытындыны адам өзі жасауы тиіс. ЖИ деректерді жинай алады, кестелерді салыстыра алады, заңдылықтарды таба алады. Бірақ мағынаны синтездеу – адамның құқығы мен міндеті. Сондықтан біз плагиатқа үйретпейміз. Біз жаңа дәйексөз келтіру мәдениетіне үйретеміз. Балаларға «ЖИ-ді жасырмаңдар. Оны көмекші-соавтор ретінде көрсету керек. Және бұл жұмыста сіздің нақты үлесіңіз қанша екенін айқын көрсетіңіздер» дейміз. Осылайша, біз құралды заңдастыру арқылы плагиатты жеңеміз.
– Біз қаласақ та, қаламасақ та, ЖИ жаңа буын ұрпақтың тәрбиесіне араласып кетті, ЖИ-ді шектеу мен дұрыс пайдаланудың ережесін бекіту керек деп ойлайсыз ба? Ондай ережені кім жасап шығады?
– Менің ойымша, ЖИ – отбасы мен мектептен кейінгі «үшінші тәрбиеші». Сондықтан оған да оқулықтар мен мұғалімдерге қойылатын талаптар сияқты қатаң талаптар қойылуы тиіс. Ережелер керек. Бірақ оларға формальды түрде қарауға болмайды. Біз тыйымды тыйым үшін ойлап таба алмаймыз. Оны кім орындайды?
Біздің цифрлық трансформация туралы көзқарасымызда қазір нақты іске асып жатқан бірнеше қадам бар. Алдымен біз АКТ мен ЖИ қолданудың этикасы бойынша әдістемелік нұсқаулықтар әзірлеп жатырмыз. Бұл мұғалім мен оқушы үшін неге болады, неге болмайды деген ережелер жинағы. Сондай-ақ біз жүйелерге қойылатын функционалдық талаптарды да әзірлеудеміз. Кез келген бот мектепке кіре алмайды. Біз сенімді ақпараттық және интеллектуалдық жүйелердің реестрін жасаймыз. Егер жүзеге асса, балалардың психикасына қауіпсіз әрі оқу процесіне пайдалы құралдардың «ақ тізімі» болады.
Біздің философия қарапайым: ЖИ үшін «Жол қозғалысы ережелерін» жасауымыз керек. Автокөліктер пайда болғанда оларға тыйым салған жоқпыз ғой, керісінше, жүргізуші куәлігін, бағдаршамды, қауіпсіздік белдігін енгіздік. Біз де осылай ЖИ ережесін жазып жатырмыз, бұл технологиялар балаларымызды болашаққа жетелеуі үшін, жолынан тайдырмауы үшін керек.
– «Жасанды интеллект жүйесі әрбір адамның қадір-қасиетін, оның тең құндылығы мен құқықтарын мойындай отырып, теңдік пен әділдікті қамтамасыз ететіндей етіп жасалып, пайдаланылуы тиіс. Бұл жүйелер нәсіліне, жынысына, жасына, дініне немесе кез келген басқа әлеуметтік, мәдени және жеке ерекшеліктеріне байланысты кез келген кемсітушілікке жол бермеуі керек», – делінген ЖИ туралы жаңа заңда. Бұл қаншалықты мүмкін?
– ЖИ-мен жүргізілген алғашқы тәжірибелер олар тек адамның айнасы екенін көрсетті. Оның жауабында адамның стереотиптері, қателіктері, адасулары бар. Мұның себебі: қарапайым, ЖИ біздің деректеріміздің негізінде үйренеді. Батыс әлемінде ағылшын тіліндегі деректер өте көп, сондықтан сол өңірге тән стереотиптер де жиі кездеседі. Бірақ бұл уақыт өте келе түзеледі. Жақсыдан үмітті болайық.
Сұхбаттасқан
Шынар ӘБІЛДА.