Референдум қарсаңында белсенділер қайда?
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты жексенбі күні полиция ұстаған белсенділердің бесеуін екі айға қамады.
Мұндай шешім 1 қазан сағат 22:00-де шықты. Оларға қылмыстық кодекстің 272-бабы бойынша (жаппай тәртiпсiздiктi ұйымдастыру) айып тағылып отыр.
30 қыркүйек күні Алматы полициясы 12 адамды ұстаған. Олар күні бойы полиция бөлімшесінде болып, кешке қарай алтауы босап шықты. Ал өзге 6 белсенді 48 сағаттық қамауда қалған.
Белсенді азаматтар мен адвокаттары бұл қудалауға АЭС салу жөніндегі референдум себеп болды деп санайды. Өйткені ұсталған 12 адам атом электр станция құрылысына қарсы жиналысқа қатысып, сөз сөйлеген екен. Осыған орай олар АЭС референдумы қарсаңында «жиналып, тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды» деген күдікке ілінген. Адвокат Ғалым Нұрпейісов «бұл істің таза саяси астары бар» деген болжамын айтты.
Жергілікті белсенді Абзал Достияров тергеу соты Нұрлан Жаулыбаев, Нұрлан Темірғалиев, Жанат Қазақбай, Фазылжан Сыздықов, Айдар Мүбәраковты 2 айға қамауға санкция бергенін айтты. Алдыңғы төрт азаматты адвокат Төлеген Берліқожа, ал бесінші белсендіні Ғалым Нұрпейісов қорғауына алған.
Белсендінің айтуынша, қамалған азаматтардың үшеуі егде жастағы кісі. Атап айтқанда, Нұрлан Жаулыбаев, Жанат Қазақбай және Фазылжан Сыздықовтың жасы 60-тан асқан. Ал 54 жастағы Нұрлан Темірғалиевтің денсаулығы сыр беріп, емделіп жүрген екен.
Көпшілігінің жасы ұлғайған, денсаулықтары нашар, үнемі дәрі ішіп, емделіп жүретін кісілерді қамауға алмай, үйқамаққа шығаруды сұраған. Бірақ шенділер бұл уәжді тыңдаған жоқ. Белсенділерді үлкен-кішісіне қарамай, 2 айға қамап тастады.
Екі ай мерзім өткен соң оларға қандай үкім шығары белгісіз. Өйткені тергеу құпиясына сілтеп, адвокаттары да ешқандай мәлімет бере алмай отыр. Оның үстіне жексенбі күні босатылған белсенділерге де істі жарияламау туралы қолхат жазғызып алыпты. Оларға «қорғалуға құқығы бар куә» деген статус берілген.
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина әлеуметтік желідегі парақшасында референдум қарсаңында Астана қаласында да белсенділер ұсталғанын жазды. Олар АЭС-ке қарсы үгіт-насихат жүргізгені үшін қамалған. Құқық қорғаушы жасаған тізімде 17 адамның аты-жөні жазылған.
Ішкі істер министрлігі мен Алматы қалалық полиция департаменті ұсталған белсенділер жайлы ешбір ақпарат жариялаған жоқ. Аталған мекемелердің ресми сайты мен әлеуметтік желідегі ресми парақшасы әлі үнсіз. Ал қалалық ПД баспасөз қызметі журналистер сауалына жауап бермей жүр.
Атом электр станциясын салу жөніндегі референдум осы аптаның аяғында, 6 қазанда өтеді. Оны қолдау туралы үгіт-насихат жұмысы қызу жүріп жатыр. Бірақ жобаның кемшілігін айтып, оны салуға қарсы шыққан азаматтар түрлі кедергіге ұшырауда. Біз сөз етіп отырған белсенді азаматтар да АЭС-ке қарсы сөз сөйлегені үшін күдікке ілінген. Екі айға қамалған азаматтарға қандай жаза берілетіні тергеу мен сараптама қорытындысына сай анықталады.
Қуан Өмірхан