Референдумда дауыс бергендер үлесі - 73,24%
Қазақстанда 15 наурыз күні өткен референдум бойынша сайлаушылардың келу көрсеткіші 73,24 пайыз болды.
Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы жариялаған деректерде айтылды.
Ресми мәліметке сәйкес, референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың жалпы саны 12 461 796 адамды құрады. Соның ішінде 9 126 850 азамат дауыс беріп, елдегі саяси науқанға қатысқан.
Өңірлер бойынша ең жоғары қатысу көрсеткіші Қызылорда облысында тіркелді – 93,04 пайыз. Сондай-ақ Ақтөбе облысында 87,05 пайыз, Шығыс Қазақстан облысында 86,42 пайыз, Жамбыл облысында 85,06 пайыз және Қарағанды облысында 84,30 пайыз сайлаушы дауыс берген.
Түркістан облысында дауыс беруге келгендердің үлесі 84,03 пайызды, Қостанай облысында 81,21 пайызды, Ақмола облысында 79,82 пайызды, Жетісу облысында 78,49 пайызды, Маңғыстау облысында 77,89 пайызды құрады.
Ал Абай облысында сайлаушылардың қатысуы 75,45 пайыз, Павлодар облысында 75,51 пайыз, Атырау облысында 74,04 пайыз, Ұлытау облысында 73,15 пайыз, Алматы облысында 71,46 пайыз, Солтүстік Қазақстан облысында 70,52 пайыз болды. Ең төмен көрсеткіш Батыс Қазақстан облысында тіркеліп, 68,94 пайызды құрады.
Республикалық маңызы бар қалалар ішінде Шымкентте 75,82 пайыз азамат дауыс берсе, Астанада бұл көрсеткіш 60,36 пайыз болды. Ал Алматы қаласында референдумға қатысу деңгейі 33,43 пайызды ғана құрады.
Алдын ала деректерге сәйкес, ел аумағындағы барлық дауыс беру учаскелері кешкі сағат 20:00-де жұмысын аяқтады. Референдум қорытындылары толық есептелгеннен кейін ресми түрде жарияланады.