Референдумдағы кішкентай, орташа, үлкен заңбұзушылықтар

«Әр сайлау сайын бір нәрсе айтамыз – сайлау заңсыз өтті». «Тәуелсіз бақылаушылар» қоғамдық бірлестігінің өкілдері осылай дейді.
Бес жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бірлестік АЭС салуға қатысты референдумға 75 бақылаушы дайындаған. Сөйтіп, Алматы қаласындағы 65 учаскеде жұмыс істеген. Олар да елдегі басқа тәуелсіз бақылаушылар сынды қысым көріп, кедергілерге кезіге беріпті. Дауыс беру барысындағы «қызықтар» туралы газетіміздің өткен санында айтқанбыз (№78, 8 қазан). Ал бұл жолы аталған қоғамдық бірлестіктің бақылаушылары өз оқиғаларымен бөлісті. Айтуларынша, сайлау сағат жетіден бұрын басталып кеткен, бір адам екі дауыс берген. Тәуелсіз бақылаушыларды бірде қуған, бірде полицияға беріп жіберген. Ақыр-соңы есіктен кіргізбей қойған...
«Тәуелсіз бақылаушылар» өзге де бақылаушылар секілді қитұрқылықтардың түр-түрін көріпті. Ірілі-ұсақты заңбұзушылықтар да жиі ұшырасқан. Соның екеуі бойынша сотта жеңіп шығатынымызға сенімдіміз дейді олар. Ал қалған істерге қатысты күдік басым екен. Себебі сайлау мен референдум сайын айтылса да, ескерусіз қалатын заңбұзушылықтар тізімі бар көрінеді. Расында, бұған дейін Қазақстанда сайлауға қатысты қанша нәрсе айтылып, дәлелі желілерде тарап кетсе де, арты жылы жабылған, жабулы күйі қалған. Кешегі референдумда да Бас прокуратура тек екі іс тіркеді... Бірақ қанша жерден жасырғың келсе де, көзге көрініп тұратын дүниелер болады. Мысалы, дауыс беру кезінде комиссия бір азаматқа екі бюллетень беріп, оның жәшікке екеуін де салғанына қарап тұрған. Оны заңбұзушылық ретінде танып, акт толтыруды сұраған тәуелсіз бақылаушының өзіне акт жазып жіберген. Ол туралы аталған учаскені мобильдік бақылауға қатысқан Назерке Сексенбайқызы айтып берді.
«Референдум күні Алматы қаласы Наурызбай ауданы бойынша мобильді топқа жетекшілік еттім. Осы аудандағы жеті сайлау учаскесінде заңбұзушылықтар орын алды. Соның ең айқыны – 515-учаскеде тіркелді. Онда бақылаушы Аружан Абуова бір азаматтың екі бюллетеньді жәшікке салып жатқанын көріп, бейнетаспаға түсіріп алған. Оқиға бойынша акт толтыруды талап еткен. Алайда комиссия өз қателігін түзетудің орнына бақылаушыға қысым көрсете бастаған. Ал басқа «тәуелсіз» бақылаушылар процеске кедергі келтіріп жатырсыз деп ескерту жасаған. Ақырында арызданып, Аружан Абуованы сайлау учаскесінен шығарып жіберді.
Бір ескерерлік нәрсе, тәуелсіз бақылаушыны шығарып жіберудің де заңды тәртібі бар. Ол заң бұзған күннің өзінде акт толтырылып, оған екі адам қол қоюы қажет. Мұнда оның ешбірі жоқ. Оған қоса, Аружанды полиция бөлімшесіне апарып, қысым көрсеткен. Видеоны өшіруді талап еткен. Бөлімшедегі полицейлер ешбір протокол толтырмаған, басқа құжат та рәсімдемеген. Бұл туралы материалдарды жинақтап, әзірлеп жатырмыз. Алдағы уақытта сотқа жолданады», – дейді Назерке Сексенбайқызы.
Жоғарыда аталған екінші заңбұзушылық туралы 451 сайлау учаскесінде тәуелсіз бақылаушы болған Әсел Изтаеваның өзі айтып берді:
«Азанда учаскеге барғаннан-ақ бақылаушыларды артқа отырғызды, ары-бері жүруге, видео түсіруге тыйым сала бастады. Алайда менің қозғалысқа, фиксацияға, процесті бақылауға құқығым бар деп жауап бердім де, жұмысымды жалғастыра бердім. Сол секілді өз құқығыңды қорғасаң немесе заңбұзушылықтарды байқап, айтсаң, «біз үнемі солай жасаймыз» дегенді естисің. Демек, комиссия мүшелері мен бақылаушылар қалыптасып қалған әдеттерін заңнан жоғары көреді...
Мәселен, комиссия мүшелері сайлау учаскесінен тыс жерде дауыс беретіндерге бөлек жәшік беруі тиіс. Ереже бойынша оған екі адам барады. Осыны ескертсең: «біреуі бара берсін, онда тұрған не бар?» дейді. Мейлі, бірақ мен видеоға түсіріп аламын десең, екі адам жіберетін болып қалады. Ал камера жоқ кезде заң бұзу мәселе емес... Осылайша, бірнеше заңбұзушылықты дер кезінде тоқтаттық. Десек те, тоқтата алмағандарымыз да кездесті. Мысалы, таңғы сағат 6:40-6:50 шамасында сайлау учаскесіндегі жәшікте бюллетеньдер жатты. Дауыс беру болса, 7:00-де басталады. Оны видеоға түсіріп, акт толтырдым. Басқа тәуелсіз бақылаушыларға жағдайды айтып, көрсетіп, қол қоюларын сұрадым. Алайда олар бас тартты. Неге қоймайсыз десең, түсіндірмейді, жауап бермейді. Реакция мүлде жоқ. Бұл жағдай бойынша сотқа арыз-шағым әзірлеп жатырмыз.
Дауыстарды есептеу алдында комиссия қолданылмаған парақтарды санамады, оларды жоймай тұрып, жәшікті ашып тастады. Осы секілді нәрселерге тұрмыстық санамен қарап, заңбұзушылықты кішкентай, орташа, үлкен деп бөлуге болмайды. Барлық заңбұзушылық бірдей назарға лайық. Себебі олардың бәрі де фальсификацияға, манипуляцияға алып келеді», – дейді саясаттанушы Әсел Изтаева.
Бұл екі жайттан бөлек, бірлестіктің төрт бақылаушысын полиция алып кеткен. Тағы ондаған бақылаушыны учаскеден шығарып тастаған. Мұның бәрін сайлау комиссиясының мүшелері істегені айтпаса да белгілі. Олар басқа «тәуелсіз емес» бақылаушылармен бірігіп алып, түрлі «айла-тәсілге» салатын көрінеді.
«Бақылаушылар заң аясында түсірілім жасап жатқанда басқа «бақылаушылар» оның алдынан өтіп, теріс бұрылады да, камераға бетімен қарап, «мені түсірме» деп шағымданады. Сөйтіп, жұмысқа кедергі келтіріп жатыр деген сылтаумен өзара акт жасап, учаскеден шығарып жібереді. Бұл таза арандату. Басқа ештеңе де емес. Тәуелсіз бақылаушыларға ескерту айтарда комиссия да дайын тұрады. Олардың «участковыйлары» да бейнебір есіктің сыртында күтіп тұрғандай, дереу келіп, алып кетеді. Бақылаушы қызметіндегі азаматты тиісті актпен таныстырмастан бөлімшеге алып кетеді. Келіспегендерін күштейді. Ал солар шын мәнінде заңбұзушылық жасаса, толтырылған акт қайда? Қозғалған әкімшілік іс қайда?
Қызық мұнымен бітпейді. Кешке санақ басталар алдында бақылушылардың біріне әлдекім хабарласып, көлігін алып тастауын өтінеді. Барса, оны басқа көліктер қоршап, шығармай қояды. Әупірімдеп ішке келсе, есікті жауып алған, ашпайды. Тура сол секілді, Мәулен есімді жас бақылаушымызды сайлау учаскесіндегілер «сайлау аяқталды, естелікке фотоға түсейік» деп шақырады. Бақылаушы шыға салысымен есікті жауып тастайды. Тағы жүкті әйел өтініш айтып, көмектесуге шыққан бақылаушымызды да есіктен кіргізбей қойған... Бұл – біз бақылау жүргізген Алматыдағы сайлау учаскелеріндегі жағдайлар ғана. Елдің түкпір-түкпірінде мұндай оқиғаның қаншауы болғанын кім білсін?», – дейді «Тәуелсіз бақылаушылар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бесжан Төлеубекұлы.
Негізінен, тәуелсіз бақылаушылардың заң бойынша бекітілген қызметі мен құқығы бар. Соған қарамастан, учаскелерде бақылаушы бір топ, қалғаны бір топ секілді әсер қалдырады. Тіпті бір-біріне қарсы екі тарап дерсің. Ал соның қайсысы күрескер образында екені тағы анық. «Мемлекетімізде әділ сайлау жоқ. Бізде бәрін кедергісіз тағайындауды, алдын ала белгіленген сандар арқылы жүргізгенді жақсы көреді. Ал тәуелсіз бақылаушылар осыған кедергі келтіреді. Сол үшін оларға қысым көп, кедергі толассыз. Әр сайлау сайын бір нәрсе айтамыз – сайлау заңсыз өтті. Осыны айтудан да, көрсетуден де жалықпаймыз. Өйткені сайлаудың, референдумның нәтижесі әрбіріміз үшін маңызды. Текетірестер мен оларды қоғамға жеткізу арқылы нәтижеге, әділ сайлауға әйтеуір бір жетерміз», – дейді қоғамдық бірлестік өкілдері.
Баян Мұратбекқызы