Референдумға 16 млрд теңгеден астам қаржы бөлінуі мүмкін
Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтың айтуынша, биылғы бюджет соңғы референдумдағы бөлінген қаражаттан көбірек болуы ықтимал.
Себебі сайлау учаскелері көбейеді, ал инфляция деңгейі де қаражат мөлшеріне әсер етеді. Қаражат Үкімет резервінен бөлінеді, нақты сома алдағы бір-екі күнде анықталмақ.
Соңғы референдум АЭС мәселесіне байланысты 2024 жылғы қазанда өткен еді. Сол кезде 16,5 млрд теңге бөлінген, ал науқан аяқталған соң Орталық сайлау комиссиясы 1,6 млрд теңгені бюджетке қайтарған болатын.
Айта кетейік, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Жалпыхалықтық дауыс беру 15 наурыз күні өтеді.
10 ақпанда Конституциялық комиссия президентке жаңа Конституцияның соңғы жобасын ұсынған. Қорытынды отырыста құжатты барлық саяси партиялар қолдағаны айтылды.