Реформа қайда, реформа?!
Сайлауға екі аптадан сәл астам уақыт қалды. Не бар бізде дәл қазір? Ештеңе! Бес қуыршақ кандидат пен бір шын кандидаттан басқа.
Әділін айтайық, ел аралап жүрген Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында елдің экономикалық және саяси өмірін жақсартуға бағытталған нақты ұсыныстар бар.
Ол Қазақстанның барлық азаматтарына теңдей мүмкіндік беремін, қоғамда әділдік орнатамын дейді.
Алайда бізде бір үлкен проблема бар деген журналист Ибраш Нүсіпбаев: «Кез келген мемлекеттің негізі – халық. Ал халықтың қалауын білдіретін басты құжат – елдің конституциясы. Ал конституцияны қорғайтын кім? Полиция, соттар мен прокуратура. Бірақ коррупция дертіне әбден шалдыққан полиция мен прокурорлармен жаңа Қазақстан құру мүмкін бе? Олар тірі тұрғанда, әділдік құру мүмкін емес. Жоғарғы сотты жемқорлық жайласа, полицейлер қоғамға қызмет етуді бизнеске айналдырса, прокурорлар ішімдік ішіп, бірін-бірі пышақтап жатқанда, әділ қоғам құра алмаймыз.
ІІМ, прокуратура мен соттарға терең реформа жүргізіледі деген мәлімде жасалғанымен, шынайы реформа болмады, тек Назарбаевтың адамдарының орнына басқа «сыйлы адамдарды» қоя салды. Коррупция машинасы қайта дүрілдеп шыға келді. Мұны сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің есептері растайды. ІІМ, соттар мен прокуратураға шынайы реформа жасалмаса, бұл елде жаңа Қазақстан орнамайды», – деп сөзін қорытындылады.