Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:04, 20 Мамыр 2021

Реформалар халықты байытпады, шаршатты

None
None

        Күні кеше еліміздің Ұлттық статистика бюросы Қазақстанда 1,4 млн-ға жуық адам қара жұмысқа жегіліп, аптасына 40 сағаттан астам жұмыс істейтінін мәлімдеді.

        Деректерге жүгінсек, елімізде тау-кен өнеркәсібінің 85 мың қызметкері аптасына 40 сағаттан астам жұмыс істейді. Жылжымайтын мүлік саудасымен айналысатын 42 мың адам, қонақүйлер мен қоғамдық тамақтану саласында 43 мың адам аптасына 40 сағаттан артық еңбектенеді екен. Ұлттық статистика бюросы бұл тізімге басқа да сала қызметкерлерін кіргізіп отыр. Атап айтсақ, көлік, құрылыс және бөлшек саудамен айналысатындардың 20 пайыздан астамы белгіленген нормадан артық жұмысқа жегіледі. Ал еліміздің Еңбек кодексіне сәйкес, қалыпты жұмыс уақыты аптасына 40 сағаттан аспауы тиіс.

             Артық күш жұмсаса да, халық неге байымайды?

        Жалпы, нарықтық экономикаға көшкелі бері қазаққа қойылатын негізгі айыптың бірі – жалқаулық. Біреулер баспанасы  жоқ қазақты суырға теңесе, енді бірі үкімет тағайындаған тиесілі жәрдемақыны алып, оны қажетке жарататындарды  «мемлекетке масылдар» дейтінді  шығарды. Тіпті көпбалалы болып, ішер асқа жарымай отырғандарды көрсе де,  «асырай алмаса бала туып несі бар, өзі жалқау» деп сөгетіндер де табылды. Базарда арба сүйреген қазақты көрсек, «жалқау ғой, дұрыс жұмыс таппай ма» деп сөгетіндер де бар. Ал, шындығында, солай ма? Қазақ жалқаулығынан кедей болып жүр ме? Қара жұмысқа жегіліп артық күш жұмсаса да, неге халыққа шыр бітпейді?

        Негізінде, батыс ғалымдары қазақтың еңбекқорлығын өз еңбектерінде үнемі тілге тиек етеді. Қазақтың мал басын бейнетпен өсіретін қасиетін, диқаншылықтың мехнатын әлі де тартып келе жатқанын, қуаңшылық мәселесі үнемі алқымнан алатынын батыстық ғалымдар осы уақытқа дейін жазбады емес, жазды.Тіпті осы арқылы өзге елдер «қазақ – бейнетінің зейнетін көруге ұмтылған ел» деген түсінікті де қалыптастырып келеді. Ал енді біз неге өзімізге «қазақ жалқау» деген айып тағуға бейімбіз? Бір істі тиянақты аяқтай алмағанымызды неліктен осы пәлсапаның аясына сыйғызып жібергіміз келіп тұрады?

                              Жерде есесі кеткен қазақ         Байыптасақ, біз бірінші кезекте жерден есесі кеткен елміз. Кезінде Ресей империясы қазақтың құнарлы жерлеріне мұжықтарды орналастыра бастаған тұста қазақтар өзінің 45 миллион десятина ең құнарлы жерінен айырылып қалды. Шөл далаға ығысқан қазақта егін шаруашылығы қайдан дамысын? Осындай әрекеттен соң, қазақтар отырықшылық көрмеді. Қысы-жазы көшіп-қонып жүруге мәжбүр болды. Көшпенді елдің белгілі бір өнеркәсіп саласымен айналысуы қиын екені белгілі. Бұдан соң тың игеруді желеу етіп, тағы 25 миллион гектар жерімізден айырылыппыз. Ең құнарлы деген қазақ даласын Украинадан, Беларусьтан келген тың игерушілер иемденіп қалды. Осылайша тағы да құнарлы жерді уыстан шығарып алдық.      Осы мәселені зерттеп жүрген экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов былай дейді:

    – Бізде қазір 72 аудан бар. Өнеркәсіпті дамытпақ түгіл, ол аудандарда күн көрудің өзі тауқымет. Осы жайттың бетін ашып, қанша рет зар қақсадық. Жер мәселесін жазып та, айтып та, том-том кітап етіп шығарып та жүрміз, бірақ селт еткен жанды көрмедім. Міне, нақ қазір бізде бірінші болып шешілуі тиіс мәселе – осы.

                           Жәрдемақы жарытпайды...        Бұған қоса, мамандарымыз шөл және шөлейт аймақтарда тұрып жатқандарға қосымша төлемақы төленуі тиістігін алға тартады. Мамандардың пайымдауынша, АҚШ-та, Канадада, басқаны қойғанда, Оңтүстік Африкада құнарсыз, суы тапшы, нәрсіз жерлерде тұратын жандардың жалақысына қоса, үстеме төлемақы төленеді. Ал біз зиянды қалдықтар қоймасына айналған елді мекендерде тұрып жатқан, полигонның зардабын көрген жандарды шөміштен қағып, өзге қалаға қоныс аударса, оларға болар-болмас жәрдемақысын төлеуден бас тартамыз. «Сондықтан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл мәселені мықтап ойланып, шөл және шөлейт аймақта тұратын, сынақ алаңына айналған жерлерді мекендейтін халыққа көлемді жәрдемақы беруді қарастырса тіптен оңды болар ма еді» деседі мамандар.

                    Елді жаңартуға елу жыл қажет пе?

       Сала мамандарының пайымынша,  бізде қазір халықтың тұрмыс-тіршілігіне, экономикалық дамуға қатысты реформалар өте көп. Тіпті елде тиімді реформалар легін қалыптастыру мақсатында Жоғары реформалар кеңесі де құрылды. «Жас Алашқа» пікір білдірген әлеуметтанушы Серік Еңсебаев:

    – Осы уақытқа дейін де халық талай реформаларды көрді. Шенділер шетелге барып келіп, дамыған елдердің бір жақсы тәжірибесін көріп қалады да, «біз де сондай болуымыз керек» деп, әлгіні реформа етіп бізге тықпалайды. Ол бастама ортамызға бейім бе, реформаны игеріп әкетуге әлеуметтік-экономикалық жағ­дайы­мыз келе ме – осы жағына бас қатырмайтын шенеу­ніктердің орынды-орынсыз реформасы халықты әбден шаршатып жіберді. Біздің жеріміздің ауқымы үлкен. Тек қана жерасты байлығымыздың арқасында көптеген шетелдік миллиар­дер атанып жатыр. Осындай әрекеттерді көріп қарның ашады, – дейді.

         Маманның айтуынша,  бізде оңтүстік-батыс, оңтүстік-шығыста тұратын елдің көбісінің ахуалы, тұрмысы нашар. Орталық Қазақстан, Солтүстік Қазақстанның халқы құнарлы жерлерде тұратындықтан, олар жерді еміп, егіншілік ісімен айналысып, әйтеуір, жағдайларын дұрыстап алып жатыр. Ал шығыс пен батыстағы елдің күнкөрісіне, мал өсіруіне, өнеркәсіптік дамуына қатысты, тіпті қала халқы мен дала халқының әлеуметтік теңдігіне қатысты да үкімет әлі сауатты шешім қабылдай қойған жоқ.                    Қала қазағы: азық-түліктен үнемдейді       Мамандардың зерттеуінде көрсетілгендей, қазір қала халқы өз қаржысын үнемдеу мақсатында өздеріне біраз шектеулер қойған. Мәселен, биыл өткен жылмен салыстырғанда бір ғана Алматыда қала халқының өзін-өзі дамыту орталықтарына бару үрдісі 62 пайызға саябырсыған. Бұған қоса, соңғы үш жылда қала қазақтарының тамақтану үлгісінде де қатты үнемдеу  байқалады. Бұған қатысты әлеуметтанушы мамандар  «қала халқының 60 пайызы қаржысын астан үнемдеуге көшкен» деген деректерді келтірді.

               Дала қазағы: отын-суын түгендейді

       Ал енді ауыл  халқы жиған-тергеніне мал азығын, отын-суын сатып алуға тырысып жатыр.

   – Мысалы, он қойы мен екі сиыры бар шаруаға малын қыстан аман алып шығу үшін шөп қажет. Қазір ауылдық жерде жемшөптің бағасы удай.  Бұған қыстық отын-суды қосыңыз. Көмірдің бағасы тағы қымбат. Сонда дала қазағы қыстан қысылмай шығу үшін қосымша кем дегенде 350-400 мың теңгедей қаржы жинауы керек. Ал ауылдағы зейнетақы мен жәрдемақының мөлшері тағы белгілі. Осыған қарап ауыл халқының да  күнкөріс қамы үшін жанталаса тіршілік ететінін пайымдай беруге болады, – дейді әлеуметтанушы Серік  Еңсебаев.

Тақырыпқа тұздық 

               Өркениеттің ауылы неге тым алыс?

     Тақырыпқа қатысты «Жас Алашқа» пікір білдірген экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметованың ойынша, бір отбасын асырау үшін батыс елдеріне қарағанда Қазақстан халқы  80 есе артық күш жұмсайды екен. Мысалы, немістің қариясы айына 984 евро зейнетақы алады. Финдік қариялар 1,3 мың евро көлемінде зейнетақы алса, Голландияда ең төменгі зейнетақы 3,2 мың евроны құрайды екен. Бір ескеретіні, біз үлгі етіп отырған елдердің қариялары бірінші жинақтаушы зейнетақы қорының есебінен, екінші кәсіпорындық зейнетақы қорынан, үшінші мемлекеттік бюджет есебінен зейнетақы алады. Демек, бұл дегеніңіз – аталмыш елдердің өз қарттарына үш жүйе бойынша зейнетақы беретінін көрсетеді. Осы үш бірдей қордан алынатын қаржы Еуропа қарттарының өмірін қамсыз етері анық. Ал бізде мұндай өркениеттің ауылы тым алыс. Осындай мысалдарға қарап-ақ, мамандар айтып отырғандай,  біздегі дамуға, өркендеуге бағытталған реформалар халықты шынымен байытпағанын, керісінше,  қаптаған «жаңашылдықтан» басымыз шатасып, шаршап кеткенімізді мойындауға тура келіп тұр.

      Қалай десек те, бізде реформалар легі тым көп, біреуін миыңа сіңіремін дегенше, екіншісінің құлағы қылтиып шыға келеді.  Өкініштісі, сол реформалардың қайсыбірінің халықтың көңілінен шықпай жататыны да рас.  Тіпті кейде сол реформалардың дені қарапайым халықты емес, бай-манаптарды одан әрі байытуға арналған ба деп қаласың. 

Тегтер: