Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:11, 27 Қазан 2020

Реформалар кеңесі 30 жылда бағы ашылмаған салалалардың бабын келістіре ме?

None
None

Биыл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында экономика, өнеркәсіп, қаржы, әлеуметтік және басқа да салаларда түбегейлі реформалар жүргізу туралы міндеттер қойды.

  Осыған орай, Президенттің 14 қыркүйектегі Жарлығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңес құрылды. 21 қазан күні сол кеңестің алғашқы отырысы болды.

Жалпы алғанда, былтыр қоғамның пікірін ескере отырып, маңызды стратегиялық проблемаларды қарау, халық пен билік арасындағы диалогты қамтамасыз ету мақсатында Президент жанынан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі де құрылған болатын. Ал енді биыл Жоғары Реформалар кеңесін құру қаншалықты негізді? Аталмыш кеңестің міндеті мен мақсаты не? Бұл кеңестің Ұлттық кеңестен айырмашылығы бар ма?

 

Чакрабарти кім, ол реформаларды ұршықша иіре ала ма?

Бұл жолы Реформалар кеңесінің тиімділігін арттыру мақсатында кеңес төрағасының орынбасары болып, Еуропалық қайта құру және даму банкінің экс-президенті Сума Чакрабарти тағайындалды. Ал кеңес мүшелігіне Асқар Мамин, Ерлан  Қошанов,  Ерболат Досаев,  Қайрат Келімбетов, Мәдина Әбілқасымова, Әсет  Исекешев, Тимур  Сүлейменов,  Тимур Құлыбаев тартылды. Бұдан бұрын Чакрабарти Мемлекет басшысының 14 қыркүйектегі өкімімен Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық даму жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалған болатын.  Үндістанда дүниеге келген Чакрабартидің экономикалық кеңесші болып тағайындалуына қатысты пікірлер қазірдің өзінде екіге жарылады. Сала мамандарының арасында «өзімізде  мамандар бола тұра, қыруар қаражат төлеп, өзгенің ақылын сұрау не әдет?» дегендері де бар. Чакрабартидің Реформалар кеңесі төрағасының орынбасары болуын тағайындалуына қатысты саясаттанушы, Айбар Еребеков былай дейді: 

– Чакрабарти дамушы нарықтар мәселелері бойынша маман, Ұлыбритания мемлекеттік қызметі жүйесіндегі ірі реформаларды әзірлеудегі тәжірибесі мол. Орталық және Шығыс Еуропа елдеріне техникалық көмек бағдарламасы – британдық «ноу-хау» қорының дамуында негізгі рөл атқарды. Еуропалық қайта құру және даму банкінің басшысы ретінде С.Чакрабарти аталмыш қаржы институтын ауқымды жаңғырудан өткізді. Өзі басшылық еткен жылдары бұл мекеме Қазақстанға 9 млрд доллар көлемінде инвестиция салды. ЕҚҚДБ мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті, «жасыл экономика» мен шағын және орта бизнесті реттеу мен дамытудың жаңа тәсілдерін әзірлеуде маңызды консультативтік көмек атқарды.

Саясаттанушының пайымынша, осы жолы да әдеттегідей, кеңес құрамы аса жаңара қоймаған. Кеңестің мүшелігіне бұрыннан мемлекеттік қызметте жүрген шенеуніктер тартылғанын айта келе, Айбар Еребеков: «мүмкін, Чакрабарти реформаларды ұршықша иіретін шығар, оны уақыт көрсетеді», – дегенді алға тартты.

 

Екі кеңес – бір мақсат па?!

Негізінде, былтыр Президент жанынан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылған тұста, «енді халықтың мұң-мұқтажын, базынасын билікке қалт жібермей, жеткізіп отыратын. Мәселелерді шеше алмай жатқан ведомостваларды қажет болса, қуырып алатын бір кеңес пайда болды» деп үміттенгенбіз. Бірақ Ұлттық кеңес бір жылдың ішінде асқан бір саяси реформа жасай қоймады.

Рас, Ұлттық кеңестің ықпал етуімен саяси партиялар мәртебесінің артуына, жастар мен әйелдердің өкілетті билік органдарына белсенді тартылуына, адам құқығын қорғауға қатысты бірқатар заң қабылданды. Дегенмен, қазір аталмыш кеңеске қатысты «билік айта алатын төрелігі тым әлсіз» деген пікірлер жиі айтылып жүр. Осы орайда, жазушы Дулат Исабеков аталмыш мәселеге қатысты ойын білдірді:

– Былтыр Ұлттың қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Бірақ біз осы кеңестің нақты қоғам үшін жасаған өзгерістерін байқай алмадық. Біз әлі ішкі реформаны жүйелей алмай отырмыз.  Біздегі реформаның  тек аты ғана бар. Кез келген салада маңдайшадағы атауды ғана өзгертіп, ішкі жағына мән бермейміз. Ұлттық кеңес те сол тәрізді асқан бір қоғамдық резонанс тудыратындай, тыңнан түрен салған жоқ. Меніңше, жоғары Реформалар кеңесі  осыдан сабақ алу керек. Егер бұл кеңестің де аты бар, заты жоқ болса, онда екі кеңестің бір-бірінен айырмашылығы бола қоймайды. Екеуінің де мақсаты бірінен бірі аспай қалады. Сондықтан Реформалар кеңесі әрбір салаға серпін беруге, мықтап тұрып, жаңалық әкелуге талпынады, – деп ойлаймын.

        

Елді жаңаруға елу жыл қажет пе?

Жазушының пайымынша,  бізге қазір реформа өте қатты керек. Біріншіден, сайлау жүйесіне нақты реформалар енгізгеніміз жөн. Көппартиялы Парламент болуға ықпал ететіндей, жағдай туғызу керек. Бұдан соң, елдегі оқу, білім саласына сауатты реформа қажет.

– Ұлттық кеңес құрылған тұста өз басым «бұл кеңес, ең алдымен, білім саласына реформа енгізуге күш салатын шығар» деп үміттендім. Біздегі білім саласына сауатты реформа керек. Тәуелсіздік алғалы бері, ең көп реформаға түскен саланың бірі осы білім саласы болды. Бірақ сол қырғын реформадан халыққа еш пайда болмады.  Біз жоғары оқу орнын да, орта мектептің білім саласын да Білім және ғылым министрлігі деп бір министрлікке жүктеп қойдық. Бұл – дұрыс емес. Негізінде, орта және арнаулы білімге арналған бөлек ведомоства болуы қажет. Сонда  сын көтермейтін оқулықтардың саны азаяр ма еді. Мен мұны сол Ұлттық кеңес төрағасының орынбасары Қырымбек Көшербаевтың алдында да айттым. Саналы ұрпақ қалыптастыру үшін сауатты оқулық керек. Сауатты ел болғымыз келсе, бұған қатты мән беру қажет. Бізде не көп, пайдасыз министрліктер өте көп. Қарақұрым министрліктерді, агенттіктерді қаптата бермей, пайдасы бар министрліктер ғана болуы керек. Мектепті Жоғары оқу орындарынан бөліп алып, «орта және арнайы білім министрлігі» деп, жеке министрлік құрып берген жөн. Сонда бұл саладағы заңсыздық, білімсіздік, сауатсыздық саябырсиды. Екіншіден, медицина саласына өзекті реформалар қажет. Біз ауырсақ, шетелге барып емделеміз. Медицинамыздың жағдайы сын көтермейтінін мына бір індет нақты көрсетіп берді. Тәуелсіздік алған 30 жылда  осы медицина саласын өсіре алмадық. Ел жаңару үшін елу жыл күту қажет пе?! Шикізатқа тәуелді болудан әлі шыға алмай келеміз. Импортқа тәуелді бола тұра, елдегі өнімді шетел асырамыз. 30 жыл бойы тек мұнайдан түскен пайдамен күнелттік. Болашақта  осы салаларға өте мықты реформалар керек-ақ, – дейді жазушы.

       

30 жылдық таяу, бірақ дамуымыз баяу

Осылайша, «Жас Алашқа» пікір білдірген мамандардың дені келер жылы Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болатынын, осы мерейлі датаға дейін Реформалар жоғары кеңесі нақты не тындыра алатынын уақыт көрсететінін алға тартты.

Негізінде, тек мамандар ғана емес, жақын арада ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та, аталмыш кеңестің алғашқы отырысында : «Келесі жылы тәуелсіздігімізге 30 жыл болады. Бұл жыл экономикалық және саяси реформалар, цифрландыру, адамдардың құқықтарын қорғау, денсаулық сақтау мен білім беруді дамыту, экологияны аялау ұранымен өтуі керек. Дәл қазір осынау тарихи маңызды күнге байланысты сансыз салтанат өткізетін кез емес. Маңызды істерді кейінге ысыра бермей, ең қысқа уақытта нақты нәтижеге қол жеткізу керек», – деген болатын.

Қазақстан Президенті реформаның маңызды бағыттарының әрқайсы бойынша кеңес шеңберінде алты жұмыс тобын құруды ұсынды.

Экономиканы әртараптандыру тобын құру туралы айта отырып, Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл біздің еліміз үшін дағдарыстан шығар жалғыз жол екенін баса ескертті.  Сонымен қатар оның пікірінше, елде шынымен жұмыс істейтін механизмдер әлі де жеткіліксіз.

— Әзірге шикізат өндіру, қайта сатумен айналысу, мемлекеттік тапсырысқа тәуелді болып отыру тиімді. Қалған топтар тиімді макроэкономикалық саясатты әзірлеумен айналысады. Сот және құқық қорғау жүйесін реформалау мәселелерін әзірлейді, үшінші топ әлеуметтік саланы «қалпына келтіруге» жауапты болса, бесінші топ кәсіпкерлікті реттеу мәселелерімен айналысады, алтыншы топ қазіргі заманғы мемлекеттік басқару және тиімді мемлекеттік қызметтер мәселелеріне жұмылдырылады, – деді Тоқаев.

Жалпы, жоғары Реформалар кеңесінің ұстанып отырған бағытына сәйкес, экономика ғылымының докторы, профессор Атамұрат ШӘМЕНОВ былай дейді:

– Қазақстан – негізінен, аграрлы мемлекет. Өз басым, елдің агросаясатына құрылымдық өзгерістер енгізу керектігін айттым, Президентке ашықхат та жаздым. Бірақ бізде сала мамандарының ұсыныстары ескеріле бермейді. Реформалар кеңесіне қатысты алдын ала «бұлардан дым шықпайды» деп аттандамай-ақ қоялық. Бірақ басымдық беріп айтатын дүние – құр айтқанмен, «Күлтөбеде күнде жиын» жасағанмен іс бітпейді. Қазір біз үшін ең бірінші басты реформа – азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты жасалуы керек. Алпауыт елдердің өзі бүгінде аш қалмаудың барлық амалын қарастырып жатыр. Өзін-өзі толық қамти алатын Қытай елі азық-түлік қорын жинап, осы саладағы кем кетігін түзеуде. Сондықтан Реформалар кеңесінің негізгі міндеті – осы мәселеге басты назар аударуы тиіс. Құр сөз, жалған статистиканы қойып, іске кіріскендерін қалаймын.

  «Орынды-орынсыз реформалар халықты шаршатты»

 Қалай десек те, Реформалар кеңесі өз жұмысын бастады. Осы уақытқа дейін де халық талай реформаларды көрді. Біз қазір шалажансар, піспеген реформаларды тәжірибеге енгізгеннен гөрі қай кезде де оны зерттеп, таразылап барып, қолданысқа енгізген жөн екенін жақсы білеміз.  Қазақ бұған қатысты «жеті рет ойлап, бір рет кес», дейді. Өкініштісі, біздің шенеу­ніктердің көбісі теория жүзінде ғана жұмыс істейтіні тағы белгілі.

Бұған қатысты саясаттанушы Айбар Еребеков былай деп, ой түйіндеді:

– Шенділер шетелге барып келіп, дамыған елдердің бір жақсы тәжірибесін көріп қалады да, «біз де сондай болуымыз керек» деп әлгіні реформа етіп, бізге тықпалайды. Ол бастама ортамызға бейім бе, реформаны игеріп әкетуге әлеу­меттік-экономикалық жағ­дайы­мыз келе ме, осы жағына бас қатырмайтын шенеу­ніктердің орынды-орынсыз реформасы халықты әбден шаршатып жіберді. Біздің жеріміздің ауқымы үлкен. Тек қана жерасты байлығымыздың арқасында, көптеген шетелдік миллиар­дер атанып жатыр. Осындай әрекеттерді көріп қарның ашады. Өз елімізде тұрып, өз тілімізде сөйлей алмай, өз уайымымызды жететін жеріне жеткізіп, айта алмай жүретініміз де рас. Міне, егер әлгіндей кеңестер халықтың мұңын тыңдап, оны діттеген жеріне дер кезінде жеткізуге дәнекер болса, онда мұндай кеңестер халық үшін қажет болар еді. Ал ол кеңесте халықтың сөзін сөйлейтін азаматтар аз болса, онда одан не қайыр?! Сондықтан болашақта осы мәселелерді арнайы талдап, зерттеп, бақылап, таразылап отырған жөн.

Тегтер: