Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:45

«Рекордсмен» Мырзахметов бостандықты аңсайды

Абылай Мырзахметов
Фото: ашық дереккөз

Ел ішінде экс-министр, Құлыбаевтың «оң қолы», Назарбаевтың адамы ретінде танылып, 2023 жылы Қазақстандағы ең ірі пара алу дауына ілігіп, алаяқтық бабымен 5 жылға сотталған Абылай Мырзахметов жақында мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды сұрап, сотқа өтініш түсірген. Қазіргі күнде сот оның өтінішін қарап жатыр. 

Абылай Мырзахметов не үшін сотталды?

2024 жылы 5 жыл түрме жазасына кесілген Мырзахметов жазасын Павлодар облысындағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеп жатыр деп хабарланған. 2025 жылдың мамырында оның қорғаушылары сотқа мерзімінен бұрын шартты босату (УДО) туралы өтініш түсіргені белгілі болды. Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі 2025 жылғы 15 мамырда Абылай Мырзахметовтен УДО жөніндегі өтініш келгенін растап, оның әлі қаралып жатқаны туралы хабарлады. Заңға сәйкес, Мырзахметов сияқты орташа қауіпсіздік колониясында жазасын өтеп жатқан сотталушылар жаза мерзімінің кемінде үштен бірін өтеген соң шартты түрде босатуға өтініш бере алады. Мырзахметовтің 5 жылдық жазасының шамамен үштен бірі – 1 жыл 8 ай – 2025 жылдың соңына таман толады. Әзірге сот бұл өтінішті қанағаттандыру-қанағаттандырмау жөнінде шешім шығарған жоқ. Бұл жаңалық қоғамда түрлі пікір туғызды – кейбірі оның жасаған қылмысының ауырлығын ескеріп, толық жазасын өтеуі керегін айтса, енді бір топ заң аясында мүмкіндік берілсе, шартты түрде босату заңы қолданылуы мүмкін екенін алға тартып жатыр. Қалай болғанда да, Мырзахметовтің ерте босату жөніндегі өтініші оның ісінің әлі де аяқталмағанын және алдағы уақытта да назарда болатынын көрсетеді.

30 жасына дейін орда бұзған – Абылай Мырзахметов

Қазақстанда саяси карьерасын ғарыш жылдамдығындай өсіріп, тек жоғары лауазымды қызметтер атқарған бірнеше шенеунік бар екені белгілі. Соның бірі осы – Мырзахметов. Мектепті тәмамдай сала Мәскеуге оқуға түсіп, 1992 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің экономика факультетін бітірген ол бірден топ етіп «Алтын-Алма» концернінде қаржы директоры, кейін жеке компанияларда басшылық қызметтер атқарды. Оның карьерасы тек жоғарыға қарай өрлеп отырды. Атап айтар болсақ, Мырзахметов 1994–1997 жылдары бірнеше жеке кәсіпорынның («Политэк», «Айсель-Казахстан», т.б.) директоры болды. 1997 жылы мемлекеттік қызметке ауысып, «Қазақстан темір жолы» бас директорының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Небәрі 29 жасында, 1998 жылы, Қазақстанның басты теміржол компаниясы – «Қазақстан темір жолы» РМҚ-ның президенті болды. Теміржол саласын басқарған жылдары ол кейбір даулы шешімдерімен есте қалды. Мысалы, шығындарды азайту мақсатында вокзалдардағы жарық шамдарын сөндіру туралы бастама көтеріп, нәтижесінде станцияларда қауіпсіздік пен қызмет көрсету сапасы төмендеп, көп проблема туындады. Бірақ 2001 жылы қарашада Абылай Мырзахметовке үлкен сенім артылып, оны көлік және коммуникациялар министрі қызметіне тағайындайды. Ол бұл лауазымға 32 жасында келді және сол кездегі ең жас министрлердің бірі болды. Алайда министр ретіндегі қызметі ұзаққа созылмады – 2002 жылдың наурызында Мырзахметов министр қызметінен уақытша шеттетілді. Бұған оның теміржол саласындағы қызметіне байланысты қозғалған қылмыстық іс себеп болды. Мырзахметов теміржолды басқарған жылдары оның бастамасымен Испаниядан Talgo жолаушылар пойыздары сатып алынған еді. Астанаға қатынайтын бұл жаңа пойыздар жүріс жылдамдығын арттырады, уақыт үнемдейді делінгенімен іс жүзінде еліміздің қатаң климатына техникалық тұрғыдан жарамсыз болып шықты. Испан вагондары -18°C суықтан төмен температурада жұмыс істей алмай, қысы қатаң Қазақстан ызғарына шыдамай, істен шықты. Кейін олар Шымкент бағытына ауыстырылып, ақырында пайдалану тоқтатылды. 2002 жылы мамырда оны ішкі істер министрлігінің тергеу департаменті тұтқындап, қамауға алынды. Осылайша, мемлекеттік жоғары қызметтегі мансабы кенеттен үзіліп, оның өмірінде күрделі кезең басталды.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, Мырзахметов «Қазақстан темір жолы» компаниясын басқарған кезінде өзге лауазымды тұлғалармен бірге аса ірі көлемде қаржы жымқыру схемасын ұйымдастырды деп айыпталды. Анығырақ айтқанда, тергеу болжамы бойынша 3,3 миллиард теңге көлеміндегі қаражатты ұрлаған (сол кездегі бағам бойынша 22 млн доллардан аса қаржы). Бұл іс бойынша Мырзахметовпен бірге теміржол компаниясының тағы 9 жетекші қызметкері айыпталды. Оларға қылмыстық кодекстің бес бірдей бабы – ұйымдасқан қылмыстық топ құру, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ірі көлемде иемдену және жұмсау, жалған кәсіпкерлік, құжаттарды қолдан жасау және қылмыстық жолмен табылған қаражатты заңдастыру бойынша айыптар тағылды.

Сотта прокурор Мырзахметовті «қылмыстық топтың басшысы» деп атап, 10 жыл бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасын сұрады. Алайда 2003 жылдың мамырында Абылай Мырзахметовке 5 жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Бұл Қазақстан тарихындағы ең ұзақ шартты жаза болды. Ол да уақыт өте жеңілдеп, кейін 3 жылға қысқарды. Сондай-ақ ол мемлекетке 1,15 миллиард теңге шығынды өтеуі керек болған, бірақ бұл соманың төленген-төленбегені белгісіз күйде қалды. Ал дәл осы іс бойынша айыпталған өзге теміржол басшыларының көбі ұзақ мерзімді нақты түрме жазасына кесілді. Мырзахметовтің бұлай жеңіл жазамен құтылуын оның жоғарыдағы «тіректерінің» әсерімен байланыстырды. Көпшілік оны Тимур Құлыбаевтың жақын досы, сол арқылы Назарбаевтың қамқорлығына ие тұлға деп есептейді.

Мырзахметов 2003 жылғы сот үкімінен кейін біраз уақыт мемлекеттік қызметтен тыс жүрсе де, көп ұзамай бизнестік және қоғамдық салаларға қайта араласты. 2004 жылдары ол DALA Group компаниясында бас директордың кеңесшісі болып қызмет етті. 2005 жылы Мырзахметов Қазақстанның Сауда-өнеркәсіптік палаталары одағының төрағасы болып сайланды. Сонымен қатар сол жылдары ол Президент жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі ретінде билік пен бизнес арасындағы диалогқа тартылды. 2007–2013 жылдары Абылай Мырзахметов «Атамекен» Қазақстан кәсіпкерлерінің ұлттық экономикалық палатасы» (сол кездегі «Атамекен» одағы) басқармасында мүшелік етті және осы ұйымды құрушылардың бірі болды. 2013 жылы Қазақстанда бизнес қауымдастығын біріккен жүйе ретінде ұйымдастыру туралы заң қабылданып, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» құрылғанда, Мырзахметов осы палатаның Басқарма төрағасы қызметіне сайланды. Ал палата президиумының төрағасы болып Назарбаевтың күйеу баласы, миллиардер Тимур Құлыбаев бекітілді. Мырзахметов атқарушы басқарма басшысы ретінде палатаның күнделікті жұмысына жетекшілік етсе, Құлыбаев президиум арқылы стратегиялық бағыт беріп отырды. «Атамекен» палатасы заң бойынша еліміздегі барлық кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын міндетті ұйымға айналды.

Мырзахметовтің «Атамекен» ҰКП басшысы ретіндегі ықпалы оның Қазақстан бизнес қауымдастығындағы ең беделді тұлғалардың біріне айналуына жол ашты. 2021 жылы Forbes Kazakhstan Мырзахметовті елдегі «50 ең ықпалды бизнесмен» рейтингісінде 20-орынға қойды. Осы тұста оның жоғарыда аталған «Фараб» және Altyn Dala Mining кәсіпорындары арқылы өнеркәсіп және тау-кен бизнесіне де тікелей қатысы бары белгілі болды. 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін ол «Атамекен» басқарма төрағасы қызметінен отставкаға кетті. Бұл отставка Тимур Құлыбаевтың да палата президиумының төрағалығынан кетуімен тұспа-тұс келді.

Оның ағасы – Асқар Мырзахметов те саясатта жоғары қызметтер атқарған танымал адам. Асқар Мырзахметов әр жылдары Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрі, премьер-министрдің орынбасары қызметтерін атқарды, сондай-ақ Жамбыл облысының әкімі болды. 2016–2018 жылдары Асқар Мырзахметов ауыл шаруашылығы министрі әрі премьердің орынбасары лауазымын қоса атқарғанда, аграрлық саладағы ұлттық компанияларды да басқарды. Мысалы, ол «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің директорлар кеңесі төрағасы міндетін де атқарды. Сол кезеңде оның інісі Абылай Мырзахметовтің Green House жылыжай кешені «ҚазАгроның» еншілес ұйымы «ҚазАгроФинанстан» ірі несие алған болатын. Сарапшылардың айтуынша, Асқар Мырзахметов жоғары лауазымды тұлға болып тұрған 2016–2018 жылдары «ҚазАгроФинанс» Абылайдың жобасына қатысты қатаң шара қолданбай, төлемдердің кешігуіне көз жұмып келген. Тек 2019 жылы (Асқар қызметінен кеткен соң) несие қарызын өндіру туралы талап қойылды. Бұл жағдай ағайынды Мырзахметовтер арасында белгілі бір деңгейде қолдау болғанын және отбасы мүшелерінің биліктегі позициясы бизнестегі қиындықтарды азайтуға көмектескенін аңғартады.

30 млн доллар пара алған Мырзахметов

2023 жылдың мамыр айында Абылай Мырзахметовтің есімі аты шулы дауға байланысты қайтадан БАҚ беттерінде жарқ ете қалды. 2023 жылы 10 мамырда антикор бұрынғы «Атамекен» палатасының басшысын аса ірі көлемде пара алу оқиғасына қатысы бар деген күдікпен ұстады. Тергеу нұсқасы бойынша Мырзахметов беделін пайдаланып, түрмеде отырған белгілі кәсіпкер Қайрат Боранбаевты қылмыстық жауапкершіліктен босатуға көмектесемін деп уәде еткен. Сол «қызметі» үшін ол Боранбаевтың туысы Талғат Боранбаевтан 30 млн доллар пара сұраған (14 млрд теңгеге жуық). Талғат Боранбаев Мырзахметовке сұралған ақшаны 2-3 бөліп берген. 2024 жылдың мамыр айында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соты Абылай Мырзахметовті 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Тергеу барысында анықталғандай, Мырзахметов Боранбаевтардың берген ақшасын өз мақсатына жаратып үлгерген, яғни 13,3 млрд теңге сомасын иемденіп, уәдесін орындамаған. Мұны тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең үлкен пара деуге болады. Бұл Мырзахметовтің екінші рекорды болатын.

Мырзахметовтің компаниялары

Абылай Мырзахметовтің мансап жолы мемлекеттік қызметпен қатар ірі бизнес жобаларымен тығыз байланысты болды. Ол тікелей өзі негізін қалаған немесе серіктес болған бірнеше компания арқылы экономикадағы әртүрлі салаларға инвестиция салып келді. Алайда бұл бизнес бастамалардың біразы қаржы қиындықтарына ұшырап, қомақты қарыздармен аты шықты.

«Комбинат Фараб» – мақтадан гигиеналық және косметикалық өнімдер шығаратын кәсіпорын. Бұл зауыт медициналық мақсаттағы мақта өнімдерін өндірумен айналысты. 2021 жылғы Forbes дерегіне сәйкес, Абылай Мырзахметов «Фараб» зауытының иесі ретінде танылған. «Фараб» компаниясы банктер мен жеке құрылымдардан миллиардтаған теңге несие алып, уақыт өте келе қарыздарын өтей алмағандықтан, борышкерлер тізіміне енді. Мысалы, жалпы алғанда Мырзахметовтің және онымен байланысты ұйымдардың банк алдындағы берешектері 9,45 млрд теңгеге жеткен, оның ішінде «Фараб» та бар.

Altyn Dala Mining – Шығыс Қазақстан облысындағы кен орындарында алтын және платина тобындағы металдарды барлау-өндірумен айналысатын тау-кен компаниясы. А.Мырзахметов бұл компанияның тең иесі әрі құрылтайшысы. 2012 жылы Altyn Dala Mining «Сбербанк России» банкінің (қазіргі Bereke Bank) ірі несиесіне кепілгер болды. Банк Dala-Trans логистика компаниясына 3,4 млрд теңге мөлшерінде несие берді. Алайда Dala-Trans алған несиені төлей алмай, 2022 жылы банк сотқа жүгінді.

P.S. Абылай Мырзахметовтің оқиғасы – «Ескі Қазақстанның» бейресми шежіресі десек, артық айтқандық емес. Ол – бір басында министрлік, бизнес, палаталық билік, саяси ықпал мен банк қарызы қатар тоғысқан феномен. Жиырма тоғызында теміржолдың «тұтқасын» ұстап, отыз екісінде министр атанған шенеуніктің абыройы биік болғаны рас. Отызына жетпей орда бұзған Мырзахметов отызынан кейін заң бұзып, қазір түзелдім деп, түрмеден ерте босауға үмітті. Жаңа Қазақстанға аяқ басқан сайын ескі кадрлар өмір жолының жаңа парағын ашуға талпынып жатқаны байқалады. Досы Құлыбаев сияқты, Мырзахметов те енді жаңа билікпен үнсіз мәмілеге келіп, бәрін артта қалдырғысы келетін сияқты. Шешімді уақыт пен сот айтады. Ал біз тек бақылап отырамыз...

Тұрсынбек БАШАР