Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:14, 21 Сәуір 2022

Ресей депутаттары Қазақстанға ақыл айтпасын!

None
None

Биыл Қазақстан 9 мамырда жеңіс шеруін өткізуден бас тартты. Ресми себебі бюджет ақшасын үнемдеу болғанымен, саяси жағынан қарағанда, Қазақстан басшылығы биыл Ресейдің шектен шығып бара жатқан жеңісқұмарлығынан өзін аулақ ұстауға тырысуда.

Украиналық саясаттанушы және журналист Виталий Портниковтың айтуынша, Ресей әскерінің Украина жеріне баса-көктеп кіруінен кейін бұл мереке енді жеңіс күніне емес, өркениетті әлемнің фашизмнен жеңілісіне көбірек ұқсайды.

– Әрине, Қазақстан билігі Мәскеу көшелерінде өтетін парадпен бірге бір күнде Қазақстан көшелерінде қазақ әскерінің шерулеткенін қаламайды. Қазақстан армиясын Ресей армиясымен салыстырмау үшін. Мәскеу қазақтардың бұл қылығына жындана бастады. Дума депутаттарының бірі Николай Новичков: «Ресей дипломатиялық каналдар арқылы Қазақстанға жеңіс шеруінен бас тартуға жол берілмейтінін ескерту керек»,  – деп байбалам салды. Бұл енді ақылға сыймайды. Ресейлік саясаткерсымақтардың бөтен елге қалай жүріп-тұруды, қай тілде сөйлеуі мен қандай парад өткізуі керектігін нұсқайтын құқығы бар сияқты сөйлейтіні таңдай қақтырады. Ресейдің Украина қалаларын атқылап жатқанына қарамастан, елдің сыртқы істер министрі, ХХІ ғасырдың Рибентропы Сергей Лавров Украинадан орыс тілін дамытуға кепілдік талап етіп отыр. Орыс тілінің Украинаға империяшылық саясатпен күштеп таңылғанында шатағы жоқ, – дейді украиналық саясаттанушы.

Сарапшы басын шайқап отыр. Қазақтар Украинадағы қантөгіске қарап, жағасын ұстап отырғанда, Ресей саясаткерлері Қазақстанға парад өткізу туралы ақыл айтпақ екен. Портниковтың пайымдауынша, қазақ қоғамы өз болашағына алаңдайды.

– Келесі жолы Ресей әскері Қазақстанға ереуілді басу үшін емес, Қазақстандағы орыстілді тұрғындардың «тапталып жатқан құқығын» қорғау үшін баса-көктеп кірмесіне кім кепіл?! Молдова, Грузия, Украинаға тыныштық бермеген Ресейге Қазақстан сияқты бейбіт елдің астан-кестеңін шығара салу түк емес. Оның үстіне, Қазақстан ЕАЭО мен ОДКБ сияқты одақ-құрылымдарға мүше болып, Ресейдің қақпанына оңбай түскен. Бұл екі құрылымға мүше болғандардың қандай күйге душар болатынын Беларусьтің мысалы байқатты. Беларусь жері Ресей әскерін Украинаға кіргізу үшін, Украинаға зымыран ату үшін пайдаланылды. Ресейдің жараланған әскері Белоруссияда емделіп жатыр. Өркениетті әлем алдында Беларусь осындай, бетіне қара күйе жағылған сұмырай мемлекет атанып отыр. Әрине, Қазақстан Ресей Федерациясының кезекті жауына қарсы агрессия жасайтын алаңына айналғысы жоқ. Ал қазақ халқы Ресейдің қарулы күштерінің құқайына тап болып, езгіге ұшыраған кезекті ұлтқа айналғысы келмейді. Қазақстан қазіргі Путин мемлекетінен бойын барынша аулақ ұстағанда ғана аман қалатынын ұқты. Қазақстанның 9 мамыр шеруін өткізуден бас тартқаны – оның Путиндік Ресейден алшақтай бастағаны, – дейді ол.

Тегтер: