Ресей ентелеп тұр, Қазақстанға қайтпек керек?!
Өткен аптада сенат спикері Мәулен Әшімбаев Ресей азаматтарының Қазақстанға жаппай ағылуына қатысты пікір білдірді.
«Аз мөлшерде ресейліктер келіп, тұруға ықтиярхат сұрай алады. Біз бұған шектеу қоя алмаймыз», –деді М. Әшімбаев.
Сенат төрағасы сондай-ақ елімізде тұруға рұқсат беру мәселесі де заңмен реттелетінін айтты. «Тұрғылықты тұру туралы ықтиярхатқа келсек, бұл мәселені реттейтін тиісті заңдар бар. Біздің заңдарымызда ондай тармақ анық көрсетілген. Егер мемлекеті өз азаматына кетуге рұқсат бермесе және ол азамат кетіп қалған болса, Қазақстан тарапы оған тұруға ықтиярхат бере алмайды. Рұқсат қағазы дегеніміз – сол елден кету парағы, онда тиісті түрде қойылған қол мен мөр болуы тиіс», – деді Әшімбаев.
Сенат спикері осылай десе де, елінен кетуге рұқсаты бар ма, жоқ па ол жағы белгісіз, қазірде елімізге енген ресейліктердің саны күрт артты. Ұлттық қауіпсіздік комитеті де Ресей мен Қазақстан шекарасында қатты кептеліс болып жатқанын, елге келіп жатқан ресейліктердің саны бірден көбейгенін растады. Бүгінде ахуал ҰҚК-нің ерекше бақылауында.
Ахуал бақылауда десек те, қазірде отандық сарапшылар мен саясаттанушылар: «бұл көштің соңы бізге опық жегізеді» деп ерекше алаңдаулы. Тіпті, олардың арасында президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы үндеу жолдап, «шұғыл түрде шекараны жабуды» сұрағандар да болды. Расымен де есепсіз ағылған ресейліктерге тоқтам салу үшін шекараны неге жаппаймыз? Қазірде қарапайым халықты толғандырып отырған сауалдардың бірі – осы.
Сала мамандарының пайымдауынша, нақ қазір Қазақстан бірден шекараны жаба алмайды. Себебі Қазақстан мен Ресей шекарасын жабу – экономикалық айырбастың күрт нашарлауына әкеліп соқтырады.
Бұл ретте, қаржыгер Арман Мусиннің айтуынша, Қазақстан экономикасы Ресейге байланған ел. Сондықтан шекараны жабудың жағымсыз әсерлері де бар.
– Билік бірден шекараны жаба салмайды. Бұл ең алдымен, азық-түлік қауіпсіздігімізге нұсқан келтіреді. Ресейден келетін өнімдердің, тауарлардың тапшылығы туындайды. Мұның артында тағы сол қымбатшылықтың дүмпуі тұр. Қазірдің өзінде ресейліктер келгелі бері пәтерақысын күрт қымбаттатып, Алматыда бір бөлмелі пәтерді жалға алу құнын 500 мың теңгеден әрі асырып қойғандар бар. Бұл енді ашкөздік. Шындап келгенде, үкімет өз ішіміздегі осындай қолдан жасалған әрекеттерге де шектеу қоя алмай отыр ғой, – дейді маман.
Қаржыгердің айтуынша, біздің билік қазір «былай тартсаң, өгіз өледі, былай тарсаң, арба сынадының» күйінде отыр. Осы арада «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей алып шығатын тоқпағы мықты заң керек, сауатты шешім», – дейді маман.
Негізінде, заң тұрғысынан алсақ, еліміздің заңы бойынша, халықаралық шарттар аясында Ресей азаматтары Қазақстан аумағында 90 күн бола алады. Содан кейін олар елден кетуге міндетті. Ал уақытша тұруға ықтиярхат заңнамадағы 6 ереже бойынша беріледі. Оның ішінде, сенат спикері Әшімбаев айтқандай мемлекеттік органдар рұқсат ететін, мақұлдайтын құжаттар бар.
Жалпы, заңды десек те, заңсыз десек те Ресейдің ентелеуі, көрші елдің ішінара бүлінуі – Қазақстанға жағымды әсер бере алмайды. Мәселен, қазіргі уақытта Ресейдің бюджет шығындары өсіп бара жатыр. Ресейдің экономист-сарапшылары: «Ресей үшін алдағы бес жыл қиыншылыққа толы болады», – дей бастады. Әрине, мобилизацияның салдарынан Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешенді дамыту саласы өсетін болар. Бірақ басқа салалар бойынша Ресейде жұмыссыздық, кәсіпорындардың жабылуы, азық-түлік тапшылығы арта түседі. Халықаралық рейтинг бағалау агенттіктері де мұны растап отыр. Бұл ретте Ресейдің дербес қаржы саясатын «қоқысқа малтықты» деп жатқандар да бар. Көрші елдің мұндай қиыншылығына қатысты отандық сарапшыларымыз біз үшін бұл оңтайлы жағдай емес екенін алға тартуда. Экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметовтың айтуынша, болашақта Ресейге батыстың несие бермеуі, тауар енгізбеуі, сауда-әріптестік қатынасты орнатпауы үдей түседі. Онда Ресейдегі 170 млн халықты одақтас ел ретінде мына бізге асырауға тура келеді.
– Ресей бізге әлі де салмақ салады. Біздің сапалы агроөнімдеріміз, азық-түліктеріміз Ресей халқын асырау үшін арзан бағамен солардың нарығына қарай ағылады. Айталық, бізде Ресеймен біріккен кәсіпорындар, фирмалар, фабрикалар өте көп. Міне, болашақта осы біріккен компаниялардың аясында Ресей енді бізден барлығын алады, сұрайды. Өзінде жоқ дүниесін Қазақстан арқылы толықтыруға тырысады. Қалай десек те, Ресейдегі жағдайдың бізге әсері болмай қоймайды. Алдағы жылдың орта шенінде жағдайдың ауырлағаны біліне бастайды, – дейді Жұмаділда Баяхметов.
Не істеу керек?!
Мамандар: «Ресейдегі жағдайға қарап тез арада қазақстандық өндіріс орындарының, отандық өнім өндіруші кәсіпорындардың жұмысын жолға қою керегін баса айтып отыр. Ол үшін бірінші кезекте кезкелген ірілі-ұсақты өндіріс орындарын жаңғыртуға күш салсақ, біз еңсе тіктер едік. Мысалы, ірі мұнай өндіретін зауыттардың маңынан шағын жанар-жағармай шығаратын зауыттар ашу, астық сақтайтын орындардың қасынан ұн тартатын диірмен орындарын ашу, мал бордақылайтын орындардан тері-жүн өңдейтін цехтар ашу тиімді болар еді», – дейді сала мамандары.
Сондай-ақ мамандардың пайымынша, бізге қазіргідей қиын кезеңде бюджетті сауатты жоспарлауға, қаржыны үнемдеуге басты назар аударған жөн. Бұдан бөлек, ең негізгісі – болашақта біздің билік «Ресеймен одақтаспыз» деп елпілдей бермей, ұлттық мүддені қорғауды бірінші орынға қою керек. Көрші елмен қандай келісімдер жасалса да халықтың мүддесі, елдің игілігі деген дүниелерге басымдық берілуі қажет. Сонда ғана елге ентелей енген Ресей азаматтарының екпіні бәсеңдейді. Елдің мүддесі биік тұрған жерде ғана біз ұтылмаймыз», – дейді мамандар.