Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:53, 04 Қыркүйек 2020

Ресей мен Беларусьтың қақпаны отандық өндірісті тұншықтыруда

None
None

     Бүгінде дүкендерімізде Ресей мен Беларусьтың өнімдері самсап тұр. Турасын айтқанда, қазақтың қаймағы Ресейдің айранына өкпелеп жүр.

Себебі Ресейдің ашып кеткен қою айраны дүкендерімізде қаймақ деп сатылады. Қазақтың кілегейі мен Ресейдің қаймағын салыстыруға да келмейді.

                 Өзгенің қаңсығы қазаққа таңсық па?  

      Мысалы, майлылығы аз, сапасы төмен өнімдер қазір біздің нарықта  қаптап кетті. Өзгелер осындай сапасыз өнімдерін бізге өткізу арқылы  мол табыс табады.  Ал біз экспортқа агроөнім түрлерінен ұн, ет, союға жарамды мал басын ғана шығарамыз. Қатық, құрт, қазы, қарта, қымыз, айран, шұбат сияқты ұлттық өнімдерді экспортқа молынан шығара алмай жүрміз. «Бұған себеп – мемлекеттік агросаясаттың дұрыс қалыптаспауы» дейді мамандар. Бұл реттемал шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Ермек Жанғабыловтың айтуынша, бізге шағын кластерлер құру көмекке келер еді.

   – Шағын кластерлер құрылып, жан-жақты өнім өндіруге бет бұрылса, бұл аса қиындық туғызбас еді. Мысалы, жылқы өнімдерін өндіретін мемлекеттік шағын кластерлер құрылса, ол жерде жылқының еті мен қымызынан бастап, қазы-қарта, жал-жаясы соңына дейін өңделіп, содан кейін ол өнімдер экспортқа жол тартса керемет емес пе?! Сол тәрізді сүт және сүт өнімдері кластері құрылуы керек. Ол арада қаймақ, құрт, ірімшік өндірілсе… Әрине, менің бұл ұсынысыма «ауыл халқында мал басы аз, олар қалай өнім өндіреді» дейтіндер табылады. Бізде асылтұқымды мал өсіретін шаруашылықтар бар, ірі ет экспортымен  айналысатын отандық өндіріс орындары бар. Бұларға мемлекет арнайы қолдау білдіруі керек. Субсидиямен қамтып, дотация беруден бөлек, агроөнім өндірушілерге қаржыны өсімпұлсыз «каникулға» беріп,  бөліп-бөліп қайтарасын десе, бұл істен нәтиже шығаруға болар еді», – дейді Ермек Жанғабылов.

                              Қырғыздан кембіз бе?

       Зерттеп көрсек, маман алға тартып отырғандай, мұндай бастамалар іргеміздегі Қырғыз елінде, Өзбекстанда нәтижесін беріп келеді. Қырғызстан қазір сүт өндірушілерін қолдап, ет және сүт өнімдері соңғы дайын өнімге дейін өңделіп, экспортқа шыға бастады. Тіпті біздің ішкі нарықта қырғыздың Ресей мен Беларусьтікінен анағұрлым сапалы өнімдері жүргені жасырын емес.

      Экономист-ғалым Атамұрат Шәменовтің пайымдауынша, біз осы уақытқа дейін агросаясатымызда экспорт көлемін ұлғайтып, одан пайда көру мақсатында   бірқатар шараларды атқарып көрдік.  Агроөндірісті қолдау үшін бірнеше бағдарлама қабылдадық, жобалар жасадық, «ауылдың экономикалық әлеуетін арттырамыз» деп, «Ауыл жылын» жарияладық. Ауыл шаруаларына субсидия, дотация бөлу  жағын халықаралық талапқа сай еттік. «Не керек, үкімет агроөнімдерімізді бәсекеге қабілетті етудің барлық шараларын қарастырып-ақ жатыр. Бірақ біздің осы бағытта ұстанған  агросаясатымызда кемшін тұстар жетіп-артылады», – дейді сарапшы.  

             Әр министр өз реформасын тықпалап әлек

     Мамандардың пайымынша,  бізде әр министр келген сайын бір реформа ұсынып, ауыл халқын дүбәра етті.

    – Мысалы, Асылжан Мамытбековтің кезінде «Агробизнес-2020» бағдарламасы қолға алынды. Қазір ол бағдарламаның өзі қайда, нәтижесі қайда?! Бұдан соң жайылымдық жер мәселесі көтерілді. Мал шаруашылығын, оның ішінде мал суғаруды жетілдіру үшін 4000-ға жуық құдық қазу қолға алынды. Нәтижесінде құдықтар құрдымға кетті. Жұрт құдықтар қазғызып, ақыры мемлекеттен оның қайтарымды ақшасын ала алмай зар болды. Бұдан соң министр Асқар Мырзахметов келгенде ауылшаруашылық кооперативтерінің басын біріктіру саясатын ұстанды. Жақсы ұстаным болатын. Республика бойынша 467 кооператив құрылып, олар 220 сүт қабылдау  және  103 мал сою пункттерінің, оған қоса, 12 мың отбасылық мал бордақылау алаңының басын қоспақшы болған. Оның қорытындысы бойынша 135 мың жеке үй шаруашылықтары мен шаруа қожалықтары жұмыспен қамтылуы тиіс еді. Бірақ бұл да аяқсыз қалды. Ал Өмірзақ Шөкеев мырза  бес жыл ішінде еңбек өнімділігі мен өңделген өнімдер экспортын 2,5 есе ұлғайту керек деген саясатты ұстанды. Әрине, саясат жақсы. Нәтижесі оң болса тіптен дұрыс. Бірақ осындай реформалардың ауыса беретіні ауыл халқын әрі-сәрі етті. Шындап келгенде, ауылдағы жұртшылық біздің агросаясатты ұқпай жүр, – дейді Атамұрат Шәменов.

     Экономист-ғалымның пайымдауынша, алдымен осы мәселені реттеп алу керек. Ауыл халқы ұғынықты саясатты ұстанып, ол реформа нәтижесін бергенде ғана келесі жаңашылдыққа ауысқан жөн. «Олай етпесек, біз ауылға арналған реформалар легінен шатасып кеттік», – дейді ғалым.

         Кеңседен шығып, ауылға барар министр қайда?

      Мамандардың пайымдауынша, болашақта бізге агроөнімдерді шетке сатуда ұн мен ет экспортына сүйене беру пайданы еселемейді. Бұл ретте мамандар: «Болашақта өзіміздің ішкі нарықты қамту үшін де ұн қажет болады. Нан және нан өнімдерімен халықты қамту үшін экспортқа шектеу қоюға тура келеді. Сондықтан бізге ұнды өңдемей, сыртқа шығара бергеннен гөрі одан өнім өндіріп, кептірілген кеспелер, макарон өнімдерін, салма, жаймаларды сыртқа шығарып үйренген абзал», – дейді. Сол тәрізді ет экспортына қатысты да сала мамандары шикі етті экспорттай бергенше, дайын өнім өндіріп, шығарудың пайдасы барын алға тартып отыр.

        Жалпы, әрбір ұсыныстың жаны бар. Енді осы ұсыныстарды елдегі тиісті ведомстволар да ұғынып, көңіліне түйіп алғаны дұрыс шығар. Жасыратыны жоқ, біздегі  министрлердің біразы кеңседе отырып алып, реформа жасауға бейім. Мысалы,  министр ауылға барып, малдың жайын, ауылдың халін түсінбесе ауыл шаруашылығы қалай дамиды? Одан өнім қалай алынады? Агросаясатта жетістікке жетеміз десек, шикізаттан өнім өндіру формуласы даму керек. Ең соңғы өнім өндіріп, қазақы бренд қалыптасқанда ғана пайда еселеніп, түсім көбейетін болады. Сонда ғана біз отандық өнімді Ресей мен Беларусьтің қақпанынан құтқарамыз. Ал олай етпесек, мамандар алға тартып отырғандай, таяу үш жылда ішкі нарықты Ресей мен Беларусь өнімдері жаулап алып, отандық өнімнің сағы сына бермек.  Ал біз жауапты шенділер саланы бұлай тоқыратпайтын шығар деп сенгіміз келеді. Себебі осы жолғы жолдауында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емесін» нықтап тұрып айтты емес пе?! 

Тегтер: