Ресей мен Украина қақтығысы: Қазақ енді орысты асырай ма?!
Қазір бүкіл әлем Ресей мен Украинаға көз тігіп отыр. Екі елдің қырғи қабақ болуы бірқатар елдердің еңсесін түсіріп, халықаралық сарапшылар геосаяси жағдайдың экономикалық зардаптарын жан-жақты талқылап-ақ жатыр.
Басқасы-басқа Ресейдің өзінің экономист-сарапшылары Украинадан бөлек, Ресейге енді ес жию қиын болатынын нықтауда.
Ресейді жаппай кедейшіліктің елесі кезіп жүр…
Ресей сарапшыларының пайымдауынша, алдағы уақытта Ресейде жұмыссыздық, кәсіпорындардың жабылуы, азық-түлік тапшылығы арта түседі. Бұған қатысты деректерге жүгінсек, қазірдің өзінде көрші елде азық-түліктің бағасы қатты қымбаттаған. Бұдан бөлек, сарапшылар 2021 жылдың өзінде-ақ елдің 40 миллионнан астам тұрғынын кедейшілік күтіп тұрғанын ашып айтқан болатын-ды. Мәселен, елдің белгілі қаржы омбудсмені Павел Медведев: «Былтыр жыл аяғында елдің 16 млн халқы өте кедей тұратынын, тұрмыстары, тіптен төмен екенін білдік. Өте кедей тұрады деген 16 млн халықтың санатына ай сайын 8 мың рубль жалақы алатындар енген. Сондай-ақ елде қазір айына 9 мың рубль ғана кіріс алатындардың саны 25 млн-ға жеткен. Ойлап қарасақ, 9 мың рубль мен 8 мың рубльдің арасында соншалықты айырмашылық жоқ. Бұл есеп арқылы сол 8 мың рубль алатын 16 млн халыққа 9 мың рубль алатын 25 млн халықты қоссаңыз, елде 41 млн адамның жағдайы өте төмен болатынын аңғарамыз. Қазір рубль құлдырап, биржада бағалар мың құбылып жатыр. Демек, есеп одан әрі еселенуі мүмкін. Елді кедейшілік, жоқшылық қыса түседі», – дейді.
Сарапшылар алдағы уақытта да Ресейдің экономикалық рейтингі төмендей беретінін алға тартып отыр. Себебі бүгінде бірқатар елдер Ресейге қарсы санкциялар жариялайтынын қайта-қайта айта бастады. Көрші елдің халықаралық «Swift» төлем жүйесінен ажыратылуы мүмкін екені де айтылып қалды. Ал енді экономика тілімен айтқанда, Ресейдің нақ осылай қоқысқа малтығуы бізді қорқытуы керек пе?!
Көршінің кедейленуі қандай қиындық туғызады?
Негізінен, көрші елдің қиыншылығына қатысты отандық сарапшыларымыз бұл біз үшін аса жайлы сценарий емес екенін алға тартуда. Себебі болашақта Ресейге батыстың несие бермеуі, тауар енгізбеуі, сауда-әріптестік қатынасты орнатпауы үдей түссе, онда Ресейдегі 170 млн халықты одақтас ел ретінде мына бізге асырауға тура келеді. Бұл ретте, экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов былай дейді:
— Сауда-әріптестігі нығайған ел ретінде келешекте Ресей бізге қатты салмақ салады. Біздің сапалы агроөнімдеріміз, азық-түліктеріміз Ресей халқын асырау үшін арзан бағамен солардың нарығына қарай ағылады. Айталық, бізде Ресеймен біріккен кәсіпорындар, фирмалар, фабрикалар өте көп. Міне, болашақта осы біріккен компаниялардың аясында Ресей енді бізден барлығын алады, сұрайды. Бұдан соң, енді Ресейден біршама елдер қарызын сұрай бастайды. Бұлай ірі қарызды қайтарудың өзі экономикасы шатқаяқтап тұрған Ресейге ауыр тимек. Сондықтан келешекте Ресей Қазақстанға салмақ салады. Өзінде жоқ дүниесін Қазақстан арқылы толықтыруға тырысады. Қалай десек те, Ресейдегі жағдайдың бізге әсері болмай қоймайды. Келер күзде бізге экономикалық жағдайдың ауырлағаны біліне бастайды.
Халық үкіметтің қолдауын сезіне ме?!
Сөйтіп, мамандар «биылғы жылдың күзінде-ақ Қазақстан халқы экономикалық ахуалдың мәз емес екенін сезіне бастайды» деп отыр. Біздің білуімізше, қазірдің өзінде геосаяси жағдайға байланысты теңгеміз теңселіп, қымбатшылық дендеп жатыр. Бұған қатысты өткен аптада Ұлттық банк базалық ставканы 13,5 пайызға өсірді. Сондай-ақ теңгені қолдау үшін бас банк бір күнде 104 млн доллар жұмсады. Соның өзінде теңгеміз құнсызданып, бір доллар 463 теңгені құрады. Артынша, үкімет «халық қолдауды сезінсін» деп теңгелік депозиттердің мөлшерлемесін арттырды. Бірақ бұл әдістер халықты шынымен қиындықтан құтқаратын тәсіл ме?! Сарапшы Меруерт Молдабаеваның айтуынша, бізге қазіргідей, қиын кезеңде ең әуелі бюджетті сауатты жоспарлауға, қаржыны үнемдеуге басты назар аударған жөн.
– Ресей мен Украинадағы ахуалды, әлемдік экономиканың құбылып тұрғанын ескерсек, бізге бюджетті үнемдеу жобасын қайта қарастыру қажет. Бізде кейбір бағдарламалардың орындалуына қатысты күтпеген орынсыз, жайсыз жағдайлар орын алып жатады. Бұл бағдарламаның сапалы шегіне жетуіне кері әсер етеді. Сондықтан үкімет осындай жайттардың барлығын шешіп, қаражатты үнемдеп, барынша, түгендеп, жұмсау керек, — дейді сарапшы.
Отандық өндіріс бізді құтқара ма?
Негізінен, мамандардың айтуынша, нақ осы геосаяси ахуалдың салқыны бізге тимесін десек, біз мынаны ескеруіміз керек. Болашақта Қазақстан үшін ірі мұнай өндіретін зауыттардың маңынан шағын жанар-жағармай шығаратын зауыттар ашу, астық сақтайтын орындардың қасынан, ұн тартатын диірмен орындарын ашу, мал бордақылайтын орындардан тері-жүн өңдейтін цехтар ашу тиімді болар еді. Өкініштісі, бізде осы жағына мән берілмей отыр. Мамандардың пайымдауынша, егер біз болашақта ауыл шаруашылығын жандандыра алмасақ, агро өнімдер өндіруге, отандық ет-сүт өндірісіне жан бітіре алмасақ, онда біздің де экономикамыз шатқаяқтайды.
- Еуропа елдері қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін қатты қымбаттатып жіберді. Қазір арзан азық-түлік импорты деген әңгіме жоқ. Себебі Ресейге тауар тасымалдай алмай қалған бірқатар Еуропа елдері бізге және басқа елдерге енді арзан азық-түлік бермейді. Сондықтан әркім өз күнін өзі көретін заман туып келеді. Ал бұл арада біз отандық өндіріске ғана арқа сүйей аламыз. Демек, бізге шикізатты сыртқа шикі күйінше жібере бермей, ең соңғы дайын өнімге дейін өнім өндіру саласының дамуына күш салу керек. Ең сорақысы, басқа елге тауарын, өнімін сата алмаған Ресей бізге енді бағасын сәл төмендетіп, арзан өнімдерін тықпалай бастайды. Ресейден арзан импорттың келуі отандық өндірісті тұралатып жіберуі мүмкін. Халық жаппай, Ресейдің арзан өнімін сатып алады да, өзіміздің отандық өнім өтпей, сөреде қалады. Ал мұның арты отандық кәсіпорындардың жұмысын тұралатып жібереді, — дейді Меруерт Молдабаева.
Осылайша, мамандар қалыптасқан ахуалға байланысты үкіметке тез арада қазақстандық өндіріс орындарының, отандық өнім өндіруші кәсіпорындардың жұмысын жолға қою керегін баса айтып отыр. «Ол үшін, бірінші кезекте, кез келген ірілі-ұсақты өндіріс орындарын жаңғыртуға күш салсақ, біз еңсе тіктер едік». Қалай десек те, бізге қазір экономикамыздың нығайып, осы бір геосаяси жағдайдан халыққа қиындықты аса сездірмей шығуымыз керек-ақ. Ол үшін, әрине, бізді «Жаңа Қазақстанға апарамыз», деп жүрген үкімет ширақ қимылдап, «өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын» ұтымды шешімдер қабылдай алады, деп үміттенеміз. Ал ең бастысы, көрші елдерден арасына сызат түспей, арадағы ынтымақтастықтың нығайып, келісімге келгені маңызды-ақ...