Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:34, 09 Ақпан 2023

Ресей нанымызды жеп отыр...

None
None

Ақиқатын айтар болсақ, Еуразиялық одақ аясында Қазақстан әлі күнге дейін Кремльдің қолбаласы болып отырғаны белгілі.

Кедендік баж салығын (пошлина) бөлуде 2020 жылы қабылданған, қазіргі көрініске сай емес нормативтер жұмыс істеуде. Салықтың 85,06 пайызын Ресей алып отыр. Ал Қазақстанның үлесі бар-жоғы 6,95 пайыз. Ол санкциялардан кейін өзгерген Ресейдің импорттық картинасына мүлде сәйкес келмейді. Ал өз үлесінің, кем дегенде, екі есеге өсуін талап етуі тиіс Қазақстан әлі күнге дейін үнсіз отыр.

2015 жылы Евразиялық одақ пошлинасы бөлініске салынғанда, Қазақстанның үлесі 7,11% деп бекітілген-ді. 2019 жылы өзінде импортты көбейткен Беларусь бірден мәселе көтеріп, Қазақстан мен Ресей есебінен өзіне 0,7% қосып алды. Соның салдарынан, біздің үлес одан да төмендеп, 6,95 пайызға барып тоқтады. Экономистердің есебінше, біздің делегацияның сол кезде солқылдақтық танытқандығынан, мемлекеттік бюджетіміз 2020 жылы 4,6 миллиард теңге, 2021 жылы 4,9 миллиард теңге, 2022 жылы 5,2 миллиард теңге жоғалтқан. Өзгенің айтқанын тыңдаймыз деп өз аузымыздан жырып беруге мәжбүрміз.

Қазақстан 2022 жылдың қорытындысы бойынша осы квоталарды қайта қарауды көтеруі тиіс еді. Бірақ Ресей мен Беларусь біздің аузымызды жауып отыр. Ал Еуразиялық комиссияда Қазақстанның намысын қорғауы тиіс Бақытжан Сағынтаевтың ел үшін басы ауырмайтынын баяғыдан білеміз.

Ресей қазір ресми импортты санкцияға дейінгідей қабылдамайды. Оның импорт көлемі 2 есеге түскен. Керісінше, паралелльді импорт бойынша Қазақстан арқылы баратын тауарлары көбейген. Бірақ ол тауар ресми Қазақстанға кірді деп есептеледі. Сондықтан біздің қазіргі 6,95 пайыз үлесіміз Ресейдің есебінен 14%-ға көтерілуі тиіс.

Мысалы, 2021 жылы Ресейдің сыртқы сауда айналымы Ресей Банкінің мәліметі бойынша 798 миллиард АҚШ долларын құрады. Оның ішіндегі импорты 303,9 миллиард доллар болды. Ал 2022 жылы олар өз статистикасының барлығын жасырып тастады. Былтыр көктемде Ресей Федералдық кеден агенттігі сауда статистикасын жариялауды тоқтатты. Енді Ресейдің сыртқы сауда балансы туралы мәліметтерді тек көмекші көздерден алуға болады. Мысалы, БҰҰ Сауда деректер базасының мәліметтері бойынша, 2022 жылдың алғашқы 10 айында Ресейдің импорты 2021 жылмен салыстырғанда, 51,5%-ға төмендеген.

2022 жылы Еуразиялық одақ елдерінің ортақ импорты 350 миллиард долларды құрады. Осы кезеңде, Ресей импорты екі есеге құлдыраса, ол, шамамен, 150 миллиард доллар болуы тиіс. Сонда Ресейдің жалпы кедендік пошлинадағы үлесі ең көп дегенде, 45% ғана шығады. Естеріңізге салайық, қазір Ресей осы ортақ қазанның 85 пайызын иемденіп отыр. Бұл ретте, Қазақстан неге үндемейді деген сұрақ туындайды. Солтүстік көршіміз көзімізді бақырайтып қойып, біздің нанымызды ұялмай жеп отыр.

2022 жылы Қазақстан экономикасы 3,1 пайызға өсті. Қазір біздің жалпы ішкі өнім 225,2 миллиард долларға бағаланады. Бізге келетін импорт көлемі де артты. Былтыр Қазақстан мен ЕАЭО елдері арасындағы өзара сауда 2021 жылмен салыстырғанда, 7,1%-ға көтерілді. Қазақстан осы одақтың өзге елдеріне экспортты 22,3%-ға дейін ұлғайтты. Қазір Қазақстанның жалпы саудасында Еуразиялық одақ үлесі 25,7 пайызды құрайды.

Қазір Одақ бойынша жұмыс істеп тұрған импорттық пошлина үлесі бойынша Армения 1,22%, Беларусь 4,86%, Қазақстан 6,95%, Қырғызстан 1,9%, Ал Ресей 85,06% алады.

Тегтер: