16:22, 28 Ақпан 2019
Ресейде қазақ әдебиеті және мәдениетінің орталығы ашылды

Қазақстан әдебиеті мен мәдениетінің шетелдегі 30-шы орталығы ашылды. Қазақ әдебиеті мен мәдениетін дәріптейтін бұл орталық бұл жолы Ресей Федерациясына қарайтын Алтай Республикасының Горно-Алтайск қаласындағы М.
Шевалков атындағы ұлттық кітапханада жұмысын бастады. Аталмыш жоба бойынша кітапхана мен өзге де кітапқа қатысты заманауи қызмет көрсетудің тиімділігін арттыру, оңтайландыру мәселелеріне көп мән беріледі. Айта кетерлігі, қандай бастама болса да екі жақты келісіммен, тәжірибе алмасу түрінде атқарылады. Мәселен, кітапханалық және ақпараттық қызметтер, электронды ресурстар мен сандық кітапхананы дамыту, қолжазба құжаттарын сандықтау, ресурстармен алмастыру, әртүрлі дереккөздер мен мамандандырылған өзге де салаларды қалпына келтіру, сатып алу, каталогтау, сақтау және қалпына келтіру сияқты қызмет түрлері бойынша тәжірибелер жүргізіліп, жетілдіруге күш салады.Сондай-ақ, екі жақты әріптестік бойынша қолжазбаларды, баспа және әдеби емес ақпарат көздері мен жаңа басылымдардың қол жетімді материалдарын да ортақ пайдалану, яғни, кітапхана ресурстарының тізімін алмастыруға жағдай жасалады.Бұл халықаралық жобаның негізгі мақсаты — қазақ халқының тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрлерін, экономиканың қазіргі заманғы мемлекетінің жетістіктерін, саясатты, әлеуметтік саланы, классикалық және заманауи проза мен поэзияның әдеби байлығын насихаттау һәм дамыту болып табылады.М.Шевалков атындағы ұлттық кітапханада ашылған орталықта белгілі қазақ жазушыларының шығармашылығы мен өмірі және қазақ, орыс және ағылшын тілдеріне аударылған еңбектері қойылған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың қызметі туралы, оның халықаралық саяси аренадағы рөлі туралы баяндалады. Аталмыш кітапханаға осы және өзге де тақырыптардағы барлығы 200-ден астам кітап сыйға тартылды. Бұл кітаптар алтайлық һәм ресейлік оқырмандардың қызығушылығын тудырады және қазақ халқының мәдени құндылықтарына жақындатады деп сенуге болады.Жобаның бас ұйымдастырушысы және жетекшісі Қазақстанның Ұлттық академиялық кітапханасы. Кітапхана шет елдердің ұлттық кітапханаларында қазақ әдебиеті орталықтарының ашылуына арналған халықаралық жобаны 2016 жылдан бастап жүзеге асырып келеді. Қазір әлемнің 29 елінде осындай орталықтар жұмыс істеп тұр. Алыс-жақын шетелдердегі мұндай орталықтар – Корея, Қырғыз Республикасы, Финляндия, Мажарстан, Ресей Федерациясы, Армения, Малайзия, Түркия, Қытай Халық Республикасы, Грузия, Франция, Жапония, Швеция, Македония, Болгария, Чехия, Италия, АҚШ (Нью-Йорк көпшілік кітапханасы және Конгресс кітапханасы) Якутия республикасы, Чуваш Республикасы, Румыния, Иран, Аргентина, Бразилия, Удмуртия, Германия, Испания кітапханаларында ашылған, қазір толыққанды өз міндетін орындап тұр.Орталықтың ашылу салтанатына М.В.Шевалков атындағы Ұлттық кітапхананың директоры Светлана Штанкова, Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы директорының орынбасары Жансұлу Мұқатаева, Алтай Республикасы Ел Құрылтай Мемлекеттік жиналыс комитетінің өкілдері, студенттер және БАҚ өкілдері қатысты. Сондай-ақ, Ресейдегі Қазақ диаспорасы өкілдері де қатысқанын айта кеткен жөн.Фото: egemen.kz