Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:07, 22 Сәуір 2022

Ресейдегі жұмыссыздық Қазақстанға қауіпті ме?

None
None

Ресейдің қаржы омбудсмендері келер күзде Ресейді ауыр қиындықтар күтіп тұрғанын мәлімдеп жатыр.

Алдағы уақытта Ресей Батыспен және Украинамен ара қатынасын түземесе, биылғы жылы елді жұмыссыздық жайлап, Ресейдегі ірі-ірі компаниялар банкрот жариялауы мүмкін.Мұның салдарынан, Ресейде 3,7 млн адамға жұмыссыз қалу қаупі төніп тұр.

Тіпті, Ресейдегі тәуелсіз қаржы омбудсмені Михайл Разиннің айтуынша, жұмыссыздар саны 3,7 млннан да көп болуы ықтимал. Бұған қатысты қаржыгер: «әлеуметтанушылар бізге жуырда Ресейде 16 млн халықтың өте кедей тұратынын мәлім етті. Қазір ірі компаниялардың 23 пайыздан астамы  жұмысшыларын қысқартуды ойластырып отыр. Сонда олар әрбір төртінші адамды жұмыссыз қалдырмақ. 300-ге жуық компания осындай шешім қабылдап отыр. Болашақта Ресейде 3,7 млн адам жүмыссыз қалуы мүмкін», — дейді.

Ресей қаржыгерлерінің пайымдауынша, Орталық банк елдегі инфляция көлемін қанша жерден 5,5 пайыздан асырмаймыз дегенмен, қымбатшылық та ырыққа көнбей барады. Қымбатшылық, Батыс пен АҚШ-тың қысымы, сыртқы қарыздың өсімі, мұнай бағасының төмендеуі, экспортқа шектеу қою, импортты шамадан тыс енгізбеу, осылайша, Ресей компанияларының жұмысына шек келтіріп отыр. Мамандардың байыптауынша, Ресей компанияларына тарифтерді төлеу, сыртқы қарыздан құтылу, қымбат тауарды сатып алып, оны нарыққа өткізе алмау қаупі басым болып барады. Мұндай жағдайда «Ресейде тығырыққа тірелетін компаниялардың да саны өсе түседі», дейді мамандар.

Көрші елдің қаржыгерлері осылай даурығып жатқан тұста, біз – Ресейді жұмыссыздық жайласа, Қазақстанға қандай қауіп бар? деген сауалға жауап іздеп көрдік. Біздегі сала мамандарының пайымдауынша, бұл жағдай Ресейден Қазақстанға 1 млн мигранттың енуіне ықпал етуі әбден мүмкін. «Аналитик» талдау орталығының сарапшысы Марал Төртенованың айтуынша, Ресейдегі «Еңбек мигранттары» қоғамдық кеңесінің таратып отырған мәліметтеріне сүйенсек, Ресейден 2,5 млн мигрант еңбек нарығын тастап, қашқалы отыр.

«Қазір Ресейдегі мигранттардың жалпы саны 11 млнға жеткен. Егер елді жұмыссыздық жайлап, жағдай осылай жалғаса берсе, олардың жұмыссыз қалғандары Қазақстанды сағалауы әбден мүмкін. Осыған байланысты елімізге енетін мигранттардың да көлемі күрт арта түсуі ғажап еме», дейді сарапшы Марал Төртенова.

Мамандар алға тартып отырғандай, мигранттардан бөлек, енді  Ресейден  білікті мамандар да Қазақстанға келе бастайды. Себебі Ресей экономикасының  жағдайы қазір тым ауыр. Ол елде нан табу, табыс табу олар үшін үлкен проблемаға айналды. Бұл екі арада Қазақстанның түрлі құрылыс секторларын сала бастайтынын білетін ресейліктер заңды-заңсыз жолмен бізге ене бастайды.

«Сондықтан елімізге енетін мигранттардың, ресейлік мамандардың  тым еркінсіп кетпеуі үшін үкімет тарапынан оларға арнайы міндеттемелер жүктеудің артықтығы жоғы даусыз. Бұл ретте, заң аясында талап қоя білу, міндет арту бұл ұлттық қауіпсіздігімізге де, тыныштығымызға да сызат түспеуі үшін керек дүние. Ендеше, біз үшін болашақта заңды қатайту — өзекті бола түспек», –  дейді Марал Төртенова.

Ал енді, мамандар болжап отырған бұл жайтты біздің үкімет сезініп отыр ма, әлде жоқ па, ол жағы белгісіз. Белгілісі, Қазақстанның «қонақжайлығын», заңымыздың жұмсақтығын пайдаланғысы келгендер үнемі елімізге келіп, емін еркін жүре алады.

Тақырыпқа тұздық…

  Сырттан келетіндерге талапты күшейту керек…

Күні кеше, министрдің мансабына қайта тағайындалған су жаңа еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова «қазақстандықтар үшін келешекте жұмыс табу қиын болатынын» мәлімдеді.

Бұған қатысты министр: «Жұмыс күшіне енетін жастар санының айтарлықтай өсуі – 2030 жылға дейінгі еңбек нарығының негізгі сын-қатері болатыны сөзсіз. Олай дейтініміз – 2000 жылдан кейінгі немесе демографиялық қолайлы жағдайда дүниеге келген тұлғалар еңбекке жарамды жасқа жете бастады. Сарапшылардың есебіне сәйкес, 2030 жылға қарай еліміздегі жұмыс күшінің 74 пайызын миллениалдар мен Z ұрпақтары құрайтын болады», – дейді.

   Бұл арада министрдің миллениалдар деп тұрғаны озық ойлы, орта буын өкілдері болса, Z ұрпақтары деген цифрландыруды меңгерген, технологияның тілін біліп туған мамандар. Біздің министрлер еліміздегі адам капиталын Х ұрпақтары «икс» – 1963 жылдан 1983 жылға дейін туған адамдар. Олар ұзақ жылдар бойы бір салада қызмет атқарып, бірте-бірте мансап жолында биік дәрежеге жетеді. У ұрпағы «игрек» – 1983 жылдан 2000 жылға дейінгі аралықта туған адамдар. Олардың мақсатқа жету мен жетістік туралы түсінігі өзгеше, көп жағдайда кәсіби өсуін төменгі деңгейден бастауды ұнатпайды. Z  ұрпағы – 2000 жылдан кейін туылған, технологияның тілін меңгерген бүгінгінің жастары, деп тізбектеуге тым құштар. Бұдан бөлек, мемлекеттік саяси әкімшілік қызметтегі жұмыс тобын «А» корпусындағылар мен «Б» корпусындағылар деп те жіктеп жатады. Алайда білікті ұлттық жұмысшы табын қалыптастыру жағына келгенде, біз кеуде керіп, мақтана алмаймыз. Себебі елде бірқатар салада біліктілігі төмен мамандардың жетіп артылатыны жасырын емес. Тіпті, басқарушы «А» корпусындағылардың өзінің біліктілігі кейде күмән тудырады. Күні ертең Ресейден келген мамандар осылардың орнын басып, басқарушы органға барып жатса да таңғалмаймыз. Себебі қазірдің өзінде Қазақстанда шетелдік мамандардың беделі жоғары. Елдегі шетелдік мамандардың айлық табысы отандық жұмысшы табына қарағанда, бес есе көп.

Негізінде, болашақта елде жұмыссыздардың саны артып, «екі қолға бір күрек» таба алмай жүргендердің қатары көбеймесін десе, үкімет шеттен келетін жұмыс күшіне белгілі бір талаптарды төтесінен қоя алуы керек. Заңды күшейту қажет. Бұл – біздің ұлттық қауіпсіздігіміз үшін де, бейбіт тыныштығымыз үшін де маңызды болмақ…  

Тегтер: