Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
03:14, 17 Қыркүйек 2020

Ресейдің доллардан арылуға асығуы нені аңғартады?

None
None

      Ресейдің ірі корпорация жетекшілері алдағы үш жыл ішінде бизнесті дөңгелету үшін доллардан арылу қажеттігін айтып отыр.

Көрші елдің  «Газпром», «Русгидро» сияқты мемлекеттік корпорациялары қазірден бастап облигациялармен қамтамасыз етілетін қаржылық қорын евроға ауыстыра бастаған. Осылайша ресейлік ірі компаниялар АҚШ-тың көк қағазынан біртіндеп бас тартып жатыр. Бұған қоса, Ресей алтын-валюта қорына да доллардан гөрі алтын жинап жатқаны бізге белгілі.  Ал біз бұдан нені аңғарамыз? Ресейдің экономист-сарапшылары айтып жүргендей, алдағы үш жылда көрші елде дедолларизация қарқын ала ма? Экономикасы серіктес ел болғандықтан, мұндайда Қазақстан қандай қадам жасауы керек?

  

       Тек «Газпром» мен «Русгидро» ғана емес, Ресейдің «Альфабанк», «Россельхозбанк», азық-түлік желісіндегі ірі өндірушілер саналатын «Пятерочка», «Карусель», «Перекресток» секілді мемлекеттік компаниялары мен қаржы институттары бүгінде доллармен төлем жасауды қысқартқан. Аталмыш компаниялар белсенді түрде рубль мен евро жұбын қолдана бастады. Сарапшылардың пайымдауынша, мұндай әрекетті Ресейдің қаржы министрлігі де қолдап отыр.

       Халықаралық қаржы орталығының сарапшысы Сергей Романовтың айтуынша, 2018 жылы Ресейдің алтын-валюта қоры алтын құймаларымен күрт толыққан. Бірақ бұған қатысты біздің отандық мамандарымыз көрші елдің едел-жедел доллардан арылуға қадам жасауы экономикаға үлкен қауіп төндіреді, әсіресе Еуразия экономика одағы аясына біріккен елдер үшін мұның кері ықпалы да бар екенін алға тартады. 

    – Соңғы үш жылда көрші ел алтын-валюта қорына алтын жинауды үдетті. Мысалы, 2018 жылдың маусым айында қордағы алтын көлемі 1281 тонна болса, қазір 1857 тоннаға артты. Ресейдің болашақта алтынға артып отырған үміті мол. Біздің елімізде де 2018 жылдан бастап жекелеген тұлғаларға алтын құймаларды сату жүйесі тетікке қосылды. Бұл бағдарлама бізде Алматы, Астана, Атырау, Өскемен қалаларында жүзеге асырыла бастады. Жалпы, жаһандық көзқараспен қарайтын болсақ, алтынға  инвесторлар тарапынан да, әлемнің орталық банктерінен де сұраныс жоғары. Демек, келешекте алтынның беделі арта түсуі әбден мүмкін.

        Бірақ Ресейдің «алдағы үш жыл ішінде доллардан арыламыз» деуі ақылға сыймайды. Еуразиялық одақ аясында бірыңғай валюта енгізу – көрші елдің арманы. Бірақ бұған едел-жедел ену экономикаға қауіпті. Ресей қазір соған асығып барады. Өйткені алтын-валюта қорына көптеп алтын жинай бастауы осыны аңғартады, – дейді экономист-сарапшы Меруерт Молдабаева.

      Мамандардың пайымынша, болашақта, расымен де, Еуразия экономика одағы аясында бірыңғай төлем жүйесіне ену қажеттігі туындайды. Бірақ бұл асығыстық танытатын нәрсе емес.

                                             Не істеу керек?

      Алпауыт АҚШ елінің көк қағазынан бас тарту, әрине, оңай емес. Бірақ макроэкономиканың өзі біртіндеп осыған әкеледі. Сарапшылар біздің Ұлттық қорымыздың басым бөлігін доллармен сақтап отырғанымызды, мұндайдан болашақта «қашу» керегін алға тартып отыр. Бұл ретте, «Аналитик» талдау орталығының қаржыгері  Анна Еремова бірінші кезекте Қытаймен, Еуроодақпен, Ресеймен импорт, экспорт төлем қатынасында сол елдердің валютасын және теңгені пайдалануға көше бастау керегін баса айтты. Сондай-ақ, маманның айтуынша, келешекте алтынның да төлем құралына айналу мүмкіндігі зор.  

    – Ендеше, біз енді қолданысқа енгізе бастаған алтын құймаларды жекелеген тұлғаларға сату бағдарламасы тереңдетуді, дамытуды қажет етеді. Сондықтан бұл жобаны халыққа тиімді етіп, жетілдірген дұрыс. Ал ішкі нарықта теңге құнын арттыру мақсатында қымбат көліктерді, жылжымайтын мүліктерді бағалау кезінде алтынмен немесе теңгемен бағалауды қолға алға жөн. Біз үнемі макроэкономиканы құлдыратпаймыз деп, ұлттық валютаның құнын түсіре береміз. Негізі, бұлай болмайды. Қазір Ресей де және басқа әлем елдері де төл валюталарының құнын өсіру үшін долларды ығыстыра бастады. Бұл ерте ме, кеш пе, болатын дүние. Сондықтан осы көшке сауатты ілесу үшін бізге де  алға жылжу керек. Бірақ асығыстық танытпай, нақты әрі ұтымды шешімдер қабылдау қажет, – дейді қаржыгер маман.  

Тегтер: