Ресейдің Қазақстанға күйі келмейді...
«Мен Ресейдің болашағына үлкен үреймен қараймын. Түбі Ресейдің жан-жағы түгел дау, түгел жау болады.
Өйткені бұл бағыттағы мәселелер шешілмеді, шешілетін түрі де байқалмайды. Ресейді алда Украинамен, сосын, Қазақстанмен үлкен, ауыр соғыстар күтіп тұр», деген еді 2007 жылы ресейлік тарихшы, режиссер Александр Сокуров.
Орыстың есі дұрысы, орыс ұлтының ұяты саналатын бұл кісі күні кеше тағы бір сұхбат беріп, терең толғанысқа түсті. Былай дейді ол:
– Біз, Ресей, еуропалық өркениет, христиандық өркениет ретінде көп нәрседен құр қалдық, талай дүниемізден айырылып қалдық. 80 жылдай түк көрмедік. Бірақ ол аздай, демократиялық қоғамның көзге көрінбейтін маңызды бір элементтерінің дамуына сол күйі жол бермедік. Жалпы, даму деген болған жоқ бізде. Меніңше, ХІХ ғасырда қалыптасқан саяси қарым-қатынас құрудың, үкімет құру, білім беру мен ағарту жүйесін жүзеге асырудың партиялық принципі ендігі түкке жарамсыз. Біздің мемлекеттігіміз, режиміміз өте ескірген, неше түрлі жаман кеселдерді әбден жұқтырған. Николай кезеңінен Романов кезеңіне жұқты, одан советтік кезеңге жұқты, қазіргі Ресей мемлекеті мен Ресей халқына да жұққан ол. Бұл өте күрделі мәселе. Сол себепті біздің саясаткерлер озық елдермен ортақ келісімге, ымыраға келе алмайды. Біздің көптеген принциптеріміз ескі, жабайы. Ресей эволюция жолына түсуі керек, бірақ елдің билігі мұндайды мүлдем қаламайды. Құқық қорғау органдарымыз құқық қорғамайды, олар тек басып-жаншу органдары болды. Путинге екі рет ұсыныс жасадым, ойланайық, Ресейді қалай жаңартуымыз керектігі туралы ой тастадым. Одан үн жоқ. Ресей өзінің қазіргі параметрлерімен ары қарай өмір сүре алмайды. Қазіргі Украин жеріндегі соғысымыз Ресейдің түбіне жетеді. Біз 1917-ші жылы әлемді бөліске салдық, қазір де ешқандай ақыл-ойға сыймайтын сұмдық нәрсе жасап жатырмыз. Жалпы, артқа шегінуге болмайтын жағдайға тап болу – үлкен қасірет. Бірнеше қадамға артқа шегініп, сәл ойлансақ қой. Құдай-ау, біз оңбай қателесіппіз, кешіріңдерші, біз енді басқа жолмен жүрейік, дейтін мүмкіндік те жоқ. Кешегі советтік коммунистік Ресейдің режимі мәдениетке, христиан мәдениетіне жасалған аса ауыр соққы болды. Ал мына соғысымыз – орыс үшін өлім.
Біз көбіне, сенімсіз адамбыз, сатып кететін доспыз. Бізге сақ болу керек, артымызда Мәскеу емес, солтүстік мұзды мұхит тұр. Түк жоқ артымызда, қысқасы. Ең сұмдық шындығымыз, елдің екі-ақ одақтасы бар, ол армия мен флот. Осындай тығырыққа тірелген идеологема. Армиямыз жеңіліп жатыр, мемлекет те жеңіліп барады. Біз Сталин кезеңінен сабақ алмағанымыз, халық ретінде ештеңе түймегеніміз, түсінбегеніміз үшін сазайымызды тартып жатырмыз. Православиенің шіркеуі де түсінбеді, ұқпады. Монахтарды қырғанымызды кешірді шіркеу. Солженицын бәрін жазды. Біз нағыз трансформация жүргізбесек, Ресей мемлекет ретінде жойыламыз ендігі. Ыдыраймыз. Әрі ол да заңдылық болады. Халықтың көпшілігі оған таңғалмайды да, өкінбейді де.
Ресей әскерінің бөтен елде соғысқа қатысуына рұқсат беретін шешімді қолдап, шеруге шыққан мыңдаған ресейлікті көрдім. Оның үштен екісі әйелдер мен жастар. Соларға қарап, ойладым, сонда сен күйеуім өлсе, өле берсін, бауырым, балам, атам өле берсін, әлі тумаған балам тумай-ақ қойсын дейсің бе?
Орыс пен украин – екі бөлек халық. Бір-бірінен табиғаты бөлек. Мотивациясы, мәдениеті, темпераменті басқа. Бірақ Ресейдің саяси деградацияға ұшырағаны 2007 жылға дейін-ақ байқала бастады. Орыс адамы мемлекетке сенуден қалып барады. Маған Ресей мемлекеті керек, бірақ ол мықты, әділ, ең бастысы, тек шыншыл мемлекет болса деймін. Путин күндердің күні өзінің оңбай қателескенін түсінгенде, оның қандай сезімде болатынын көз алдыма елестете алмаймын. Ол өз принципі мен өз мотивінен басқаны қабылдай алмайды. Ресей әбден артта қалды. Біз енді ілесе алмаймыз. Қанша жанталасып жүгірсең де, өзеннің ағысынан оза алмайсың ғой. Сайлау кезінде саяси құндылықтан гуманитарлық құндылықты жоғары қоятындарға дауыс беріңдер дедім. Оппозициялық партияларға осы ақылымды талай айттым, бірақ бұл тезисті ешкім қабылдамады. Гуманитарлық прициптен ажырау – апатқа әкеп соғады.
Ресейдің Қазақстанмен арадағы мәселелері шешілмеді, оның ішінде, ұлттық мәселе де бар. Бірақ Қазақстанмен соғыста Ресей анық құриды. Мына Украинамен бірдеңе етіп, амал тапса, Қазақстанмен соғыста дүлей күштер қарсы шығып, олармен алысуға менің елімнің күйі келмейді. Біз өз амбициямызға сай емес едік. АҚШ-тың планетарлық амбициялары – өз өнеркәсібін, индустриясын, мәдениеті мен білімін, өнерін дамыту. Олардың күші басқа, ол бұқара мәдениетінің күші. Американың солдаты барған жерінде міндетті түрде бөтен, немесе жау саналмайды. Өйткені елдер мен халықтар адамның осы архетипін, осы мінезі мен моделін қабылдағысы келеді, сондай болғысы келеді. Бірақ Ресейдің бюрократиялық саяси жүйесінде дамудың ондай жолы қарастырылмаған. Еркін, цензурасыз, ақылмен, әділ тіршілік біздікі емес. Бізде ақша игеру бар да, даму жоқ, – дейді ресейлік режиссер.